ТЕМІР ЖОНУШЫ

Бұл  кәсіп  қазақ  қызы  Майра  Аманованың  
сүйікті  ісіне  айналды

Әдетте темір-терсектің айналасындағы кәсіптерді ер-азаматтар ғана меңгереді деген түсінік бар. Алайда, жігіттерге ғана тән кәсіп қазақ қыздарының қолынан келмейді деп кім айта алар? Бұған нақты дәлел ретінде Майра Аманованың темір жонушы мамандығын меңгергенін айта аламыз. Нәзік жанды замандасымыз «Жылыоймұнайгаз» басқармасына қарасты өндірістік құралдарды жөндеу және пайдалану цехында  25 жылдан бері абыройлы еңбек етіп келеді.

 – Мектепте оқып жүргенімізде бізді өндірістік-оқу комбинатына апарушы еді, –деп еске алады Майра өзі таңдаған мамандыққа қызығушылығына шегініс жасап. – Сонда станок жанында тұрған ағаларымыздың қолынан шиыршықталып жерге түсіп жататын темір жаңқаларына таңдана қараушы едік. Бірақ, келешекте дәл осы темір жону менің де сүйікті кәсібіме айналады деп ойламаппын. Кенеттен әкем өмірден өтіп, жоғары оқу орнына баруға мүмкіндік бола қоймады. Бізді өмірге әкелген аяулы анаға қарайласу үшін мектепке жұмысқа орналастым. Кейін Атырау қаласындағы кәсіптік-техникалық училищеден темір жонушы мамандығын меңгеріп шықтым…

Бір қызығы, Майрадан бұрын осы кәсіпті інісі Берік меңгеріп алыпты. Бұл да Майраның темір жонушы болуына ықпал еткен секілді. Қазір екеуі де бір цехта жұмыс жасайды. Майрамен бірге осы цехта темір жонушылықты меңгерген және бір құрбысы бар. Ол – Айгүл Ермағанбетова. «Айгүл бұл цехқа менен үш жыл бұрын келген» деп Майра жұмыстас құрбысы туралы әңгімелегенді ұнататынын байқатып қалды. Айгүл құрбысы және өзге де әріптестерімен бірге күн сайын ертелетіп темірден түйін түю үшін цехқа асығады. Бастапқыда әсіресе, нәзікжандыларға бұл кәсіпті игеру оңай тимегені рас. Цехта ұзақ жыл жұмыс жасаған алдыңғы толқыннан көп үйренді. Қазір өзгелер секілді Майраның да тәжірибесі жетілді. 

– Бұл тез машықтана қоятындай кәсіп емес,-дейді темір жонушы Майра Аманова. – Әлдебір темірдің бұрандасын шығару өте дәлдікті, сонымен бірге, жауапкершілікті қажет етеді. Жонатын тұстан сәл қиыс кетіп, болмашы ғана қателік жіберсең, соның өзі жасаған жұмысыңды жоққа шығаратыны әрдайым есте тұруы керек. Оның үстіне ұжымның абыройын түсірмеген жөн. Сол себептен, күн сайынғы жұмысымда қателікке ұрынбауға, ең бастысы, өзім еңбек ететін ұжымымның абыройын асқақтату  ойымда тұрады.

Өз ісін үнемі жауапкершілікпен атқаратын Майра Аманова – ұжымдағы ең абыройлы темір жонушының бірі. Станок жанында тапжылмай тұрып, күніне бірнеше бұрандалар мен біліктер секілді тапсырыстарды сапалы  орындауға дағдыланған. Оның нәзік болса да алтынға бергісіз саусақтарымен жасалған тапсырыстар сапасына еш сын айтылған емес.  Сын айтылмақ түгілі, күмән да келтірілмейді. Өйткені, Майра Аманова өз ісінің шебері атанды. 

– Бастапқыда менің бұл темір жонушы болғаныма таңдана қарағандар көп еді. Тіпті, «бұл сенің кәсібің емес, сен нәзік жандысың ғой. Мұндай жұмысты ер-азаматтар атқаруы керек»  деп мені райымнан қайтарғысы келетіндер табылды, – дейді Майра Аманова тершіген маңдайын сұқ саусағының сыртымен сүртіп жіберіп. – Бірақ, әркім өзінің жүрегі қалаған ісімен айналысуы қажеттігін ұғындым. Көңілім осы кәсіпке бұрылды да тұрды. Станоктың дыбысынан маған қанат біткендей болады… Шүкір, өзім қалаған кәсіптен үлкен абыройға бөленіп жүрмін. Еңбегімнің жемісін де көріп келемін. 

Майраның станокта темір жонып тұрған сәтіне куә болғанымыз бар. Бір кездері өзінің бала көңілінде жатталып қалғандай, зырылдаған станокта темір біліктерді жонып тұрған Майраның жанындағы жәшікте шиыршықталған темір жаңқалары жинақталып жатыр. Көздің жауын алардай әдемі  дүниелерді әлсін-әлсін өлшейді. Әп-сәтте бір-бірінен  аумай қалған темір біліктерді Майраның нәзік саусақтарымен   жасалды дегенге сенгің келмейді. Өзіміз куә болған соң, темір жонушы Майра Аманованың да өз ісінің хас шебері атана бастағанына еріксіз иландық.  

Ол – тек шебер темір жонушы ғана емес, өзі еңбек ететін ұжымның намысын спорттық сайыстарда абыройлы қорғап жүрген шебер волейболшы. «Бесінші сыныптан бері спорттың осы түріне қызықтым. Волейболды әлі ойнап келемін» дейді спортты жанына серік еткен замандасымыз. Жеке дауыста әнді керемет шырқайды. Майра жеке дауыста ән шырқағанда, оны өзімен жұмыстас Айгүл мен өзге цехтағы қос құрбысы гитарамен қостап тұрады. Сонымен бірге, өмірлік серігі Сиражан Мұхамбединов екеуі – төрт бала тәрбиелеп отырған үлгілі отбасының иелері. Балаларының үлкені Жалғас Атыраудағы мұнай және газ институтын бітірген жоғары білімді маман екен. Алайда, ұлының жеке компанияда атқарған жұмысынан қысқарып қалып, жұмыссыз жүргені жанына бататынын ашып айтпаса да, аңғарылып тұрғанын жасырғымыз келмеді. Адал еңбегімен абыройға бөленіп жүрген Майра да ана ғой, ал ананың бәрі балаларының жоғары білім алғанын, жұмысқа орналасқанын қаламайды дейсіз бе?! 

Жолдасбек 
КӨШЕРБАЙҰЛЫ.
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз