Атыраулық Зинел Каиров әкім портфелін полиция формасына ауыстырды

img 20210112 wa0002 Жаңалықтар

«Зинел Каиров бала күнгі арманын орындау үшін осыдан екі жыл бұрын ауыл әкімі лауазымынан бас тартқан» деп хабарлайды Atr.kz

Қазіргі уақытта ол – Атырау қаласы полиция басқармасы Жергілікті полиция қызметі басқармасында учаскелік полиция инспекторы болып еңбек етіп жүр.

Үйінен таңда шығып, түн ортасында оралатын Зинел ел іші мәселесіз болмайтынын айтады.

«Ұрлық, төбелес, ішімдік ішу және тағы да басқа сан түрлі қылмыс пен келеңсіздіктің алдын алу оңай шаруа емес. Әрине, полицейдің міндеті – қоғамдық тәртіпті қадағалау, қылмысты мейлінше болдырмау, оның алдын алу. Бүгінде ауыл жастарының тәртібі жақсы. Түнде көшеде жүрген балаларды көріп қалсақ, олардың ата-аналарына да, өздеріне де ескерту жасаймыз. Себебі, баланың болашағы бүгінімен тікелей байланысты» дейді полиция аға лейтенанты Зинел Каиров.

img 20210112 wa0000

Еңбек жолын Мақат ауданындағы ​ Х.Санбаев атындағы орта​ мектепте тарих пәнінің мұғалімі болып бастаған Зинел Каиров біраз жыл Мақат ауданы Бәйгетөбе ауылдық округінде әкім болып қызмет еткен.

Бала күнінен құқық қорғау саласына қызығушылық танытып, осы сала маманы болуды армандаған Зинел осыдан екі жыл бұрын әкім портфелін полицей формасына ауыстырды.

«Қазіргі кезде аға лейтенант Зинел Каиров Атырау ауылдық округіне қарасты Жаңаталап ауылының тәртібі мен тыныштығын күзетіп жүр. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді өзінің азаматтық борышы санаған полицей жемісті жұмыс атқаруда» дейді Атырау облысы полиция департаменті баспасөз қызметі жетекшісі Мейірім Ердәулет.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз