Жарнама
Қоғам

ТОҒЫСҚАН ТАҒДЫРЛАР

 

Орыс  қызының  бағы

Ол кезде ұзын бойлы, сымдай тартылған жас жігіт Жарылғастың әскерден келген шағы еді. Жұмыстан келген соң, кешкілік қалалық саябаққа барады. Басы бос. Айнала толған қыз-қырқын, бірінен бірі әдемі, бірінен бірі сұлу. Сөйтіп жүргенде оның көзі шетте тұрған орыс қызына түседі. Орыс деген аты болмаса, қыздың қасы мен көзі, тіпті шашы да қоңырқай көрінді оған. Бар күшін жиып алып, қасына таянды. Биге шақырды, танысты…

 Осылайша екі жас бірін-бірі шын ұнатып қалады. Жігіт өзінің таңдауы турасында ата-анасына айтқанда, шыны керек, олар кәдімгідей абдырады. Ұлдарына «мұның не, қазақ қызына үйлен!» деді. Бірақ, алған бетінен қайтпаған жас жігіт «сол қызға үйленбесем, үйден кетемін!» деп қырсықты. Не істесін, адам өз қолын өзі кесе ме, ақыры келісімдерін беріп, дүркіретіп тойын өткізді…

 Иә, ол жетпісінші жылдардың ортасы болатын. Екеуі шаңырақ көтеріп, ширек ғасырдай отасты. Қос ұлды ержеткізді. Үйлендірді. Немере сүйді. «Мен қазақтың шаңырағына келін болып түскеніме еш өкінбеймін. Осында келіп мен ағайын, туыс, бауыр дегеннің қандай болатынын білдім. Өмірлік қосағым өмірден ертерек өтіп кетсе де, мені және менің ұлдарымды Мәтжановтар әулеті естерінен шығармайды, қашан да қолдап, қолпаштап отырады. Ұлдарым – қазақ, олай болса, мен де қазаққа бөтен емеспін, туған келіндерімін ғой!» — дейді Александра Любина ағынан жарыла.

Жігіттің  бәрі Жалғастай  болса…

Тоқсаныншы жылдардағы экономикамыздың қиын кезі болатын. Вокзал маңындағы базарларда шет жақтардан келіп сауда жасаушы қыз-келіншектерде есеп жоқ. Сондай қыздың бірімен Жалғас бауырымыз да таныса кетеді. Сөйтсе, ол Базаргүл есімді қарақалпақтың қызы болып шығады. Құжаты мен ұлты ғана басқа демесең, оның кескін-келбеті өзімізге ұқсас, тілі де қазақша екен.

Не керек, бұл екі жас та шаңырақ көтереді. Әр ұлттың, әр өңірдің өздеріне тән салт-дәстүрі болады дегендей, қарақалпақтардың да бұл тұрғыда өз ұстанымдары, жөн-жоралғылары бар екен. Алдабергеновтер шаңырағы қыз жақтың «қалың малы» мен «ана сүтінің ақысын» өтеп, жақсы жекжат-жұрағат болады. Қазақстан мен Қарақалпақстан арасын жол етеді…

Екі жастың шаңырақ көтерген кезі елдің жаппай базарға шыққан тұсымен сәйкес келгендіктен бұл екеуі де күнелтіс көзі – базар деп шешеді. Кезектесіп базар шығып, содан нәпақаларын табады. Тұрмыстарын түзеп, үлкен үй салады. Аула ішін гүл мен жеміс ағаштарына толтырады. Қазіргі күні Жалғас пен Базаргүлдің тұңғыштары Данияр студент, бұйырса жас маман атанады. Анасы Базаргүл Шамшетдинова болса жатса-тұрса ұлына «қазақтың қызына үйлен» деумен жүр. Базаргүл өзінің қазақтың жігітіне тұрмысқа шыққанына риза екен. Әңгіме арасында: «Жігіт болса, Жалғастай болсын. Өзі сондай еңбекқор, салауатты өмір салтын ұстанған!» —  дейді.

Бір  туған бауырлардай…

Өзінің алдағы өмірін қазақтың жігітімен байланыстырған қыздың бірі – Айгүл Менкиджанова. Ол – 1987 жылы Қалмақ Республикасының Элиста қаласында дүниеге келген, отбасындағы үш баланың үлкені. Ата-анасы Мира мен Олег Менкиджановтар осылайша қазақпен құдандалы болды. Айгүлге Асылбектің биік адамгершілік қасиеті, кеңпейілділігі мен кісілігі ұнаған. Бүгінде ерлі-зайыптылардың ортасында бес жасар Санжар мен жастан асқан Санжана есімді балалар өсіп келеді.

 — Бұл шаңырақта менен басқа Аида Жолошева деген қырғыз келін де бар. Бәрімізге Роза енеміз бас болып, үй шаруасын, қонақ күтуді үйретеді. Балаларымыз туған тілдерін ұмытпасын, тереңдетіп біле берсін деген оймен оларды балабақшаның қазақ топтарына ғана берудеміз. Жалпы қазақтар мен қалмақтардың, қырғыздардың кескін-келбеттері бір-біріне ұқсайды ғой. Ұлттық тағам дайындауда да елеулі айырмашылықтарды көрмейміз. Мен өзімнің қазақ жігітіне күйеуге шыққаныма тіпті де өкінбеймін. Барымша келген жерімнің бабын тауып, қазақтың келісті келіні болуға тырысудамын, — дейді қалмақ қызы Айгүл.

«Қарға тамырлы қазақ сұрастыра келе қарын бөле шығады» демекші, қалмақ қызымен әңгімелесіп отырып, біз оның облысымызға танымал педагогтар, ғылым-білім саласының ардагерлері – Серік Дәулетияров пен Жұмазия Қаратасованың немере келіні екенін білдік. Қазаққа келін болуды өздеріне зор бақыт санаған өзге ұлттың қыздары келген жерлері жайлы осындай жылы лебіз білдіріп жатса, бағымыздың асқаны емей немене?!

Лиза СЕЙТІМОВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button