Жарнама
Қоғам

Терминология алдында үлкен міндет тұр

Латын әліпбиіне көшу барысында аса мұқияттылық танытатын мәселенің бірі – шет тілдерінен енген терминдердің жазылуы. Жаңа әліпбиге көшу жөнінде шешім қабылданған қазіргі кезеңде де терминдерді жазудың ережелерін жасау мәселесі күн тәртібіне қойылып отыр.

Рухани жангыру

Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарының бас кезіндегі қазақ оқығандары өзге тілден қабылданған терминдерді, жалпы қолданыстағы сөздерді «жат сөздер», «кірме сөздер», «бұратана сөздер», «бөгде сөздер», «қотыр сөздер», «бұралқы сөздер», «бөтен сөздер» деп атап, бұл сөздердің тілімізге көптеп кіруін тілімізді шұбарлау ретінде қабылдады.

Тәуелсіздік тұсындағы терминология дамуының жаңа кезеңінде термин, терминология мәселелері қарқынды зерттеліп, терминжасам үрдісі, термин шығармашылығы алдыңғы кезеңмен салыстырғанда едәуір жанданғанымен, шет тілдерінен термин қабылдау тәртібі берік орнығып, оларды тіліміздің дыбыстық жүйесіне икемдеп жазудың нақты емле ережелері жасалып, ресми қолданысқа ене қоймады. Алаштық қағидат пен кеңестік қағидаттар қатар қолданылғандықтан, бір жағынан шет тілдері сөздері бұрынғы жолмен орыс тілі орфографиясы бойынша қабылданып жатса, екінші жағынан аз да болса тілге икемделіп жазылған терминдер мен жаңадан жасалған терминдер қолданысқа енді.

Және шет тілдерінен қабылданған терминдер мен атаулардың басым бөлігі бұрынғысынша, орыс тілінің емлесіне сәйкестендірілген қалпында қабылданып жатыр. Кейінгі жылдары тілімізге енген немесе қолданылу белсенділігі артқан мына төмендегі атаулар соған мысал бола алады: автобан, аниматор, антиэйджинг, аэробот, бипатрид, блогер, блогбастер, брэнд, гаджет, гастербайтер, медиация, модератор, ноу-хау, паркомат, пиротехника, прайм-тайм, спам, тренд, хакер, хоспис, флешмоб, франчайзинг, шопинг.

Отызыншы жылдардың орта шенінен бастап тоқсаныншы жылдардың басына дейінгі алпыс жылдай мерзімде екі-үш ұрпақ кірме сөздерді орыс орфографиясы бойынша жазуға, айтуға дағдыланды. Мұндай сөздерге олардың көз-құлағы үйренді, санасына сіңді. Сондықтан да, оларды жатсынбайтын, ондай кірме сөздерді өзгертуді қаламайтын, басқаша айтылып-жазылуына қарсы қауым қалыптасты.

Жаңа әліпбиде «в», «х», «ф» әріптерінің қалдырылуы, бекітілуге ұсынылған әліпби нұсқасының айналдырған екі-үш ай ішінде қайта-қайта өзгертілуі, сөйтіп, соған дейін ұсынылған диграфты әліпби мен ноқаты көп диакритикалы әліпби акутты қазіргі әліпбимен алмастырылды. Ертең шет тілі терминдерін тілге қабылдау қағидаттары мен олардың емле ережелерін бекітуде де әлеуметтік фактордың ықпалы, қысымы болмайды деп ешкім айта алмайды. Тіл мамандарынан құрылған жұмыс топтары олардан жоғары тұрған ұлттық комиссияның қарсылықтарын еңсеріп, таза лингвистикалық заңдылықтарға негізделген емле ережелерін жасап, бекітуі айтуға оңай болғанымен, іс жүзінде солай болмайтынын болжау қиынға соқпайды.

Қазір тіл мамандарының арасында пікірталастар өрбіп жатыр. Бұл – дұрыс үрдіс. Ең бастысы, нақты бір ғылыми тұжырымға, ортақ пікірге келе білу. Тек шет тілінен енген сөздерді ғана емес, и, у дауыссыздары бар төл сөздеріміз бен терминдерді жазу мен ерін үндестігін сақтау төңірегінде де тіл мамандары ортақ пікірге келе қойған жоқ. Үндестікті сақтап жазу мен латын әліпбиімен де қазіргі емле ережеміздегідей жазу жайындағы пікірталастар соны көрсетеді. Көпшілік мамандар екінші үшінші буындарда ерін үндестігін сақтау қажет деп санайды. Керісінше, бұл пікірге қосылмайтын мүлдем айрықша көзқарас та байқалады. Сондықтан, мәселенің мәніне тереңірек үңіле отырып, бұл тұжырымды елеусіз қалдырмай, оның анық-қанығын, дұрыс-бұрыстығын анықтаған абзал.

Қолданысқа ұсынылып отырған латын графикасына негізделген жаңа әліпбиімізден кириллде болған ё, ц, щ, э, ю, я және ь, ъ таңбалары алынып тасталды. «Х» мен «һ» (Hh) «и» мен «й» (Ii) бір таңбамен берілетін болды. Cонымен қоса бұл әліпбидегі «в», «х», «ф» таңбаларының да басы артық деген пікірлер айтылып жатыр. Қазіргі әліпбиде жоқ «ц    тс», «щ  шш», «э  е», «я  (ыйа, йа)», «ю-(йыу, йіу)» түрінде ал «и» (ій, ый) мен «у»-ды (у және ыу, іу, үу, ұу) таңбалау ұсынылуда.

Сонымен қатар, ш мен ч дыбыстарын Sh, Ch сияқты қос таңбамен берілуіне байланысты да «Ш»(Sh), мен «х»(h), «ч»(Ch) мен «х»(h)-ның қатар келу жағдайлары көп болмаса да кездесуі ықтималдығын есепке алып, ондай терминдердің жазылуы төңірегінде де бір тоқтамға келіп, олардың емлесін пысықтауға тура келуі мүмкін.

P.S. Әліпби алмастыру мен терминология дамуының жаңа қағидаттарын белгілеудің қай кезеңін алып қарасақ та, шет тілдері терминдерін ұлт тіліне қабылдау мен олардың емлесін белгілеу кезінде тіл заңдылықтарымен қатар, әлеуметтік, саяси-әлеуметтік, экстралингвистикалық факторлардың да ықпалы күшті болғанын айқын көруге болады. Сондықтан, тіл мамандары мәселенің осы жағын да ескеріп, қоғам пікірін қазақ тілінің заңдылықтарын сақтауға бағытталған тұжырымдар мен емле ережелерін қолдайтындарға дайындау жағын назардан тыс қалдыруға болмайды. Әліпби ауыстыру барысында шет тілі терминдерін қабылдау мен жазу шын мәніндегі қазақ тілінің орынсыз бұрмаланған заңдылықтарын қалпына келтіретін жазу реформасына ұлассын дейтін болсақ, мұны естен шығармаған абзал.

Ағылшын тілі мен кейбір роман-герман тілдері мамандары түбі грек, латын, ағылшын, неміс, француз болып келетін терминдерді «ция» орыс қосымшаларынан айырып,түпнұсқаға жақындатып жазуды ұсынуда. Мысалы: motivation – мотиватион//мотивейшн (мотивация емес), presentation –презентатион //презентейшн (презентация емес), construction–конструктион/ конструкшн (конструкция емес), evolution–эвалюсион//эволюшн (эволюция емес), revolution – ревалюсион//революшн (революция емес), privatization–приватизатион//приватизейшн (приватизация демей немесе жекешелендіру деп аудармай, приватион немесе приваттау) түрінде алу сияқты ұсыныстар айтылып, жазылып жатыр. Сондай-ақ,  «ция» жұрнағын «–sion/-tion» жұрнақтарымен алмастырумен қатар, «-ist», «-ism», «-al» жұрнақтарын да жазып-айтуды ұсынушылар бар.

Алаш зиялыларының арасында жат шет тілі сөздерін жазу мәселесін алғаш сөз еткен, бұл мәселеге назар аударған Ахмет Байтұрсынұлы еді. Ол 1912 жылы «Айқапта» жариялаған «Жазу тәртібі» деген мақаласында былай деп жазады: «Тобы бөтен болса да, қазақ тіліне келіп сіңген, қазақтың өз сөзі болып кеткен араб я парсы сөздері бар. Мысал: арабтан алған адал – халал, арам – харам, әл – хал. Фарсыдан алған ән – аһн, қожа – хоажа сықылды сөздер. Бұлар бұрынғы қалыбында емес, өзгертілген. Міне, бұ сықылды сөздерді қазақ тілінен қуып шығару ма? Иә болмаса сақтау ма? Мұны көп білсін! Мен өзім сақтау жағындамын. Өзге жұрттарда бұзып алған сөздер сақталады».

Шерубай ҚҰРМАНБАЙҰЛЫ,

филология ғылымының докторы, профессор

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button