БЫЛҒАРЫ ҚОЛҒАП БАПКЕРІ ЕДІ

Ол – Махамбет ауданындағы алғашқы бокс бапкері. Батыр баба есімімен аталатын өңірде балалар мен жасөпірімдер спорт мектебі құрылған кезде, былғары қолғаптың балғын шеберлерін бірінші болып осы өнерге баулыған жаттықтырушы. Міне, осындай аяулы да ардақты азаматтың пәни дүниеден өтіп, бақилыққа атанғанына да жақында бір жыл толды.

 

Альфарит Хисымұлы өңірімізде өзіндік бокс мектебінің негізін салып, қалыптасып, шыңдалуына өлшеусіз үлесін қосты. Бойындағы бар білім-білігін, күш-жігерін жұмсады, саналы ғұмырын соған арнады. Тіпті, жаттығу залдарын да ол өз қолымен жасақтап, жабдықтады.

Ол кісінің алдына келіп, тәлімін көрген талай өрен аудан асып, облыс, республика көлеміндегі, қала берді халықаралық деңгейдегі тартысты додаларда топ жарып, Атыраудың атын алысқа танытты.  Олардың қатарында (кейіннен көпшілігі өздері де балаларды жаттықтырып, бапкер атанды) Валерий Водениктов, ағалы-інілі Виктор мен Борис Макаровтар, Қамбар мен Ержан Андашевтар, Нұрқуат пен Нұрлан Бисеновтер, Мұрат Шоқпаров, Еламан Иманғожиев, Мақсот Таңатаров, Орынбасар Нұрханов (осы жолдардың авторы), Василий Насенков, Василий Панжев, Қазбек Иманғалиев, Сәтжан Қалешов, ағайынды Сүйінішқалиевтер, т.б. атаған ләзім.

Сол себепті де ағайымыздың есімін барша махамбеттіктер үлкен мақтанышпен, зор құрметпен атайды, әрдайым есінде сақтайды.

Орынбасар НҰРХАНОВ,

Саламат Мұқашев атындағы Атырау политехникалық колледжі дене тәрбиесі пәнінің оқытушысы.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз