
Тегін ірімшік қақпанда ғана болады
Мемлекеттік қызметтер мен күнделікті қаржылық операциялар онлайн жүйеге көшкеннен бері уақыт үнемделіп, жұмыс жеңілдегені рас. Алайда осы мүмкіндіктерді өз пайдасына жаратқысы келетін алаяқтар көбейіп барады.
Жуырда Мемлекет басшысы интернет-алаяқтықтың бір түрі – дроппер мәселесіне қатысты заңға қол қойды. Бұл құжат елдегі цифрлық қауіпсіздікті күшейтуді, қаржы алаяқтарының жолын кесуді көздейді. Ең бастысы, бұл әркімнің өзінің цифрлық деректеріне деген жауапкершілігін арттыру қажеттілігін көрсетіп отыр. Бұған дейін Қазақстан заңнамасында дропперлер тек куәгер ретінде іске тартылатын еді.
Сан соқтырған алаяқтық
Соңғы жылдары киберқылмыстың көбейгені сонша, былтыр елімізде интернет арқылы жасалған алаяқтық істердің саны 1100-ден асқан. Бұл Бас прокуратура ұсынған ресми дерек. Атырау облысында да жыл басынан бері 50-ге жуық күдікті ұсталып, 133 қылмыстық іс сотқа жолданған. Кейбір деректерге қатысты тергеу амалдары жүріп жатыр.
– «Кибербақылау» платформасымен 2000-нан астам фишингтік сайт анықталып, бұғатталды. Байланыс операторларымен бірге жалған нөмірлер мен алаяқтық қоңырауларды анықтау, тұрғындарға SMS арқылы ескерту хабарламаларын тарату жұмысы тұрақты жүргізіліп келеді. Тұрғындарға киберқауіпсіздік ережелерін сақтауды, күмәнді жайт туындағанда «102» номеріне хабарлауды ескертеміз, — дейді облыстық полиция департаментінің киберпол-жедел уәкілі Расул Жолдас.
Оның айтуынша, қазір интернеттегі алаяқтықты анықтау, жолын кесу мақсатында «Киберпол» жедел тобы жұмыс істейді. Мамандар мұны алаяқтардың қитұрқы әрекеттерін жаңартып, тіпті күрделендіріп жіберуімен байланыстырады. Соның ішінде дропперлерді, яғни қасақана немесе бейқамдықпен өз атына ашылған банк картасын бөгде біреуге пайдалануға бергендерді – құрал ретінде пайдалану белең алып отыр.
Кейбір жағдайларда мұндай әрекеттерді студенттер немесе жасөспірімдер табыстың оңай көзіне балайды. Алайда оның соңы қылмыстық жауапкершілікке тартқызарын ескере бермейді.
Заң қандай өзгеріс әкелді?
Жаңа заңның басты ерекшелігі – дроппер ұғымын нақтылау және оларға қатысты жауапкершілікті заңдық тұрғыда бекіту. Енді өз атына ашылған шотты, банк картасын немесе цифрлық әмиянды үшінші біреуге пайдалануға берген адам заң алдында жауап береді. Қылмыстық кодекс аясында бұл әрекет қылмысқа қатыстылық ретінде қарастырылып, жазалануы мүмкін.
Мұндай шешім интернеттегі қаржы алаяқтығының алдын алып қана қоймай, тұрғындардың құқықтық және қаржылық сауаттылығын арттыруға да бағытталған.
Құқық саласының мамандары жаңа заңның маңызын жоғары бағалап отыр.
– Соңғы жылдары цифрлық алаяқтық тәсілдері айтарлықтай өзгерді. Бұрын алаяқтар өздері шот ашса, бүгінде өздеріне сеніп, карта ашып беретіндерді пайдаланады. Мұндай әрекетке барған адам, егер оның шоты арқылы алаяқтық жасалса, қылмысқа қатысушы ретінде қарастырылады. Сондықтан әр адам өз атына тіркелген шоттың, деректің, цифрлық ресурстың қауіпсіздігіне өзі жауапты екенін түсінуге тиіс, — дейді облыстық адвокаттар алқасының мүшесі, заңгер Рысты Қалиева.
Қылмыстық кодекстегі «Банктік шотқа, төлем құралына немесе сәйкестендіру құралдарына заңсыз қол жеткізу, оларды беру не сатып алу, сондай-ақ заңсыз төлемдер мен ақша аударымдарын жасау» туралы бапқа өзгеріс енгізілді. Ұсынылып отырған өзгерістер бойынша енді тұрғын өз банктік шотын заңсыз өзге тұлғаға берсе – 3 жылға дейін, банктік шот арқылы басқа адамға заңсыз ақша аударса – 5 жылға дейін, дропперлер, яғни басқалардың банктік шотын басқару құқығын заңсыз иеленгендер 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.
Сауаттылық – қауіпсіздіктің алғышарты
Қаржылық және құқықтық сауаттылық – бұл жеке адамның амандығы ғана емес, бүкіл қоғамның тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне әсер ететін фактор. Бұл пікірмен сала мамандары да толық келіседі.
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің стратегиялық даму және ғылым жөніндегі декан орынбасары Әлия Сұлтанова «интернет-алаяқтықтың белең алуы сауатсыздықтың нәтижесі» деген пікірде.
– Алаяқтардың арбауына түсетіндердің көбеюі қаржылық әрі құқықтық сауатсыздықтың салдары болуы мүмкін. Әсіресе фишинг (жалған сайттар мен хаттар арқылы жеке деректерді ұрлау), қаржы пирамидалары, кибершабуылдар мен жалған интернет-дүкендер белең алды. Сондықтан әрбір адам киберқауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруы тиіс. Банк картасының деректерін ешкімге бермеу, екі факторлы аутентификацияны қолдану керек. Цифрлық дәуірдің көлеңкелі тұсы – кибералаяқтықтың күрт өсуі. Қоғам интернетке сенім артқан сайын, алаяқтардың арбауына түсетіндер де көбейіп келеді. Бұған көбіне қаржылық әрі құқықтық сауатсыздық себеп. Қаржысын тиімді басқара алатын, құқығын білетін адам ғана қауіптен аулақ болады. Ал мұндай дағдылар, әсіресе жастар үшін, болашаққа салынған ең сенімді инвестиция, — деді экономист.
Демек, цифрлы кеңістіктегі қауіп-қатер заң арқылы ғана емес, саналы қоғам мен сауатты адам арқылы ғана азаяды. Қазір әр адам банк картасы, цифрлық қолтаңбасы, жеке дерегіне мұқият болуы керек. Ал электронды әмиянды бөтен адамға сеніп тапсырып, бейқамдықпен «жақсылық жасаудың» соңы заң алдында жауап беруге апаруы мүмкін. «Заңды білмеу – жауапкершіліктен құтқармайды» деген қағида есте болсын, оқырман.
Майра ЕРҒАЛИ