
Тау тұлғаларға – ТАСАДАҒЫ ТАР КӨШЕ
Мемлекет басшысы Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда ономастика саласын сынға алып, біраз былықтың бетін ашқан болатын. Осы отырыста көшелер мен елді мекендердің атауларын өзгерту кезінде жергілікті атқарушы орындардың жерлестік пен тамыр-таныстыққа жол бергенін жеткізген еді.

Бірақ біздің айтпағымыз бұл емес, облыс орталығындағы СМП шағынауданындағы Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың есімін еншілеген көше көрінісі жұртшылықтың жағасын ұстатты. Бұл туралы тарихшы-журналист Жұмабай Доспанов та өзінің фейсбук әлеуметтік желісінде жариялады. Шыныменен бұл көшенің кейпі нашар. Қалай болса солай егіліп, жөн-жосықсыз өскен жасыл желек күтім көрмегеннен бе, сұрықсыз. Бұтақтары жайылып, салбырап тұр. Көзге оғаш көрінеді. Көше жиегі жайрап жатыр, күл-қоқысқа толы және қамыс басқан. Алаш көсемінің атындағы көшенің тұрпаты осындай. Бәрінен бұрын, елі мен жері үшін жанын пида еткен жанның атындағы көшенің маскүнемдер мен нашақорлардың ордасына айналып, «жайлы» мекені болғаны жанға батады.
– «Халқым», «қазағым» деп өмірден өткен ұлт көсемі, Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхановтың есімі бүкіл түркі әлеміне әйгілі. Осы күнге дейін барлық түркі елі оны ерекше құрмет тұтады. Әсіресе, Тәуелсіз Қазақстанға айналғалы оның суреті әр қазақтың шаңырағында, мемлекеттік, оқу және мәдени орындарында қойылған.
Бүгінгі таңда Атырау облысында да Ә.Бөкейханов есімі зор құрметпен айтылады, оған тағзым етіледі. Бірақ 6-шы сәуірде Атырау қаласында өте келеңсіз жайды өз көзіммен көргенімде моральдық, рухани тұрғыда қатты күйзеліп қалдым. Оны халыққа білдіру мен бөлісудің қажеттілігінен ешкім бас тарта қоймас. Әлемдегі барша халықтың өз Ұлт көсемі бар, бізде осы Әлихан заңды түрде танылған және құрметтеледі,-деген журналист өзінің пікірін білдірген.
«Елім» деп еңіреген, сталиндік саяси қуғын-сүргінді басынан кешіп, ақыры Мәскеу түрмесінде атылған Алаш көсемінің көшесі қашан «көгереді?». Әшейінде күндіз-түні көзге көрнекті көше бойын тырналап жататын көше тазалаушылардың да назарынан тыс қалған «Әлихан Бөкейхановтың» жазығы не?
Бұл масқараның ізін суытпай, Атырау қалалық әкімдігіне хабарласқанымызда, баспасөз хатшысы қала басшылығы тазалық мәселесін бақылауға алғанын, жұмыскерлерді жіберіп, жөнге келтіретінін, тапсырма берілгенін жеткізді. Хош делік…
Көздері қиып, қалай берді?!
Көшелердегі бұл былық мұнымен бітпейді. Осы шағынаудандағы елеусіз, тар көшеге Халық қаһарманы, «қанатты қыз», Екінші дүниежүзілік соғыста әуеге 305 рет көтеріліп, жауға аяусыз оқ жаудырған Хиуаз Доспанованың аты беріліпті. Қысқа ғана көшені көздері қиып қалай бергені бір Құдайға мәлім. Тіпті, бір ғана көлік әзер өтетін бұл көшеге жарытып жол да салынбапты. Жауынды күні бұл жермен жүруге адам түгілі, темір техниканың да қауқары жете бермейді-ау. Осы жағдай әлеуметтік желідегі бейнежазбада да көрініс тапқан еді.

Қалалық әкімдіктің баспасөз бөлімі аталған бейнезжазба астына пікірін қалдырып үлгеріпті. Онда былай делінген: «Атырау облысы Атырау қалалық мәслихатының 2011 жылғы 12 мамырдағы №278 және Атырау қалалық әкімдігінің 2011 жылғы 10 мамырдағы №705 бірлескен шешім-қаулысымен бұрынғы «Зелинский» көшесі Хиуаз Доспанова көшесі болып қайта аталған.
Қала әкімдігі көшенің орналасқан жерінен бейхабар емес. Алайда «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» заңының 25-5 бабына сәйкес, жеке адамның есімімен аталған көше атауы, ол берілген күннен бастап кемінде он жыл өткен соң өзгерту, қайта атау ономастика жұмысының міндетті критерийі болып табылады. Сонымен қатар 2022 жылдан бері күні бүгінге дейін құрамдас бөліктерге атау беру жұмыстары уақытша тоқтатылған болатын. Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай Халық қаһарманы Хиуаз Доспанованың есімін басқа көшеге беру мәселесі жоспарда бар екенін қаперге береміз».
Тұлға есімін қаланың елеусіз бір бұрышына тығып тынған қала билігінің мына жауабы көңілге медеу болғандай.
Бұл – ұлтқа құрметсіздік
Әлихан Бөкейханов пен Хиуаз Доспанова – қазақ халқының мақтанышы, тарихта өшпес із қалдырған қайраткерлер. Атырау қаласының СМП шағынауданында осы екі қайраткердің есімдерімен аталған екі көше бар. Өкінішке қарай, олардың жағдайы осы есімдердің маңыздылығына сай келмейді. Бұл жағдай, сөз жоқ, ұлтқа деген құрметсіздік. Қаланың инфрақұрылымына, көшелерінің жай-күйіне қарап, ұлттың қадір-қасиетін қаншалықты бағалап отырғанымызды түсінуге болады. Бұл оқиғадан кейін біздің өңірде ұлт ардақтыларының лайықты ұлықталмай жатқанына көз жетіп, көңіл түсті. Елеусіз ғана көшеге есімдері беріліп, қуыс-қуысқа тыққанда, Әлихан мен Хиуаздың есімін қалың көпшіліктен «жасырып» қойғаннан не ұтамыз?! Бұл қос арыстың әруағына жасалған қиянат емес пе?
Әлихан Бөкейханов пен Хиуаз Доспанованың есімдері қазақ халқының мәңгілік мұрасы болып қалары сөзсіз. Сол себепті олардың атындағы көше тарихи іс-әрекеттеріне лайықты болуын қамтамасыз ету – біздің ұлтқа деген адал құрметіміздің көрсеткіші болар еді.
Рита ӨТЕУҒАЛИ
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ