
Татулық пен достықты дәріптеген күн
Қазақстан – жүзден астам ұлт өкілдері тұратын көпұлтты мемлекет. Елдегі ұлтаралық келісім мен тұрақтылық – егемендіктің, дамудың және келешек ұрпаққа бейбіт өмір сыйлаудың кепілі.
Балаларды ынтымақ пен достыққа шақырып, бейбітшілік қадірін ұғындыру мақсатында №3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған мерекелік шара өтті. Жиын мекеме қызметкерлері арасында ұйымдастырылды.

Бұл күні қатысушылар әр түрлі ұлттардың киімдерін киіп, сол ұлттың ұлттық ойындары мен дәстүрлерінен үзінділер көрсетті. Мысалы, өзбек ұлтының мәдениеті таныстырылып, олардың қолөнерінен шыққан туындылар көрерменге ұсынылды.
Сонымен қатар “тас қалау” ойыны арқылы балалардың икемділігі мен қызығушылығы артты. Татар ұлтының атынан түрлі-түсті дөңгелек шарларды торға жинау, дөңгелектерді ұяшыққа дәлдеп түсіру секілді ойындар балаларға ерекше әсер сыйлады. Бұл ойындар арқылы балалардың көру, ойлау қабілеттерін дамытуға көңіл бөлінді.

Осы тәрізді танымдық әрі тәрбиелік мәні зор шаралар арқылы балалар мен ересектер түрлі ұлттар арасындағы өзара құрмет пен түсіністікті сезінді. Бірлік бар жерде – тірлік бар. Бұл мереке елімізде өмір сүріп жатқан әрбір азаматтың бейбітшілікті, келісімді, татулықты сақтау жолындағы ортақ жауапкершілігін сезіндіретін ерекше күн болып қалады.
Еркеназ ҚАЛИЖАН