БІРЛІК БАСТАУЫ – МЕЙІРІМДІЛІК

Мейірімділік – саналы адамдарға тән құбылыс. Биік парасатты, жоғары ой-өрісті адамдар мейлінше мейірімді келеді. Бұл пікіріммен келіспеушілер «жануарларда да мейірімділік бар, олар өз ұрпақтарын аялап, қорғап, өсіреді», - деп уәж  айтар. Оған қарсы дау айтпасақ та, жануарлардағы кездесетін жағдай табиғат заңдылығына сай, өз тұқымын өсіруге  арналған қамқорлық. Бұл – саналы мейірімділік емес, жабайы түйсік, ырықсыз сезім, тұқым қуалайтын қасиет. Түрін, тұқымын сақтап қалу үшін жасайтын тағы іс-әрекет. Ал, ақылдың иесі – адамдар мейірімін тек өз балаларына ғана арнаумен шектелмейді. Табиғаттан бастап, барлық құбылыстар мен жан-жануарларға арнайды. Адамзатты құрып кетуден сақтап тұрған ұлы күш те осы.

Бұл қасиет – барлық ұлтқа тән, бірақ, біздің халықта көңіл мейірімі ерекше дамыған. Оның қайнар көзі – сан ғасырлардан бері сақталып, уақыт өте жетіліп келе жатқан қазақи салт-дәстүрлеріміз.

  Құда сыйлау – қалыптасқан қағидат

Мәселен, халқымыздағы бұрын таныс емес екі рулы елдің ұл мен қызы табысып, шаңырақ көтеруіне орай орнығатын құдалық жөнінде «Құда – құдай аты», «Құда – мың жылдық, күйеу – жүз жылдық», «Құдаң құрдасыңдай, құдағайың сырласыңдай болсын» – деген мақалдар текке айтылмаған. «Құданы құдай қосады» мақалының астары тереңде. Еліміздің әр қиырынан құда болып табысу қазақ халқының бірлігін сақтап келеді. Ертедегі дәстүрімізге сай, жаңа отау көтеруде жанұя құраушы жастарды ата-аналарымен қатар таңдауға ел болып қатысқан, олардың жарасымды өмір сүруін бақылаудан шығармаған. Тәрбиелеген, қамқорлық аясында ұстаған. Осылайша, көпшіліктің аялы назарындағы жас отау аяқтарына нық тұрып, өздері өнеге болатын дәрежеге жеткен. Ал, түсініспей ажырасу сынды жат құбылысқа бой алдырғандар үлкен  талқылауға ұшыраған.

«Заманына қарай – амалы» деген қазіргі мәдениеті дамыған қоғамда жастар бірін-бірі ұнатып, келісіп, құдалық туыстықты бастауға ата-аналарын жұмсайды. Бұл жағдайда құдалық туыстықты бастауға жол ашылады. Балаларының болашағын ойлаған екі жақтың ата-анасы арада қыл өтпейтін туыс болып, жас отаудың іргесінің берік, шаңырақтары шайқалмай, аяқтарынан тік тұрып кетуіне қызмет жасайды. Міне, осылай қазақтың құда сыйлап күту дәстүрі алысты жақын етеді.

Игі салтымыздың тағы бірі – кеңпейілділік пен қонақ сыйлау. Бала кезімізден көріп, жаттанды болған үйдегі тәтті дәмді «қонақ келеді» деп балаларына бермей сақтап қоятын әдет – көшпенді өмір салтын ұстанған бабаларымыздың жол адамын сыйлауға бағытталған сан ғасырлық дәстүрінің жарасымды жалғасы. Қазақтың ұлан-ғайыр жерін  тегіс аралап жүрген жолаушының әр үйге емін-еркін еніп, ағайын-туысына баратындай сенімді болуы да сан ғасырлар бойы қалыптасқан қасиеттеріміз. Танымайтын біреуге барын сақтауы – бабалардан қалған әдет. Ол – біздің халықты сан қилы қиындықтан сақтап, жойылып кетпеуіне бірден-бір себеп болған тұрмыстық көрінісіміз.

 

Қазақ – қарға тамырлы

Құдалық қатынас пен жолаушы қонақты сыйлаудан қалыспайтын дәстүр – қазақи туыстық қатынастар. Нағашылы-жиен, бөле, қайын-жұрт сияқты қатынастардың бізге тән екенін ерекше айтуға болады. Талай адамдар сан жылдардан кейін бірін-бірі іздеп, «апамның көзі» немесе «жалғыз ағадан қалған тұяқ», «анамның туыстары» деп дәріптейді. «Қарның ашса, нағашыңа бар» деген мақал да көп жағдайды аңғартады.

Ертеде аталарымыз әр туыстың орнына қарай қысқы соғымнан сыбағасын даярлап, қашан келсе де  ақ ниетімен ұсынып, мәре-сәре болып жатады. Міне, осындай салт-дәстүрлеріміз – бірлігіміздің темір қазығы. Отбасы, жанұя бірлігін қамтамасыз ететін жарасымдылық – өміріміздің алтын діңгегі.

Өкінішке орай, қазіргі уақытта осындай ұлағатты мәдениетімізден орынсыз ажырап қалу қаупі жоқ емес. Жас отаулардың тіл табыспай ажырасуы ағайындардың туыстық мейірімнен алыстап, бір-біріне қатынаспай жат болып кетулеріне әкеп соғады. Өздерінің кейінгілерге ұлағатты тәрбие беріп, үлкендік мейірімін төгуі тиістігін білмейтін аға буын, үлкенді сыйламайтын дөрекі жастар қатары көбейіп барады. Осындай келеңсіз көріністерді өрістетпей  шектеу, әр адамның көңіл түкпіріне мейірімділік орнатуға жұмыстану – бүгінгі міндеттің бірі.

 

Мейірбан жанға жат қылық…

Мейірімділік ізгілікке толы салт-дәстүрімізді дәріптейді, қиянатты даттайды. Адамға, адамзатқа жамандық жасауға ізгі жандар жол бермейді. Біреуге озбырлық, білек күшіңді пайдаланып денеге жарақат салу, лауазым дәрежеңді пайдаланып артықшылық жасау, басқаның ала жібін аттау, жемқорлық – мейірбан жандарға жат қылық.

Ата-ананың, ошақ басында ұрпақтары мен жанұя мүшелерінің ортасында бейәдеп сөзге баруы, бөтен адамның сыртынан даттап өсек айту – арылмайтын күнә, үлкен қиянат. Бұл ретте «Әкесін сыйламаған кісіні баласы сыйламайды», «Пейілі жаман пәлеге жолығады, бітпейтұғын жалаға жолығады», «Жаман адамның тілі ащы», «Сөзі жаманның өзі жаман», «Жаман кісі кекшіл», «Жаман жақынын қарақтайды», «Жаман өзі бола алмайды, болған ерді көре алмайды», «Жақсы қартайса жазып қойған хаттай, жаман қартайса бықсып жанған оттай», «Аққу – құстың төресі, жалғыз жатып оттамас, қас жақсының белгісі, ғайбат сөзді қостамас» – деген ұлағатты сөздерден тәлім алып, бұл қасиеттерден ада болу – көрегенділік.

Ұлы Абайдың отыз сегізінші қара сөзінде « … Көбінесе балаларды жасында ата-аналары қиянатшылыққа салындырып алады, соңынан моллаға берген болады, ия ол балалары өздері барған болады – ешбір бәhра (пайда) болмайды. Ол  қиянатшыл балалары талапқа да, ғылымға да, ұстазға да, хаттә иман иғтиқадқа (дінге сену) қиянатпен болады. Бұл қиянатшылар – жарым адам, жарым молла, жарым мұсылман», – дегені тәрбиелік мәнін жойған жоқ. Тәрбие тал бесіктен басталатындығын әрбір ата-ана есінде ұстаса, қоғамымыздың ізгілік жолында дамуына септігін тигізер еді.

Тәрбие – тал бесіктен

Табиғатқа, адамға, жалпы қоғамға деген мейірім отбасынан қалыптасады. Отбасының берекелі болуы, мызғымас беріктігі халқымыздың сан ғасырлық өмір тәжірибесінен жинақталған салт-дәстүріне негізделген. Бейбітшілік пен тыныштықта мамыражай өмір сүруіміздің кепілі де – еліміздегі отбасыларында қалыптасқан түсіністік, сыйластық нәтижесі.

Қол жеткен құндылықтарымызды сақтап, оны дамытуды мақсат тұтқан Елбасы 2013 жылдан бастап әдейі «Отбасы күнін» атап өтуге шешім қабылдады. Бұл мәселе біздің әрқайсымызды ойландырады. Өйткені, шаңырақ көтерген жас отаулардың ажырасуы жиілеп барады. Жанұяда өзара түсініскен сыйластық емес, қызық қуған желөкпелік сезім үстем алушылық орын алып бара жатқандай. Олай айтуымыз негізсіз емес. «Өмірлік жармыз, бір-бірімізді сүйдік» деп қосылған жастар көп уақыт өтпей қызықтары басылып, бірінен-бірі жеріп шығады, ажырасып тынады. Бұндай жағдай туындауына  ата-аналарды кінәласақ артық емес. Өйткені, олар ұрпақтарын ұлтымыздың құнды салт-дәстүріне, сүйіспеншілікке тәрбиелеуді ұмытқан. Балалары ер жетіп, өмір айдынына шығатынын ескермейді. Керісінше, баласын жақсы көріп қуыршақтай ұстайды, оларды аялап жақсы дүниелермен өмір қиындығына кездестірмей өсіруге қызмет жасайды.

Бүгінгі бала – ертеңгі ата-ана, қоғамның белді мүшесі. Оларды біздің мейірімге толы дәстүріміздің негізінде тәрбиелеп, ғылым мен білімге сусындатуға көпшілігіміздің санамыз жете бермейді. Міне, осы орайда «Отбасы күнінің» әдейі аталуы – тек мереке емес, барша тұрғындарға ой салуға арналған тәрбие тағылымы. Өзіне, өзгеге, өз ұрпағына сынай қарап, болашағына көз салуға жетелейтін ұлағатты тәрбие күні, құт қондыратын күн деп қабылдаймыз.

Құт – кейбіреулердің түсінігінше байлық, барлық, қарны тоқтық. Алайда, ол әсте олай емес, құт – білім-ғылымды меңгеру, сананың кемелденуі, халықтың көкірегі ояу, көңілдері сергек, рухани бай болуы.

Рухани байлық – мейірімге толы адамгершілік, адамдарды ұлты мен нәсіліне қарамай қабылдап, сыйлай білу, ақиқат пен адалдыққа бас ұру, қанағат, сабыр,  кішіпейілділікке толы ізгілік пен терең білім, парасатты ой. Осы талаптың бәрі дерлік халқымыздың әдет-ғұрып, салт-дәстүрінен көрініс табады. Міне, Отанның күш-қуаты мейірімді отбасынан, рухы биік азаматтардан, бір мақсатқа жұмылған, бірлікке ұмтылған халықтан құралады.

Мейірім дарыған кісіден кішілік те, ұлылық та шығады. Осы жөнінде аңызға балардай әңгіме бар. Адам табаны тапталмаған биік шың басында мейір гүлі өседі. Ол көп адамның көзіне шалынбайды. Жылына бір күн гүлдейді де, сол сәтінде қурап, шаң-тозаңға айналып, ауа кеңістігіне араласып әлемді аралап кетеді. Күн сағымы ойнаған, ағысты толқын арасында көзге ілінбейтін күйде жүреді. Мейір гүлінің тозаңы қонған кісіден ғұмыр бойы мейірімділік шуағы есіп тұрады. Ұрпақтарына да беріледі деген бар. Біздің Қазақ елінің азаматтарына мейір гүлінің тозаңы дарығай!..

Өмірзақ Қажымғалиев,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, ғалым,

Құрманғазы ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз