Тарихсыз халық – тамырсыз ағаш

ngshщz 1 Қоғам

ЖАТТАНДЫЛЫҚТАН ЖАЛЫҚПАДЫҚ ПА?

«Қазақ елі азаттыққа қол жеткізгенше екі бірдей төңкеріс пен екі бірдей алапат аштықты бастан кешті. Талай жаумен тіресті, талай жаумен күресті. Алаш қаймақтарын қынадай қырған сталиндік аяусыз қуғын-сүргіннің де құрығына ілікті» деп бастай берсең, бүгінгі жастар оны жаттанды, құлақ тұнған тіркес ретінде қабылдайды. Мүмкін бұл біздің тарихи оқиғаларды тек даталы күні ғана еске алып, бір мəрте жазумен, айтумен немесе қағаздағы есеп үшін ғана өткізілетін шаралармен шектелгенімізден де шығар. Əлде, кілең сапырылған сандардан құралған тарих оқулығының əсері ме? Бəлкім, жас ұрпақты жалықтырмайтын тəсілдер қажет болар.

Жасырып қайтейік, мамыр басталысымен қуғын-сүргін құрбандарын еске алатын мақала жазуға кірісіп, екі-үш жастан бұл күннің мəні мен мағынасы туралы ойларын сұрағанымызда ұққанымыз осы болды. Жə, тарихи оқиға туралы жаза берейік, керек ұрпақ оқыр, түсінер…

Қалай болғанда да қазақ зиялыларымен қоса қазақ руханияты репрессияға ұшырады. Сол тұста қазақ халқы сандық та, сапалық тұрғыдан да зор шығынды бастан өткерді. Тіпті бүгінгі күнге дейін еңсемізді тіктей алмайтындай дəрежеге түскеніміз рас. Зұлмат жылдардың жазықсыз жазасын тартқандар қатары көп болып, халық шекара асуға мəжбүр болды емес пе? Біз осындай қиын кезеңдерді артқа тастап, ел болдық! Ел болып алпауыт қазақ өркениетін қалыптастырдық. Дегенмен, Алаш ардақтылары ақталып жүр ме? Иə, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен сұрапыл жылдарда «қазағым» деп қаза болған ұлылардың есімін ақтауға мүмкіндік алдық.

Мемлекет басшының «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» Жарлығына сəйкес, елімізде саяси қуғынсүргін құрбандарын ақтау жөніндегі 11 өңірлік комиссия құрылып, жұмыс жасады. Комиссия жазықсыз жазаланғандарды, күштеп елден аластатылғандарды, діни, ұлттық жəне саяси құқығы бұзылғандарды ақтауға жұмыс істеді. Зерделеп, зерттеді. Репрессияға ұшырағандардың тізімін жасап, санаттарға бөлді. Десе де, біз сөзге тартқан жастардың иығын қиқаң еткізгенінен «қаншама еңбек еш кетіп жатқан жоқ па?» деген ойға қалдық.

ҚОС ГЕНОЦИД

Репрессия мен ашаршылық – тоталитарлық қылмыстың ең сорақы түрлері. Демек, екеуін жеке-жеке атап өтуге айтарлықтай қажеттілік жоқ. Шындығында қазақ халқын бір емес, үш мəрте қырғынға ұшыратқан аштықтың астарында нендей саясат болды? Осы сұрағымызды арнайы «Atyraý газеті үшін тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Хангелді Əбжановқа қойып, ойын білген едік.

Оның айтуынша, түптеп келгенде, кеңестік социалистік идеяның, теория мен практиканың Қазақстанда орын алған бұрмалауларын, қателіктерін, іркілісін түсінуге, ғылыми дəйектеуге, шығармашылық ізденіске сұраныс та, қажеттілік те жетерлік. Бірақ, тоталитаризмнің екі қылмысын қазақ халқы кешірмейді, ұмытуға жатпайды, ұрпақтан-ұрпаққа аманаттай береді. Оның бірі – 1917 жылғы қазанда билікке келгеннен 1991 жылы тарқағанша КОКП үздіксіз жүргізген кеңестік саяси қуғын-сүргін. Ал, екіншісі – əр кезеңдегі, əсіресе, 1931- 1933 жылдардағы ашаршылық. 1931-1933 жылдардағы Қазақстандағы ашаршылық «гуманитарлық апат» деген анықтама аясына сыймайды. Ол – адамзатқа қарсы жасалған қылмыс, ғаламдық қасірет. Ашаршылықтың əлденеше жылға созылуына, қисапсыз қайғы-қасірет əкелуіне себеп болған басты фактор – қоғамның обьективті-ырғақты даму диалектикасы мен қисынын бұзған номенклатура өктемдігі. Кеңестер елінде номенклатура деп басшы қызметтерде отырған адамдар қауымдастығын атады.

Экономика салаларының, білім мен ғылымның, құқық қорғау органдарының – əрқайсысының өз номенклатурасы бар болатын. КСРО-да партиялық номенклатура бəрінен жоғары тұрды. Батыстық зерттеушілер кеңестік н о м е н к л а т у р а ғ а « ж а ң а т а п » , «бюрократиялық артықшылыққа ие тап» атақ-айдарларын тағуы кімнің кім екенін айқындай түседі. Мемлекеттік деп аталған меншіктің қызығын, материалдық, қаржылық ресурстарды бөлу рахатын, баршаға міндетті шешім қабылдау құқығын партиялық номенклатура уысынан шығарған емес. Бұл – бір.

Екіншіден, ғылым ашаршылықтың түрлі формасы мен деңгейін анықтап отыр. Эпидемиялық ашаршылыққа құрғақшылық, су тасқыны, тағы басқа мерзімдік-мезгілдік құбылыстар туындатқан қиындықты жатқызады. Келесі түрі – тұтынған азықтүлік калориясының адам организмі сұранысына сай келмей, төменгі деңгейде қалуы. Азық-түлік мəселесінің барынша асқынған көрінісі – ұзақ мерзімге созылған аштық («хронический голод»). Осы соңғы түрі 30-шы жылдар басындағы қазақ даласын жайлады. Ол қалаларды, индустрия ошақтарын айналып өтті, қазақ ауылдарын баудай түсірді, – дейді Хангелді Махмұтұлы.

Кім-кімді де «тарихтың ақтаңдақтары аршылып жатыр ма, шаң басқан архивтер қаншалықты ақтарылды?» деген ой мазалары анық. Рас, ашаршылық ақиқатын ашуға арналған еңбектер баршылық. Бірақ, діттеген меже мен мақсатқа жеттік деу артық секілді. Пікірімізді қоштаған тарихшы мұны бүгінде ғылыми еңбекті қалың қауымның оқи бермейтінімен байланыстырады.

«Ақиқатты көркем суреткерлікпен ашудың əлеуеті де, пайдасы да зор. Мəселен, М.Əуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясы ойшыл ғұламаны əлемге танытты емес пе? Демек, ашаршылық, қуғын-сүгін құрбандары туралы кемел де көркем туынды керек. Ол экранға «Қыз Жібек» тəрізді биік өремен шығарылса, ұлттық тарихымызды, қасіретті тағдырымызды бүгінгі ұрпаққа боямасыз, қалтқысыз жеткізе алар едік» дей келе қазақтың аштыққа ұшырауын халықтың шаруаға қырсыздығынан көрген бəзбіреулердің «аузын жапты».

Айтқанындай, шаруаға қырсыздығынан өлетін болса, қазақтар ХХ ғасырға жетпей-ақ қырылып қалар еді. Қазақ хандығы шаңырағын көтергенде халқының саны 200 мың ғана болыпты. Арада төрт ғасырдан астам уақыт өткенде қазақтың саны 6 миллионға жеткен. Осыншама уақыт бойы өсіп-өнген халқымызға аяқ астынан шаруаға қырсыздана қалатындай не көрініпті? Бəрі – сыртқы күштер мен факторлардың, саясаттың əкелген сойқаны. Рас-ау.

ЗЕРТТЕЛЕР ДҮНИЕ КӨП

Ал, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің Педагогика кафедрасының қауымдастырылған профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты, халелтану зерттеу орталығының меңгерушісі, алаштанушы Ғабит Базарғалиевтің пікірінше, Алаштану саласында зиялы қауым бірлесіп зерттейтін ғылыми шешімін күтіп отырған мəселелер жетерлік. Алаштың əлеуметтік, саяси жəне экономикалық бастау көздері, партияның XX ғасырдың алғашқы жиырма жылындағы Қазақстанның қоғамдық-саяси өміріндегі алған орны мен атқарған рөлі, 1917 жылғы екі революция аралығындағы Алаштың басқа партиялармен өзара қатынасы мен байланысы, партияның дамуындағы ішкі қайшылықтар, Алаш қозғалысының көрнекті қайраткерлерінің көзқарас эволюциясы, Алаш қайраткерлерінің саяси қуғындалу қасіреті, Алаш қозғалысы жəне оның Орта Азия мен Еділ бойының түркітілдес халықтарының саяси партиялары мен қоғамдық қозғалыстарымен байланысы, Алаш қозғалысы мен оның қайраткерлері идеяларының бүгінгі Қазақстан жетістіктері мен тарихи сабақтастығы мəселелері əлі де зерттеуді қажет етеді.

 – Жас ұрпақты Алаш идеясымен кең ауқымда жəне жүйелі түрде таныстырып, оны отаншылдық рухта тəрбиелеу мақсатында Алаш қозғалысына қатысты архив құжаттарын, бірінші кезекте 1928- 1932 жылдарға тиесілі ғасыр құжаты аталған «Алаш ісі» сот процестері материалдарын көп томдық түрінде жариялау ісі қолға алынбай келеді. Осы «Алаш ісі» сот процесімен тікелей байланысы бар келесі мəселе XX ғасырдың 20-50-ші жылдарында жүргізілген саяси репрессия материалдарын, Қазақстандағы репрессия тарихын, ресейлік ғалымдарды араластырмай-ақ, отандық тарихшығалымдардың күшімен қорытып, көп томдық жариялау ісін қолға алу керек. Сондай-ақ, ұлықтау негізінде Астана, Алматы, Семей, Қарқаралы, Қарағанды, Атырау, Ақтөбе жəне Түркістан қалаларының орталық көшелерінің біріне Алаш есімі беріліп, салтанатты түрде ескерткіш немесе тақта орнатылса, онда «АЛАШ» аты уақыт өткен сайын қазақ елінің көгінде жарық жұлдыздай жарқырай бермек, деп біз басынан бастаған «келер ұрпаққа ұсынылуы үшін қандай қадамдар жасалуы керек» деген ойымызды аяқтады.

ДЕРЕКТЕР ДЕ ДӘЛ ЕМЕС

Айтпақшы, қазір сол зұлмат жылдарды зерттеп жүргендер ашаршылықтың құрбандары жайында əр түрлі деректерді айтады. Отызыншы жылдары қырылғандар саны – 2 миллионнан астам, ал, оның алдындағы ашаршылық құрбандары 1 миллионнан асады дейді. Бұл деректер қаншалықты нақтыланған? Тарих ғылымдарының докторы Хангелді Əбжанов сөзінше, ашаршылықтан келген адам шығынын дəлме-дəл ешкім айта алмайды. Түрлі демографиялық, деректік өлшемдермен, есептермен болжауға болады. Менің ойымша, 1931-1933 жылдарғы ашаршылық кем дегенде 3 миллион қазақтың өмірін қиды. Əрбір алтыншы қазақ туған елінен безіп, жат елге, жат жерге кетті. Егер 1897 жылы отар өлкеде 3,5 миллион қазақ тұрып жатса, ал, халықтар санындағы үлесі 82%- ды құрады. 1939 жылы олардың саны 2,3 миллион адам болып, республика тұрғындары арасындағы үлесі 38%-ға дейін қысқарған еді. Жан шошытарлық қасірет азабы бүгінге дейін жүрек сыздатады, – деді ол. Тарихсыз халық жоқ. Жас ұрпақ өз мемлекетінің тарихын білмей, болашағын қалыптастыра алмайды. Тарихи зерделеу арқылы тарихи сана, мəдениет, дəстүр, ұрпақтар сабақтастығы қалыптасады емес пе? Ең болмаса, жеті атасын білетіндер көбейсе екен…

Рита ӨТЕУҒАЛИ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз