Дінің тұрсын дін аман десек те, мектептердегі ахуал алаңдатады

Дінің тұрсын дін аман.doc Жаңалықтар

Еліміздің ертеңі, болашағы деп қарайтын бала тәрбиесі бесіктен басталады десек те, мектеп қабырғасының рөлін одан кем дей алмаймыз. Атырау қаласы бойынша дінге бет бұрған 228 оқушы болса, олардың арасындағы жүзден астам қыз бала мектепке діни атрибуттағы киіммен келіп жүр. 24 оқушы Әнұранға құрмет көрсетуді, суретке түсуді мүлде «қате» деп санайды екен. Бұл туралы сөз болған Атырау қаласы әкімі жанындағы діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңес отырысында жат ағымдармен күрес мәселесі талқыланды.        Дінің тұрсын дін аман.doc

Атырау қаласының өзінде 56 мектеп бар. «Дінтану негіздері» пәндері аптасына бір-ақ рет жүргізіледі. Бірақ, осы пәннен дәріс беретін маман жоқ немесе олардың  діни сауаты төмен. Осы мәселеге тоқталған Атырау қаласы білім бөлімі басшысының орынбасары Аманбек Абдолов мәселені шешудің жолдарымен де бөлісті. «Мұғалімдер мүмкіндігінше облыстық «Өрлеу» біліктілік арттыру курстарынан өтіп, өз білімдерін жетілдіріп тұрады. Десек те, теолог мамандар білім ордаларына жиі келіп ақпараттық кездесулер ұйымдастырылса, тіпті жауапты куратор ретінде тағайындалса, мектеп формасын сақтамай отырған балалардың ата-аналарымен жұмыс жасауды жолға қойса» деген ол дінді ұстанып жүрген ұстаздардың да барын айтты.

Бұл орайда кеңес төрағасы, Атырау қаласы әкімінің орынбасары Мейірім Қалауи барлық мектепті теолог маманмен қамту ұсынысына баса назар аударды. Бас-аяғы бес телогты 56 мектепке куратор етіп тағайындау мүмкін болмайтынын айтқан ол  қалалық білім бөлімімен бірлесе отырып, мәселе туындап отырған жеті-сегіз мектепке ғана теологтар бекітуді ұсынды.

Ал, Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының Атырау облысы бойынша өкілі, «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы Батыржан Мансұров дін жолында жүрген  ұстаздарға тектен-тек тиісе бермей, олардың қандай бағытты ұстанып жүргенін анықтап алуға шақырды. «Естіп отырғанымыздай, мектепте орамал тағып жүрген бірінші сынып оқушылары да бар. Дәстүрлі дінімізде балиғат жасына жетпеген қыз балаларға орамал тағу парыз емес» деді. Мейірім Жоламанұлы да бұл жыл сайынғы айтылып келе жатқан мәселе болғандықтан, шешу жолдарын қарастыру қажеттігін айтты.

Атырау облысы дін істері басқармасы ақпараттық-талдау орталығының басшысы Айбек Аташевтың айтуынша, өткен жылы экстремизм мен терроризмнің алдын алуға, тұрғындардың діни сауаттылығын арттыру бағытында бұқаралық ақпарат құралдарында 5000-нан астам ақпарат таратылған. Көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда, екі  есеге артқан. Сондай-ақ, «Қауырт желі – 114»-ті жарнамалайтын және экстремизм идеясының алдын алуға бағытталған 38 билборд Атырау қаласы мен аудан орталықтарына орналастырылған. «Шет елде оқып жүрген жастардың отбасыларын да тұрақты аралап, профилактикалық шаралар бойынша кеңестер беріліп, өткен жылғы жүйелі жұмыстардың нәтижесінде салафилік бағыттағы оқу орындарында оқып жүргендердің 27-сі қайтарылса, биылғы жылы 15-і елге оралды» деді ол.

Бұл орайда Мейірім Жоламанұлы бейнероликтерге қатысты өз пікірін қосты. «Жастар қазір бір-екі сағаттық емес, екі минуттық роликтерді тез қабылдайды. Сондықтан, бұл бағыттағы  ақпараттарды  қысқа да нұсқа етіп дайындау тиімді деп санаймын. Ең маңыздысы сол роликтен көрініс тапса, аз уақытын бөліп оны көргендер де бір ой түйер еді» деген ол бүтіндей бір сериалды бір минутқа сиғызып жүрген «байкерлердің» барын  алға  тартты.

Сондай-ақ, таңертеңнен-кешке дейін мешітте отыратын жастардың мәселесі кеңес төрағасының назарынан тыс қалмады.  – Кеңөзек ауылдық округі әкімі Сәден Лұқпановтың бастамасымен  бүгінде «Тасқала жастар ұйымы» қоғамдық қоры құрылып, жұмыс жасауда. Төрағасы Эльдар Әбіжанов ауыл жастарымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасап, түрлі шаралар ұйымдастырып жүр. Жастарды ортада сөз сөйлеуге үйретуден бастап, оларды қоғамдық жұмыстарға тартады. Басқа да округ әкімдері жастармен жұмысты қолға алып, Эльдар сынды азаматтарды іздеп табулары қажет» деген Атырау қаласы әкімінің орынбасары Мейірім Қалауи  бірқатар тапсырмалар да берді.

Мәлике ҚУАНЫШЕВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз