
Табиғат аясында демалуда салғырттық танытпау керек!
Бүгінгі күннің басты тақырыбына айналып отырған қамыс өрті туралы сөз қозғалғанда, осы мәселеге қатысты өз ойымды ортаға салып, пікіріммен бөліскенді жөн санадым.
Қай жерде, қандай жағдайда болмасын, өрт – айтып келмейтін, қапыда төнетін, зардабы ауыр төтенше жағдай. Ол – тілсіз жау. Орман мен тоғайда, дала мен алқапта тұтанған өрттің моральдық та, материалдық та залалы орасан зор екеніне талай рет куә болып жүрміз. Бұл – көп жағдайда орны толмас шығынға әкеп соқтыратын апатты жағдай.
Менің айтарым – өзім ұзақ жыл қызмет атқарған орман шаруашылығы саласы төңірегінде өрбімек.
Жыл сайын қайталанып, жиілеп бара жатқан орман өрттерінің шығуына негізгі себептердің бірі – табиғат аясына тынығуға шыққан адамдардың салғырттығы мен жауапсыздығы. Жаз айларында күннің ысуы мен шөптің құрғауы өрт қаупін бірнеше есе арттырады.
Сондықтан мұндай жағдайлардың алдын алу үшін жауапты мамандар қауіпті аймақтарды үнемі аралап, өрт тұтануы ықтимал учаскелерді мұқият тексеріп отыруы қажет. Сонымен қатар профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізу, халықты сақ болуға шақыру – маңызды міндеттердің бірі.
Орман қызметкерлері өртті сөндіруге қажетті көлік пен техникамен, арнайы құралдармен, сумен және жанар-жағармаймен жеткілікті деңгейде қамтамасыз етілуі тиіс. Өйткені, төтенше жағдаймен күрес уақтылы әрекет етуді және дайындықты талап етеді.
Махмуд КӨРГЕНОВ,
орман және аң шаруашылығы саласының ардагері