Жарнама
Қоғам

Сырахана орнына қымызхана салайық

 Еліміздің батыс аймақтарында, соның ішінде, Атырау өңірінде ұлттық салт-дәстүрлеріміздің бірі ,,Қымыз мұрындық,, деп аталатын ауыл шаруашылығы мерекесі қолға алынбай келеді. Бүгінде жылқы малымен айналысатын шаруа қожалықтары мал басын көбейтуде айтарлықтай жетістіктерге жетуде. Осындай сәтте біздің шаруагерлердің кенжелеп қалған ұлттық дәстүрімізді дамытуға мүмкіндіктері мол.

 «Қымыз мұрындық»– қымыз дайындаудың әр түрлі тәсілдерін білетіндерді, бір-бірімен жарыса дайындаған қасиетті сусынның дәміне, сапасына қарай дайындау шеберлерін анықтайтын шара. Бұл дәстүр табақ-табақ тартылған ет пен ұсынылған дәмді ішіп жеу емес, түрлі ұлттық ойындар ойналып, палуандар күресіп, көкпар, алтыбақан тебетін, ән шырқалып, күй тартылатын дала мерекесі. Күндіз-түні ат үстінде жүретін жылқышылардың амандық-саулық білісіп,жердің, малдың жай-күйімен ой бөлісетін кездесуі, тәжірибелі малшылардың өмірден жинақтаған, көрген-білгендерін жас буынға жеткізіп, үлгі-өнеге көрсетер басқосуы.

  Екіншіден денсаулыққа өте пайдалы саналатын сусын өндіруді арттыру, оны жергілікті тұрғындарға ұсыну – қымыз түрлерінің көбеюіне зор ықпал ететін мереке. Жылқы басының көбейіп, қымыз өндірісінің дамуына, нарықта бәсекелестер ортасының қалыптасуына оң әсер етеді. Желіге құлын байлап, бие сауып, қымыз дайындау — ежелден келе жатырған ата кәсіп. Сол себепті, басқа аймақтардағы атқарылып жатырған жағымды істерді біз неге қолға алмасқа? Қаланы айтпағанның өзінде, көптеген аудан орталықтарында 3-4 сырахана бары анық. Осы сыраханалар орнына қымызханалар ашсақ, болашақ ұрпақтың денсаулығы мен тәрбиесін қалыптастыруда баға жетпес өнеге емес пе?!

  Мерекелі басқосуға қатынасқан ел азаматтары ақжарма тілектерін айтып, ақсақалдар батасын беріп, елді бірлікке, ынтымаққа, берекелі іске шақырса жақсы емес пе? «Қымыз мұрындық» мерекесін өткізу бүгінгідей өркендеп, дамып келе жатырған өлкенің сәні деп білемін. Бұл шараны алғашқы кезде Атырау облысының бір ауданында өткізіп көруіміз қажет. Содан соң екі ауданда, сонымен жалғасып кететіндігіне сенім мол. Мүмкін далалықта өткізуге үлкен дайындық керек десек, жаңа үлгідегі мейрамханаларда ұйымдастыруға болатыны анық.

 Тың бастаманы іске асыруда осы салаға қатынасты басқарма басшылары, мекеме, қожалық жетекшілері, жылқы шаруашылығының тәжірбиелі мамандары қолдап, ықпал жасайды деген сенімдемін.

Мұрат САРМАНОВ,

«Нұрлы Дала агрофирмасы» ШҚ жетекшісі.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button