КӨПЕС ТУДАКОВТЫҢ ҮЙІ

–  бүгінде  танымалмейрамхана  ғимараты

Газетіміздің өткен сенбідегі нөмірінде Атырау қаласындағы көне ғимарат саналатын Чанпаловтың үйі жайлы жазған едік. Бүгінгі нөмірде тағы бір ескі нысан –  көпес Тудаков  тұрған үй жайында мәлімет бермекпіз.

Әуелі осы айтып отырған Тудаков  деген  кім? 

Тудаковтар шамамен – 1830 жылы Гурьев жеріне келіп қоныстанған казактар. Тудаковтың есімі сол кезде ең ауқатты әулет ретінде танылған.

Федот Тудаковтың байлығына байланысты қызықты аңыз бар. Саудагердің  әкесі  Иван  Тудаков кезінде орыс-түрік соғысына қатысқан. Орыстар жеңген ірі ұрыстардың бірінен кейін ол соғыстан өте бай адам болып оралыпты. Аңыз бойынша, ол Қара теңіз суына батып кеткен алтынды тасымалдаған түрік кемесін тауып алады. Кейін оның ұлы Ф.Тудаков саудасын сәтті жүргізіп, кәсіпшілікке ие болып, әкесінің мұрасын арттыра түсіпті.Балық аулап, мал шаруашылығын дамытқан. Кезіндегі Гурьевтегі ең еңселі үй осы Тудаковтың үйі болған көрінеді. Қаланың географиялық аумағына қарап, ойластырылып салынған үйдің жертөлесіне ешқашан су жиналмайды, дымқыл тартпайды екен. Өйткені, онда отбасының бағалы заттары, алтындары жиналып тұрыпты. Халыққа пайдалы іс жасауға талаптанған Федот қаланың қақ ортасынан Успен шіркеуін салып,  халықтың  алғысын  алыпты.  1920 жылғы облыстық архивтегі құжат бойынша, Тудаковтар үйі бұрынғы  Пугачев  және Революционный көшесінде орналасқан. Қос қабатты үйдің жоғарғы бөлігінде алты бөлме, төменінде бес  бөлме бар. Үйдің қабырғалары сапалы ағаштан жасалынған. Ауласында үлкен шатыр болған.  

Бүгінде Тудаковтар әулетінің ұрпақтары шетелде тұрады. Олар атыраулық өлкетанушылармен әркез байланысып отыратын көрінеді.  

Францияда тұратын Федот Тудаковтың шөберелері Людмила Ренар и Ирина Шеп бүкіл Тудаковтар отбасы Гурьевте тұрғанын айтады. Олардың аталары тұрған үй – қазіргі «Орал» аталатын мейрамхана. Олар: «Гурьев қаласы қашанда біздің туған жеріміз болып қала береді. Туған жерімізге бармағалы, ата-бабамыздың жүрген жерімен жүрмегелі де көп жылдың жүзі болды. Бірақ, қашан да туған жердің топырағы бізді өзіне тартып тұрады. Сағынышымызды басу үшін бір күні міндеті түрде барып, топыраққа аунап мауқымызды басар сәт туатынына сенеміз», – дейді.

Дайындаған:

Нұргүл  ЫСМАҒҰЛОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз