ЭЛЕКТРОНДЫ ҚАЗАҚ ҮЙІ

оның  басты  ерекшелігі  неде?

Қаны қазақ деп соққан әрбір шаңырақтан орын алуы тиіс заманауи құрылғы – «Ұлас-Электрон» ЖШС жасап шығарған электронды қазақ үйімен атыраулықтар толықтай танысуға мүмкіндік алды. Атырау облыстық әкімшілігінде ұйымдастырылған таныстыру рәсімінде жоба авторы Ғалымбек Қыздарбекұлы «ішіне» Абайдың қара сөздері, ертегілер, балалар әндері, бесік жырлары, ән-жырлар мен күйлер енгізілген – барлығы 1200 туындыдан тұратын электронды киіз үй бейнесіндегі ұрпақ тәрбиесі үшін таптырмайтын дүние жайлы кеңінен мәлімет берді.

 

Өнертапқыштың айтуынша, заңды түрде патенттелген киіз үйдің сәбилер үшін қауіпсіз болуына да баса көңіл бөлініп, ою-өрнегін бейнелеген сыртқы бояуларына дейін сапалысы таңдалған. Сол себепті, оның кез келген нәрсені аузына салуға әуес нәрестелер үшін де ешбір зияны жоқ екен.

Сондай-ақ, электронды қазақ үй арқылы радио тыңдап, құрылғыдағы әндерді қосып есту мүмкіндігі бар. Оған шығармасы енген танымал тұлғалардың авторлық құқықтарын қорғау мақсатында пайыздық үлестерін төлеп отыру да қарастырылған. Балаларға арналған 150 ертегіні атақты диктор Сауық Жақанова мен Әуезов атындағы академиялық драма театрының актері Айдос Бектемір оқиды. Жоба авторынан білгеніміз, жаңа құрылғы оқу бағдарламасына хрестоматиялық қосымша құрал ретінде енгізу үшін Білім министрлігіне де ұсынылыпты. Айта кетейік, алдағы уақытта электронды киіз үйдегі шығармалар санын әлі де толықтыра түсу жоспарда бар. Қазіргі күні оның қолда бар құрылғысын күніне екі мың данаға дейін жасап шығара аламыз дейді жобаны жүзеге асырушылар.

Таныстырылым рәсімінде облыстық ішкі саясат, тілдерді дамыту, мәдениет басқармаларының өкілдері, өнер иелері ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелейтін бірегей дүниеге қызығушылық танытып, алғыстарын білдірсе, электронды қазақ үйдің бірнеше данасын дереу сатып алған ата-аналар Алиса Асқарова мен Лиза Елубаевалар оның баланың ой-санасын, дүниетанымын қалыптастырудағы рөліне тоқталды. «Теңізшевройл» АҚ жұртшылықпен байланыс бөлімінің кеңесшісі Ерлан Қасымов өз кезегінде компанияның мектеп-балабақшаларды электронды қазақ үймен қамту мақсатында демеушілік көмек көрсетуі мүмкін екенін жеткізді.

Құралай ҚУАТОВА,

Суреттерді түсірген

Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз