Студент күнделігінен: Қимастық (эссе)

getty 118292466 970629970450031 50555 Қоғам

…Түннің құрсауынан шығып, шығыс көкжиектен ақ таңның шұғыласы көрінген кез. Көгілдір аспанның жерге беттескен шеті күннің қызыл сәулесіне боялып, қызарып келеді. Таңғы табиғат, жер бетіндегі барлық тіршілік ұйқысынан ояна алмай, маужырап қызарған күннің сәуле жылуына бойларын үйрете алмай жатқандай.

getty_118292466_970629970450031_50555

Кеше кешкісін өрістен кеш ауа қайтқан бір отар қой да ашыққан қарынын қайтадан тойдыру үшін өріске қамданып, біреуі жеген шөп-шаламын асқазанынан қайта ұртына әкеліп күйіс қайраса, ал, біреуі отар ішін айнала кезіп маңырап, марқа болып қалған қозысын таба алмай жүр. Күнде қайталанатын мұндай тірлікті бозбала бүгін ерекше байқап, туып-өскен ауылына қимастықпен қарайтындай. Қатарынан қалмай мектебін ойдағыдай тәмамдап, қалаға оқуға жол тартпақшы. Ауыл жастарының «қаланың тіршілігі күйбелең, бәрі бейтаныс, алаяқтарға алданып қалма, сақ болып жүр» деген өздерінше болжам сөздері жанын жегідей жеп, өз ойымен арпалысуда. Кенет сарай жақтан сытыр-сытыр еткен сөмкенің дауысы естілді. Кешегі жұмада жеті нан пісіріп, ет асып көрші көлемді шақырып, құран оқытқан дастарханнан қалған асты баласының сөмкесіне тықпыштап жатқан анасын байқады.

Бір мезетте гүрілдеген дауысымен көше бойын шулатып ауылдың автобусы келіп қалды. Оны естіген бозбала үйге жанталаса кірді. Аяғындағы атасының тар гәлөшін дереу шешіп, заттарды алып шығуға асықты. Анасы да қолына сөмке ұстап, бір қолына «жолда шөлдесең, ішерсің» деп кеше түнде мұздатқышқа салып қойған бір құты айранды алып, аула есігіне қарай беттеді. Сондағы ойы заттарын көлікке реттестіріп, келіп тұрған автобусты көп күттірмеудің амалы болғанымен, ана көңілі іштей ұлын қимайтындай. Осылай әбігерге түсіп жүргенде күннің ұясынан қалай шыққанын байқамай да қалды. Бозбала тұра қалып  бір терең тыныстап алды да сәкінің көлеңкесінде отырған інісінің бетінен шөп еткізіп сүйіп, аула сыртындағы автобусқа қарай, иә, арманына қарай  бет алды…

Нұржол ЖАҚСЫЛЫҚ, 

Х.Досмұхамедов атындағы

Атырау мемлекеттік

университетінің студенті.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз