Шетелдіктер де тілін кәлимаға келтірді
Бір күні Құлсарыдағы орталық мешіт табалдырығын орыс азаматы аттады. Өзін Анатолий Гнетковский деп таныстырған ол Ресейдің Самара қаласының тұрғыны болып шықты. Жылыойға жұмыс бабымен ат басын тіреген екен. Христиан дінді жігіт имамнан отбасылық жағдайына байланысты дұға етуді сұрай келіпті.
Бірақ, мешіт қызметкерінің ислам құндылықтары хақындағы көркем насихаты ресейлік азаматты имандылық иірімдеріне қарай жетелейді. Жай әсерлі әңгіме айтып қоймай, мешіттің бас имамы Жасұлан Қуанышұлы өзімен бірге ертіп жүріп, жергілікті халықтың жайған дастарханынан дәм татқызып, қазақтың кең пейілді қонақжайлығын көрсетеді.
Осындай қазақшылық пен мұсылманшылықтың қаймағы бұзылмаған жылыойлықтардың дархан көңіліне дəн риза болған Анатолий өз Отанына мұсылман болып оралады. Исламды саналы түрде қабылдап, кəлима шəһадат айтып, имандылыққа бет бұрды. Сол күні мешіттегі бесін намазына қатысып, жамағатпен бірге дұға тіледі. Осыған ұқсас оқиға наурыз айының басында да болды. Сол күні Жылыой мұсылмандары орталық мешітіне Венгрия елінің азаматы бас сұқты. Жай келген жоқ, өзін Арато Шандор деп таныстырған ол исламға деген қызығушылығын білдірген. Шетелдікке асыл дініміз туралы толық мағлұмат берген мешіт қызметкері Райымбек Сағындықовтың мағыналы да мəнді насихатынан кейін ол да мұсылманшылықты қабылдады. Сөйтсек, Арато Шандордың жұбайы мұсылман екен. Сонау Европадан келіп, Жылыой жерінде жұмыс жасап жүрген венгр азаматының имандылыққа бет бұруына Құдай қосқан қосағының да ықпалы болған.
– Асыл дініміздің көп салалы тұстарының бірі – адамдармен қарым-қатынаста əдептілікке баулу. Əдеп – тəрбиелі, əдепті, ұялу, сыпайылық деген сияқты жарасымды сөз бен амалдарға берілген атау. Адамдар арасындағы байланыста да белгілі бір қағида – құралдарға қарап, əдептілікті сақтау көрегенділікке жатады. Ислам адам бойына ізгі қасиеттерді сіңіреді. Өз қандастарымызбен бірге өзге ұлт өкілдерінің де исламға бет бұруы дініміздің осындай асыл құндылықтарынан болса керек, — дейді бізбен əңгімесінде Жылыой мұсылмандары орталық мешітінің бас имамы Жасұлан Қуанышұлы.
Иə, тілімізде таза сөйлеп, ділімізді бойына сіңіріп, дініміздің де діңгегіне тірек болар осындай отандастарымыздың қатары көбейсе, Жаңа Қазақстанымыз бірлік пен татулықты ту еткен жасампаз мемлекетке айналары анық.
Ербол ҚОШАҚАНОВ