Атыраудағы резиденцияға асхана мен жатақхана салуға 96 млн теңге қарастырылған

rezidenciia3 Қоғам

Атыраудағы Президент резиденциясында келесі жылы 300 орындық асхана мен 300 балаға арналған жатақхана салынып, оқу-тынығу лагеріне айналады, деп хабарлайды AtyrauPress.

Махамбет ауданы аумағында орналасқан резиденция «Таланттарды қолдау және анықтау» орталығына берілген. Облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Орынтай Биманованың айтуынша, нысан қолданысқа берілген соң 36 адам жұмыспен қамтылмақ. 

rezidenciia 2

«Балалардың игілігі үшін берілген Президент резиденциясы аумағында қазір шөптен тазалау, ағаштарды күтіп-баптау секілді жұмыстар істелініп жатыр. Жаңадан ашылғалы отырған орталық алдағы уақытта балалар үшін маңызды нысан болады деп отырмыз. Онда оқушылар әрі тынығады, әрі түрлі олимпиадаларға, ғылыми жобаларға дайындалады. Біз балаларды каникул кезінде де айтып өткен жобаларға даярлайтын кездер болады. Сол уақытта демалыстарында тыныға отырып, білімдерін жетілдіреді», – деді О.Биманова.

rezidenciia

Балалардың оқу-тынығу лагері келесі жылдың 1 маусымында ашылады деп жоспарланып отыр.  Еске салайық, бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әр облыстағы Президент резиденцияларын балалардың игілігіне беріп, балабақша, мектеп, не болмаса сауықтыру лагеріне айналдыруды тапсырған еді. 

 Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз