Жарнама
Қоғам

«3 миллион теңгенің орнына 200 мың теңге төледім»

Бұл күн Вячеслав Попов үшін сəтті күн болған сыңайлы. Айы оңынан туған ол бас-аяғы жарты күннің ішінде ресейлік «мерседесін» отандас көліктер тізіміне қосып, заңдастырып алды. Тұңғыш болып жатжұрттық көлігін тіркеген оның қуанышында шек жоқ.

– «Қазақ номерді 200 мың теңгеге алғаныма қуанып тұрмын. Осындай жағдай жасап, халықтың мұңмұқтажына құлақ түрген мемлекет басшылығына алғысымызды айтамыз. Əйтпесе, көлікті тіркеу үшін утиль алым, бастапқы төлем, тағы басқасын төлеуіміз қажет болатын. Техниканың бағасы да 3 млн. теңгеге шығып кететін еді. Тек, криминалистер тексерген кезде ғана кідіріс болды. Бұл да түсінікті, өзге елге тиесілі дүниені заңдастыру үлкен жауапкершілікті талап етеді, — деп бізбен əсерімен бөлісті.

«Расымен, мұндай «иесіз» шетелдік көліктердің жергілікті электрондық базаға тіркелмеуі – елімізде жолкөлік оқиғасы, қылмыстық фактілер анықталған жағдайда шұғыл іздестіруге ішкі істер органдарының жұмысына кедергі келтіретіні айтпаса да түсінікті» дейді бізбен ойын бөліскен блогер Лунара Мақсотова. Иə, сол себепті де мемлекет басшысы шетелдік автокөліктерді заңдастыруды тапсырды. Тіпті, рулі оң жақта орналасқан «темір тұлпарларды» да заңдастыруға мүмкіндік жасалды емес пе? Орталықтан репортаж жасап жүріп, рулі ыңғайсыздау көлікті тізгіндегендермен де тілдесіп үлгердік.

Байқауымызша, мұндай көліктердің саны жыл сайын артып келе жатқан секілді. Əлбетте, оған деген сұраныстың артуына оның арзандау бағасы əсер еткені белгілі. Дегенмен, Жапонияда шығатын мұндай көліктерге жүргізушілердің көзқарасы сан түрлі екен. Біреулерге ұнап жатса, енді бірі «мұндай көліктер елімізде жүрмеуі тиіс» деген пікірде.

– Негізі, бұл көліктердің басты артықшылығы – шығынының аздығы. Оның үстіне, рулі сол жақтағы көліктер сияқты бұлар да климаттық бақылау, автоматты қорап, құлыпқа қарсы жүйе, артқы камера секілді барлық қажетті, заманауи құралдармен жабдықталған. Мен сияқты көп балалы анаға өте ыңғайлы, кең, балалар бір-бірімен алысып-жұлысып отырады, бастысы көлік жүргізіп келе жатқанда мені мазаламаса болғаны. Ал, рулі басында ыңғайсыздық тудырғаны рас. Дегенмен, жүре-бара оған үйреніп те кеттім. Басқа көліктерге қарағанда «мұндайлардың» бағасы арзандау келеді, — дейді Ардақ Маратова есімді қала тұрғыны.

Мұндай машиналардың көпшілігі жанармайды аз тұтынады екен. Теңіз климатына байланысты жапондық көлік өндірушілер коррозиядан қорғауға көп көңіл бөлетін көрінеді. Міне, осындай себептерден соң халық шетелдік «шыттай» көлік тізгіндеп, аз-мұз ақшаларына бір көлікті қолма-қол еншілегісі келеді.

Рита ӨТЕУҒАЛИ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button