КӘСІПКЕРЛЕРДІ ҚОЛДАУ ДА, ҚОРҒАУ ДА БАР

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалында өткен қоғамдық кеңестің кезекті отырысы кәсіпкерлікті дамытуға арналды. Сөз жоқ, шағын және орта бизнесті өрістету – ел экономикасын алға апаратын, халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартатын шара. Оның үстіне, Мемлекет басшысы жеке ісін жүргізушілерге жан-жақты жағдай туғызып отыр. Ендеше, сол саланы одан әрі дамытуға не кедергі?

Кеңеске қатысқандардың айтуынша, кәсіпкерлік нысандарына тексеру жүргізуге тыйым салынуы – шағын және орта бизнесті өркендетуге жасалған кезекті  қадам. Осы мүмкіндікті тиімді пайдаланған кәсіп иелерінің құлшынысы артып, қазір тың бастамаларды қолға алуда. Әйтсе де, олар тарапынан әлі де реніш байқалады. Неге?

Әңгіме арқауынан аңдағанымыз – көп мәселе жер теліміне байланысты. Бұл проблема бұрын да болған, қазір де кездеседі. Арыздарын әлдеқашан тапсырып, енді шешімін айлап күтіп жүргендер бар. Ұлтарақтай жеріне қол жеткізе алмай, есік жағалағандардың салы суға кеткен. Немесе салған ғимаратының техникалық құжаттары реттелмеген. Тұрғызылған бизнес нысанын коммуналдық қызмет түрлеріне қосуда да түсінбестік туындайды. Онсыз жұмысын жалғастыруға тағы болмайды.

Ал, осындай оралымсыздықтардың орын алуына тек рұқсат беруші органдар ғана кінәлі ме? Әрине, олардың қателіктерін де жоққа шығармаймыз. Бірақ, кәсіпкерлердің өздерінің тарапынан да қолданыстағы заңдылықтарды білмеушілік соңы сергелдеңге соқтырады. Бизнес құрылымдарының көбейгені, олардың халық қажетіне жұмыс жасағаны жақсы. Әйтсе де, рұқсат берудің де тиісті заңнамасы бар. Оны мүлтіксіз орындау – баршаға парыз. Ендеше, кейбіреулер қажетті құжаттарын сауатты дайындамай, содан соң түрлі орындарға шағымданып жатады. Немесе өздері әрі-бері жүгіріп, уақытын текке жоғалтады. Ал, мұндай тығырықтан шығу жолы бар ма?

Әрине, бар. Ол үшін кәсіпкерлерге қызмет көрсететін заңгерлік орталық керек. Мұндай құрылымды тәжірибелі заңгерлермен қамту қажет. Оның үстіне, осындай көмектің тегін көрсетілгені жөн. Әйтпесе, бүгінде бизнес иелері сәл ғана нәрсеге заңгер жалдап, қыруар шығынға батып жүр. Рас, «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасы облыстық филиалының директоры Асылбек Жәкиевтің айтуынша, мұндай орталық құрылмақшы. Демек, бизнес иелерінің бір проблемасы шешілу үстінде.

Екінші деңгейдегі банкілермен жұмысты да жүйелеген жөн. Солардың бәрінің дерлік бас кеңселері Астана мен Алматыда. Несиелік мәселені шешу барысында жоғарыға жалтақтайды. Оның үстіне, пайыздық үстемесі де көп. Бұл жөнінде облыс әкімінің жанындағы кәсіпкерлікті қолдау комиссиясында қаншама айтылғанымен, әзірге ешқандай нәтиже шықпаған. Әрі, банкілер кепілге қымбат дүние сұрайды. Ол кез келген жанда табылар ма?

Ақырында, ауыл кәсіпкерлерін шындап қолдау қажет. Оларға деген қамқорлық қағаз жүзінде емес, нақты істе көрініс тапқаны жөн. Бүгінде, шындығында, алыс елді мекендерде өздерін кәсіпкер санайтындар саудамен ғана шектелген. Қаладан азды-көпті күнделікті тұтынатын тауарлар мен азық-түлік әкеледі де, соны үстіне біраз теңге қосып қайта сатады. Міне, бизнесінің түрі. Сонда тапқаны отбасы қажетінен ауыспайды. Мұндай жандар үлкен іспен шұғылдануға үміттенбейді. Ешкімге алақан жаймай, өзін-өзі асырағанына мәз.

Ал, ауылда қаншама шаруа бар. Қазіргі түрлі бағдарлама бойынша мал алып, бордақылауға болады. Бүгінде жүн мен теріні кәдеге жаратуға қадам жасалды. Оны дайындайтын цех тұрғызылып жатыр. Ертең шикізат сол ауылдан шықпай ма? Егін ексе ше? Мемлекеттен беріліп жатқан субсидияны орынды тұтына білсе, бұл да қыруар пайда. Жалпы, ауылдағылар өздерін қолдайтын арнаулы бағдарламалар бар екендігінен бейхабар. Бәрі газет оқиды немесе теледидар көреді деп те айта алмаймыз. Демек, насихаттық шараның тиімді түрін ойластырған жөн.

Міне, «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы осындай проблемалардың түйінін тарқатуға жұмыстануда. Жалпы, Атырауда жергілікті атқарушы биліктің демеуімен кәсіпкерлік жақсы дамып келеді. Жыл санап бизнеспен айналысушылар саны да артуда. Әйтсе де, бұл істі одан әрі жақсартқан жөн.

М.ЕЛЕМЕСҰЛЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз