«Шеберлік кілті – шынайылықта»
Ләйлә СҰЛТАНҚЫЗЫ,
«Әйел бақыты» ток-шоуының авторы, белгілі тележүргізуші:
«Шеберлік кілті – шынайылықта»
Қазақстан» ұлттық арнасынан берілетін «Әйел бақыты» бағдарламасына қарапайым қазақ келіндері мен іскер әйелдердің басынан өткен шынайы оқиғалары арқау болып отыр. «Атырау» газетінің кезекті эксклюзивті сұхбаты — танымал тележүргізуші, «Әйел бақыты» ток-шоуының авторы Ләйлә Сұлтанқызымен әңгімеге арналып отыр.
— Ең алғаш эфирге шыққан сәтіңізді еске алсаңыз? Қандай сезімде болдыңыз?
— Алғаш рет 1998 жылы, яғни 21 жасымда музыкалық бағдарлама жүргіздім. Ең қызығы радиода қызмет еткеннен кейін мені тікелей эфирдегі хабарға жіберген еді. Сол кезде бір ғана нәрсені ойға түйіп алдым. Яғни, камерамен дос болу керек, одан қысылмау керек. «Мені мына камераның ар жағында миллион адам көріп отыр» деп ешуақытта ойлаған емеспін.
— Сізді халық қазір тікелей эфирдің шебер жүргізушісі ретінде жоғары бағалайды. Тележүргізуші нендей қабілетімен ерекшеленуі керек деп ойлайсыз? Осы салада өзіңіз үлгі тұтатын тұлғалар бар ма?
Болса, олар кімдер? — Рахмет, халықтың алдында шынайы болу керек. Қазіргі заманда ешкімді алдай алмайсың. Шынайылық қана көрермен көңілінен шығады. Әрине, тележүргізуші бәсекеге қабілетті болуы шарт. Үлгі тұтар тұлғаларға келер болсам, осы деңгейге жетуіме септігін тигізген, қазақ тілінен сабақ беріп, мені алға жетелеген ұстазымның еңбегі зор. Нәтижесінде халықаралық журналистика мамандығына өз күшіммен оқуға түстім. Университетте Зейнолла Қабдолов, Дидахмет Әшімханұлы, Алмас Ахметбек, Дүкен Мәсімханұлы, Камал Бұрханов сынды марқасқалардан тәлім алдым. Осы тұлғалардан үлгі аламын. — «Әйел бақыты» рейтингі жоғары жобалардың біріне айналды.
Тележоба өмірге қалай келді? Бағдарламаға байланысты есте қалған ерекше оқиғаны айтып берсеңіз.
— О баста әйелдерге арналған бағдарламаның идеясын ұсынған «Қазақстан» республикалық теле-радио корпорациясы» АҚ-ның басқарма төрайымы Нұржан Жалауқызы болатын. Ал, «Әйел бақыты» жобасының авторы – өзім. Басты мақсат – Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі әйелдердің мұңын мұңдап, қуанышымен бөлісетін, мәселелерін шешуге көмектесетін бағдарлама жасау. Көрерменнің көңілінен шығу үшін бүгінде бағдарламаға әртүрлі өзгешеліктер енгізіліп жатыр. Әрине, бағдарлама тікелей эфирде өтетін болғандықтан, өзіне тән қиындықтары, қызықтары бар. Соның ішінде есімде қалғаны, күйеуінен әбден зәбір көріп қиналған әйел бағдарламаға қатысқан болатын. Сол әйел өз басындағы проблемасын айтып, жылап, қамығып отырған сәтте, күтпеген жерден күйеуі кіріп келді. Тікелей эфир жүріп жатыр, күйеуі сырт киімін де шешпепті. Біз қатты абыржыдық. Сол сәт мен үшін өте қорқынышты болды. Себебі, «күйеуі әйеліне қол жұмсар ма екен, әйелін эфирден жұлқылап алып кете ме, айқай-шу шығара ма?» деп қатты қорықтым. Осындай біз күтпеген оқиғалар болмаса, «Әйел бақыты» ұжымының тікелей эфирге еті үйреніп кеткен.
Сұхбаттасқан: Абай АҚМҰРЗИЕВ.
Астана қаласы.
Толық нұсқасын газеттен оқи аласыз.