СЕРГЕЙ МЕН РАВИЛЯ
Осынау босағаны аттағанына жарты ғасырға жуықтаған Равиля апа Маликованың жүзіне қарап татар ұлтынан екенін ажырату қиын.
Кезінде қарт ата-ененің алғысы мен батасын алып қалған татар келін сонау Қызылорда облысындағы Қазалы қаласының тумасы екен. Медициналық училищені тіс технигі мамандығы бойынша бітірген бойжеткен Равиля жолдамамен осы Қамысқаладан бір-ақ шыққан. Бұл уақытта Сергей аға осындағы кәсіптік-техникалық училищеде шебер болып қызмет қылатын.
– Бұйырмыс солай болды, бірден көңіл жарастырып, кешікпей үйлендік қой,- деп қояды әзілге де, әңгімеге де ұста ағамыз қабырғадағы суреттен мөлдірей қараған келбетті жас жігіт пен сұлу бойжеткеннің бейнесін нұсқап. Бүгінде ауылдағы ардагерлер кеңесіне төрағалық ететін оның қоғамдық жұмыстардың белортасында жүретінін де білеміз. Ал, Равиля жеңгеміз болса, ауылда өз мамандығы бойынша абыройлы іс қылып, зейнеткерлікке шыққан.
Жеңгеміз болса еліміздегі тату да тыныш өмірге бек разы. Үш ұлы мен үш қызы адамасыл болып, армандарына жетті. Кенжелері Мәриям анасының жолын қуған терапевт-дәрігер. Өзгелері де жоғары білімді, мамандықтарына сай еңбек етуде.
Бір кездері үлкендердің тәрбиесін ұғып, бүгінде өздері де ұрпақтарын ұлағатты тірлікке, бауырмалдық пен бірлікке үндей білген Сергей ата мен Равиля әженің тілегі – еліміздегі берекелі бірлік пен тату тірліктің ғұмырлы болуы, жас ұрпақтың бақытты болашағы.
Жоламан ДӘУЛЕТИЯР.
Суретін түсірген
Әбілмажан ШАРАПИДЕНОВ.
Исатай ауданы.