САЛАУАТТЫЛЫҚТЫ СЕРІК ЕТІП…

Атырауда білім беру саласы қызметкерлерінің спартакиадасы басталды. «Спорт – нашақорлыққа қарсы!» ұранымен жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келетін аймақтық доданың ашылу салтанаты «Мұнайшы» спорт кешенінде ұйымдастырылып, онда облыстық білім беру басқармасының басшысы Берікқали Сәрсенғалиев пен Білім және ғылым саласы қызметкерлерінің облыстық кәсіподағы басшысы Қилымғали Қайненов сөз сөйлеп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

 

Сондай-ақ, облыстық білім беру басқармасының басшысы Берікқали Жоланұлы үлкен спорт ізбасарларын даярлауға қосқан үлесі мен ғылыми-әдістемелік жұмысты дамытудағы елеулі еңбегі үшін «Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі» орталығының төсбелгісімен білім беру саласының ардагері Болатбек Шуринді марапаттады.

Аймақтық додада Атырау қаласы мен жеті ауданның командалары спорттың алты түрі бойынша атап айтсақ, гандбол, волейбол, баскетбол, үстел теннисі, тоғызқұмалақ және шахматтан бақ сынаспақ.  

– Облыс орталығында өтіп жатқан бұл спартакиадаға дейін әр аумақта ауданішілік және қалаішілік іріктеу жарыстары өткен болатын, – дейді Атырау аймақтық дене тәрбиесі мен спортты дамыту орталығының директоры Садыржан Жекенов. – Сол жарыстардан топ жарғандар аймақтық спартакиадада бас қосып отыр. Жалпы айтқанда, білім беру саласы қызметкерлері арасындағы жарысқа жеті мыңнан астам мұғалім қатысты. Мұның өзі бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын қалыптастыру, мектеп басшылығынан бастап спортпен шұғылданып, жастарға үлгі көрсету мақсатында қолға алынып отыр.

Аймақтық бәсеке төрт күнге созылмақ. Спартакиаданың алғашқы күні үстел теннисі, гандбол, волейбол, баскетбол жарыстары басталып, спортшылар өз араларында мықтыны анықтауға кірісті. Жарыстар «Мұнайшы», «Атырау» спорт кешендері мен Атырау қаласындағы №2 және №16 орта мектептерінің спорт залдарында, Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер академиясында өтуде.

Спартакиаданың қорытындысы туралы газетіміздің 11 қараша күнгі нөмірінен оқи аласыздар.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз