САРАЙШЫҚТАН ҰШҚАН АҚҚУ-ЖЫР
Оның қаламынан туған дүниелердің ерекшелігі сонда, ақын өзінің табанының ізі қалған, балалық шағының көркем елесі қалған туған ауылын, ондағы ізгі жүректі, жаны жайсаң адамдарды өзінің лирикалық кейіпкері етеді. Мәселен, «Сарайшық», «Алма бақтың жанындағы үй» және басқа өлеңдерінде өзінің кіндік қаны тамған мекені мен өзінен жүрек жылуын аямай, талантын, қабілетін ұштаған аяулы ұстаздары туралы толғанады. Айтыс ақыны Серік Қойшығұлов жүргізген бұл кештің өзге осындай поэзияға арналған салтанаттардан айырмашылығы ақын өзінің өмір жолын түгелдей жыр жолымен өрнектепті. Осы 50 шумақтан асатын, тұтас бір дастан деуге тұрарлық шығарманы ақынның жерлестері Алмагүл Алтай, Азат Саматұлы, Маржан Симанова, Маруся Ысқақова, Серік Қойшығұловтардың жатқа оқығаны сүйсінтерлік жәйт болды.
Осы жерде айта кететін тағы бір жәйт, ақынның ұстаздарына арнаған өлеңдерін сол кісілердің немерелерінің оқығаны да жанға жақсы көңіл-күй сыйлағаны анық. Ұрпақ жалғастығы да – осы.
Шығармашылық кешке журналист Жаңылсын Дәулетова, Махамбет аудандық «Жайық шұғыласы» газетінде бірге қызмет еткен әріптестері Қадыржан Сабыров, Дәулетқали Аруев, Амангелді Есенғалиев қатысты. Сөз алған ақынның ұстаздары оның балалық шағындағы қызықты сәттерді ортаға салды.
Ес білгеннен бастап қолына қалам алған, ең алғаш «Аққулар айдынына оралар ма екен?» деп аталған көкейкесті мәселенің бетін ашқан мақаласымен «Жайық шұғыласында» жарқ еткен журналистің қарымды қаламынан туған туындылар бүгінде республикалық басылым беттерінде де көрініп жүргені шындық. Ақын ретінде алдына «ақын емес, азамат болу – міндетің» деген қағиданы қойған ол – кәсіби журналистикада өз жолын айқындаған қаламгер. Ең алғаш ұстазы Молдаш Бердімұратовтың батасымен әдебиет атты әлемге жолын бастаған ол қазіргі таңда ұстаздарының артқан сенімін ақтап жүргені кәміл.
«…Осынау ұлы даланың,
Сарайшық, сенсің биігі» — деп өзі жырлағандай, оның да өнер жолында алар асуы әлі алда. Тек сол жолда өз ауылыңның алақанға салып аялап, жырларына немқұрайды қарамай, әр оқушының жадына тоқып алғаны – қаламгер үшін бақыт. Өз жерлестерінің ілтипатына бөленіп, оларға жырдан шапағат төккен Тарас Наурызәлінің жыр-керуенінің жолы ақ болғай…
Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА.