Жарнама
Қоғам

СҮРІНБЕЙТІН ТҰЯҚ ЖОҚ, БІРАҚ…

 

ЖЕТІМ БАЛА БОЛМАСА ЕКЕН

Елімізде отбасылық қатынастарды, моральдық-этикалық және рухани-адамгершілік құндылықтарды нығайту жөніндегі 2015-2017 жылдарға арналған жалпыұлттық іс-шаралар жоспары бекітілген болатын. Осы іс-шаралар жоспарының 15-тармағында қайырымдылық қорларының есебінен құрылған, жаңа туған балалары бар аналар үшін жұмыс істейтін «Аналар үйі» — «Дом мамы» дағдарыс орталықтарына қолдау көрсетуді міндеттеген.

Бүгінде осы бағытта облыстық денсаулық сақтау басқармасымен бірлескен жұмыстар атқарылуда.

Қаламыздағы дағдарыс орталығына орналасқан аналар мен олардың балаларына медициналық көмек көрсету міндеті  Атырау қалалық  №1 емханасына жүктелген.

«Аналар үйін» еліміздегі ірі кәсіпкерлер қаржыландырып отыр. Республика бойынша облыстарда 28 «Аналар үйі» бар. Өткен жылы ашылған Атыраудағы «Аналар үйінде» қазір 12 ана баласымен орналасқан. Бүгінгі семинар отбасын құрмаған, заңды некеден тыс дүниеге сәби әкелген осы жас аналардың басына түскен қиындықтарына көмектесуге арналды.

Облыстық Ішкі саясат басқармасының тапсырысы бойынша ұйымдастырылған шарада сөз сөйлеген облыс әкімінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі бас инспектор Зәмзәгүл Жалмурзина «Жуырда өткен біздің комиссияның отырысына қатысқан облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов қала және аудан әкімдеріне «Аналар үйі» дағдарыс орталығына қолдау көрсетуді ұйымдастыру шараларын жүргізуді тапсырды. Адам факторы қашанда маңызды. Сондықтан, қыз-келіншектердің тағдыры назардан тыс қалмақ емес. Осы бағытта қайырымдылық қорына облыстық мәслихат депутаты Әлия Бекқожиева қаржылай қолдау көрсетіп отырғанын айтқымыз келеді» деді.

Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының директоры Гүлнәр Мәмбетова мекемеде психолог, акушер-гинеколог мамандардың жұмыс жасайтынын айта келіп, мұндағы жас аналарға анонимді, тегін психологиялық және медициналық көмек көрсетілетінін атап айтты.

«Жарқын болашақ» жастар денсаулығы орталығының меңгерушісі Алуа Сыралиева «Қорқынышты анықтау және оны жеңу жолдары» деген тақырыпта семинар-тренингке қатысушы аналармен диалог жүргізді. Олар Ч.Д.Спилберг пен Ю.Л.Ханиннің тестілеу жүйесі бойынша мазасыздық деңгейін анықтауға арналған сауалнама сұрақтарына жауап берді. Бұдан кейін «Шаңырақ-2008» ҮЕҰ жетекшісі Жанар Ильясова «Өмірдің жағымды күштері» деген тақырыпта дәріс өткізді. Дәрістен соң «Құпия» деп аталатын бейнефильм көрсетілді.

 «Аналар үйіндегі» тыныс-тіршілік туралы да аз-кем тоқтала кетейік. Бұл мекен-жайда  тұратындар тамақпен және дәрі-дәрмекпен, сонымен қатар, әйел мен баланың жеке бас гигиеналарын сақтауға қажетті заттармен тегін қамтамасыз етіледі.

«Негізгі мақсатымыз – жетімдіктің алдын алу және балалар үйіндегі жетімдер санын азайту. Сондай-ақ, біздің міндетіміз – ана мен баланың бірге болуына жағдай жасап, әйелдерге дағдарыс кезеңінде қолдау көрсету болып табылады», дейді «Аналар үйінің» үйлестірушісі Гүлфариза Гұбашева. 

ДАҒДАРЫС ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ӨЗ ЕРЕЖЕСІ БАР

Мұнда келген әйелдермен арнайы келісім-шарт жасалады. Олар бұл үйге «баламды кәмелеттік жасқа толғанға дейін өзім тәрбиелеп өсіремін» деген мақсатпен келуі керек. Яғни, бұлар осы жерден кеткен соң да сәбилерін балалар үйіне өткізе алмайды. Сондай-ақ, әйелдер «Бұл жерге өзім сияқты тұйыққа тіреліп, тығырықтан шығар жол іздеп келген басқа аналардың тағдыры жайлы ешкімге жарияламаймын» деген серт қабылдайды. Демек, мұндағы барлық ішкі құпия сыртқа шықпауы тиіс. Әйелдердің «Аналар үйінде» сәбиі жас жарымға толғанға дейін болуға мүмкіндігі бар.

Әр отбасының ішкі ережесі болатыны сияқты, мұнда да өзіндік тәртіп орнатылған. Сағат кешкі тоғыздан кейін сыртқы қақпа жабылады. Әйелдер бейнежазба арқылы бақыланады. Рұқсатсыз ешкім ешқайда шықпайды. Ішімдік ішіп, баласын тастап, түнгі мезгілде қыдырып кетіп қалса, «Аналар үйі» ондайлармен дереу қоштасады.

«Аналар үйіндегі» ішкі тәртіптің сақталуы, балалардың уақытында емханадан ем алуы, дәрігердің берген емінің орындалуы, жаңа босанып келген әйелдерге бала күтімін үйрету сияқты жұмыстармен медбике айналысады. Сондай-ақ, медбике жас аналардың ас мәзірінің дәмді әрі құнарлы болуын да қадағалайды. Әйелдер өздері паналап отырған бұл шаңырақтағы үй шаруасын кезекшілік тәртібімен өздері атқарады.

Сенім деген сөзге секеммен қарайтын өміріне өкпелі бұл  нәзікжандыларға психологтар мен заңгерлер де көмек көрсетеді. Айталық, осындағы әйелдердің құқын қорғауға жұмыстанатын заңгерлер олардың алимент өндіру туралы құжаттарын сотқа дайындайды. Мұның бәрі әйелдердің өз ұсынысымен жасалады. Өйткені, кейбір аналар баласының әкесінен алимент алудан бас тартады.

«Біз баланың әкесімен сөйлесіп, олардың бастарын біріктіруге тырысамыз. Осыған дейін екі әйелді баласымен жігіттері келіп алып кетті. Көп ұзамай олар отбасын құрды. Әрине, жұмысымыздың нәтижесі ылғи да осылай болса жақсы ғой. Бірақ, көбінесе ерлер әкелігін мойындамайды. Және бір дерек: «Аналар үйі» тұрғындарының 95 пайызы жанұялы адамдардан жүкті болған. Олардың өз отбасы, балалары бар» — дейді Гүлфариза Дендерқызы бізбен әңгімесінде.

«Аналар үйіне» орналасқан соң, әйелдер қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арқылы мекен-жайға тіркеуге тұрып, біржолғы жәрдемақыларын алады. Әлеуметтік төлемақылары тағайындалады. Декреттік құжаттары рәсімделеді. Содан кейін балабақшаның, үйдің кезегіне есепке қойылады. Тегін курсқа жазылады. Кейін сол курстан алған білімдері бойынша жұмысқа орналасуларына болады.

Айталық, мұндағы екі әйел компьютерлік сауаттылықты үйренсе, біреуі маникюр, педикюр жасауды меңгерді. Үшеуі қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арқылы жұмысқа орналасқан. Екі әйелдің жоғары білімі бар. Сондай-ақ, ісмерлікпен айналысқысы келгендерге тігін машинасы да дайын. 

Он  екі  ананың сегізі  –  аудандардан

Білгеніміздей, мұндағы он екі әйелдің сегізі аудандардан келіпті. «Көзімізге көрінбе! Қайда барсаң, онда бар» деп оң жақта отырып, ұятты болған қыздарын ауылдағы ата-аналары үйден қуып жіберген. Олар барар жері, басар таулары болмағандықтан осында маңдай тіреген. Көбісі Астана, Павлодар сияқты қалалардағы «Аналар үйімен» хабарласып, сол арқылы осы мекен-жайды сұрастырып білген. Ғаламтордан, «Фейсбук» сияқты әлеуметтік желілер арқылы ақпарат алғандар да бар.

Дағдарыс орталығына Қызылқоға ауданынан хабарласқан бір әйел: «Күйеуім қоғамдық жұмыста жасайды. Айлық жалақысы – он жеті мың теңге. Немеремізді баға алмай отырмыз. Сол себепті де қызымызды баласымен уақытша сіздердің мекемелеріңізге жіберуге мәжбүрміз» деп іштен шыққан перзенттерін кішкентайымен бірге өздері әкеліп орналастырған.

«Аналар үйіне» көмек сұрап келген Геолог поселкесінде тұратын бір азаматша: «Қызымды баласымен бірге бағуға жағдайым жетеді. Өзім де жалғызбасты анамын. Бірақ, анасы баласын алғысы келмейді. Әу баста-ақ ол осылай еткісі келген. Күйзеліске түсіп, бірден омырау сүтінен айырылды. Ал, мен немеремді бөтен жерге тапсыруға бата алмадым. Сол себепті де қызымды көндіріп, баласын алғыздым. Сәби алты айлығында дүниеге келді. Вакуумде жатты. Жасанды сүт ішеді. Туғаннан өзім өсіріп келемін. Бірақ, мен жұмыстың адамымын. Қызметке кеткенімде қызымның баласын қолына ұстамайтынын білдім. Сәбиі жылағанда құлағын басып жатып алады. Мен қашанғы ақысыз күн алып, қызметтен қала беремін? Отбасымды асырауым керек. Зейнетақы жасына жеткенім жоқ. Осындағы аналарды көріп, қызымның да өз баласына деген мейірімі оянар деген оймен әкелдім» деп өз жағдайын бүкпесіз түсіндірген.

Иә, «Аналар үйіндегілердің» тағдыры әрқилы. Біреуінің шешесі «аналық мейірімі оянсын» деп өзі жетелесе, бірінің ата-анасы шіріген жұмыртқаға теңеп, туған қызынан теріс айналған. Енді біреулері әке-шешесінен жасырынып келіп, осы жерді паналауда. Бір әйелді ауруханадан шығарғанда барар жері болмағандықтан дәрігерлердің көмегімен осы жерге жеткізген.

Міне, «Аналар үйінің» есігін ақырын жауып, тысқа да шықтық. Көз алдымызда – сан түрлі тағдырлар. Оларға бұл істерің дұрыс не бұрыс деп айтуға дәтің бармайды. Себебі, адам өмірге келгенде бәрін біліп туса, қателік те болмас еді. Бірақ, біз адамбыз ғой…

 

 Бағила САҒЫНДЫҚҚЫЗЫ.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button