20541574775 27d0ca8592 b

АМУ ректоры Абзал Талтенов жастар көптеген батырларымызды білмейтіндігін жеткізді

Білім Жаңалықтар Қоғам

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде өткен сарапшылар кеңесінде Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ректоры Абзал Талтенов өз жобаларымен бөлісті.

20541574775_27d0ca8592_b

– Бір айта кетерлік мәселе, рухани жаңғыру үрдісімен әр адам өз саласы бойынша ғана жеке-дара айналысып жатыр. Аймақ басшысының бірігуге шақырған үндеуін толық қолдаймын. Бұл бағытта университетімізде екі зерттеу орталығы жұмыс істейді. Біз өз тарапымыздан 17 жоба ұсынып отырмыз. Біріншісі, қазақтың өшпес өнер үлгілері, оның ішінде айтыс, шешендік өнер және басқалары бар, барлығын қамтитын үлкен этнокешен салу, құны шамамен 100 млн теңге. Екіншісі, үш тілдегі ақпараттық-танымдық сайт пен мобильді қосымша ашу, құны 20 млн теңге. Үшіншісі, киелі жерлердің электронды картасын жасақтау. Төртіншіден, ежелгі Сарайшық қаласының көрінісін «3D» форматына келтіріп дайындау (30 млн тг). Бесіншіден, топонимикалық сөздік басып шығару. Алтыншыдан, «Жүз қария» бағытында фольклорлық мәліметтерді хатқа түсіру (15 млн тг). Жетіншіден, Ұлы Жібек жолы бойымен экспедициялық сапар ұйымдастыру (20 млн тг). Сондай-ақ, Ресей мен Қытай мемлекеттеріне археографиялық жорық ұйымдастыру.

Тағы бір жоба, тұлғалар аллеясын жасау (50 млн тг). Мектеп оқушылары үшін танымдық-тағылымдық электрондық экспедиция қажет. Ал, студенттерге Елбасы бағдарламасы аясында дәрістер курсын өткізу маңызды. «Мәдени мұра» бағдарламасы шеңберінде ресейлік қазақтар және шетел топырағында жатқан алаш зиялылары жөнінде деректі фильмдер түсіру (әрқайсысына 30 млн теңге) қажет. Атырау қаласының тарихын ежелгі «Ақтөбе-Лаети» қалашығымен байланысты зерттеген жөн. Осы орайда, ескі қорымдардағы құлпытас жазуларын қазақ тіліне аударған дұрыс.

Сондай-ақ, қазіргі орталық Исатай-Махамбет алаңында екі батырдан басқа жауынгер мүсіні жоқ. Олар туралы халық хабарсыз, өскелең ұрпақ білуі тиіс. Бұл орайда, он шақты мүсін дайындау үшін шамамен 50 млн. теңге керек. «Еділ-Жайық» тақырыбында шетелдік өкілдермен бірлесіп халықаралық конференциялар өткізу де жоспарда бар, – деді Абзал Ахатұлы. Осы ретте, Мұхит Ізбанов білім ордасында оқып жатқан шетелдік студенттер де қамтылса деген тілегін білдірді. Өйткені, олар экспедиция арқылы Сарайшықты көрсе, кейін елдеріне соны айтып барады.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған