
Ресейге сапарлайтындарға жаңа талап
Осы жылдың 30 маусымынан бастап Ресей Федерациясына баратын шетел азаматтары, соның ішінде қазақстандықтар да елге кіру тәртібіне енгізілетін жаңа талаптарды ескеруі тиіс. Бұл өзгерістер Ресей үкіметінің шетелдік азаматтардың кіруін цифрлық форматта реттеуге бағытталған бастамасы аясында жүзеге асады.
Жаңа жүйе қалай жұмыс істейді?
Жаңа тәртіпке сәйкес, Ресейге кіргісі келетін кез келген шетел азаматы сапарына кемінде 72 сағат қалғанда арнайы цифрлық профиль қалыптастыруы тиіс. Бұл жүйе RuID деп аталатын мобильді қосымша арқылы жүзеге асырылады. Қосымша – шетелдіктерге арналған электронды қызметтерді біріктіретін жаңа цифрлық платформа ретінде ұсынылып отыр.
RuID арқылы келушілер Ресей билігіне алдын ала сапары туралы мәлімет береді және медициналық сақтандырудан бастап мемлекеттік қызметтерге тіркелуге дейінгі бірқатар функцияларды пайдалана алады.
Шекарадағы тәртіп күшейтіледі
Цифрлық профиль мемлекеттік дерекқорлармен байланыстырылып, шекаралық бақылау кезінде негізгі құжаттардың бірі ретінде қарастырылады. Егер бұл талап орындалмаса, азаматты елге кіргізбеуі немесе шекарада ұзақ кідіртуі мүмкін.
Кімдер босатылады?
Жаңа талаптар 6 жасқа дейінгі балаларға, сондай-ақ Ресейде ресми түрде тіркелген дипломатиялық өкілдіктер мен халықаралық ұйымдар қызметкерлеріне және олардың отбасы мүшелеріне қолданылмайды.
Шұғыл жағдайға ерекше тәртіп
Егер азамат Ресейге жедел түрде – мысалы, туысының қайтыс болуы немесе шұғыл медициналық көмек қажет болуына байланысты баруы керек болса, онда RuID жүйесінде тіркелуді кемінде 4 сағат бұрын орындау қажет. Сонымен қатар, жағдайды растайтын құжаттарды жүйеге жүктеу міндетті.
Адыраспан – тыйым салынған өсімдік
Айтпақшы, сондай-ақ, Ресей заңнамасына енгізілген өзгеріске сәйкес, ел аумағына құрамында есірткілік және психотроптық заттар бар өсімдіктерді, соның ішінде адыраспанды алып кіруге қатаң тыйым салынады. Бұл талапты бұзған жағдайда ірі көлемдегі айыппұл немесе бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін.
Біздің өңірде адыраспан емдік мақсатта көп қолданылатындықтан, оны шекарадан өткізбек болатындар кездесу мүмкін. Ал, бұл өсімдік Ресейде тыйым салынған заттар тізімінде тұр. Сондықтан тұрғындар заң талаптарын сақтап, қиындыққа тап болмауды ескерсе болғаны.
«Ресеймен арада визалық режим жоқ»
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Ресей Федерациясы енгізгелі жатқан шекарадан өту ережелеріне қатысты түсініктеме берді. Кейбір бұқаралық ақпарат құралдары бұл өзгерістерді «визалық режим» ретінде сипаттап, қоғамдық алаңдаушылық тудырған болатын.
Министрліктің ресми өкілі Айбек Смадияров бұл пікірлерге жауап беріп, қазіргі таңда Қазақстан азаматтары үшін Ресеймен арада визалық режим жоқ екенін нақты айтты.
– Ресей енгізіп жатқан өзгерістер – бұл стандартты шекаралық бақылау шаралары. Мәселен, биометриялық деректерді жинау сияқты процестер. Мұндай тәжірибе Оңтүстік Кореяда да, өз елімізде де қолданылады. Бұл визалық режим емес, — деді А.Смадияров.
Оның айтуынша, жаңа талаптар бойынша нақты ақпарат алу үшін азаматтар Ресейге сапар алдында шекарадан өту шарттарымен алдын ала танысып, дайын болғаны жөн.
– Біз бұл мәселені мұқият зерделеп жатырмыз. Қажетті консультациялар мемлекеттік органдармен бірге жүргізілуде. Азаматтарымыз үшін шекарада күтпеген жағдайлар туындамас үшін, жаңа талаптармен таныс болу маңызды7 Кейбір бұқаралық ақпарат құралдары өзгерістерді «визалық режим» деп сипаттап, шындыққа жанаспайтын мәлімет таратуда. Мұндай жаңсақ түсініктер қоғамда қажетсіз дүрбелең тудыруы мүмкін, — деп толықтыра келе Айбек Смадияров БАҚ өкілдерін ақпаратты дұрыс таратуға шақырып, арандатуға жол бермеуге үндеді.
Түйін
Жаңа жүйе күшіне енбей тұрып, Қазақстан азаматтарына Ресейге бару жоспарын мұқият пысықтауға кеңес беріледі. Құжаттардың толықтығына көз жеткізіп, цифрлық профильді уақытында және дұрыс толтыру – сапардың сәтті өтуіне ықпал ететін басты шарттардың бірі болмақ.
*Сіз не дейсіз?
Серік СДЫХОВ, Құрманғазы ауданы Көптоғай ауылының тұрғыны:

–Жаңа талаптар шыққалы бері елдің көкейінде көп сұрақ пайда болды. Енді Ресейге бару үшін RuID деген қосымша арқылы алдын ала цифрлық профиль толтырып, сапарға 72 сағат бұрын дайындалу керек екен. Біз сияқты шекара маңында тұратындар үшін бұл өте қолайсыз. Көпшілігіміз күнделікті тіршілікпен, кейде жедел шаруамен көрші елге өтіп келіп жатамыз.
Ең қиыны – күтпеген жағдайларда. Мысалы, біреу шұғыл түрде ауырып қалса, шекараның ар жағындағы ауруханаға апару керек болса ше? Ондайда 4 сағат күтетін уақыт жоқ. Бұл талап адам өміріне тікелей әсер етуі мүмкін. Осындай жағдайларды кім ескеріп отыр?
Бір жағынан біз – Кедендік Одақ құрамындағы елміз, яғни еркін қозғалыс құқығымыз бар деп сеніп келдік. Бірақ мына жаңа ережелер шектеу сияқты көрінеді. Қарапайым халық үшін бұл – қосымша кедергі. Әсіресе егде жастағы кісілер мен цифрлық технологияға икемі жоқ адамдар үшін қиын. Мемлекет тарапынан түсіндіру жұмыстары мен нақты жеңілдіктер болмаса, бұл талап көп адамға ауыр соғуы мүмкін.
Рита ӨТЕУҒАЛИ