БҰҚАРА ЖӘНЕ ШАҺАР ШЫРАЙЫ

Немесе тазалық табалдырықтан басталады

Бұған дейін газетімізде хабарланғанындай, үстіміздегі жылғы 1 тамыз - 1 қазан аралығында Атырау қаласында санитарлық тазалық екі айлығы жарияланғандығы белгілі.
Елді мекендердің санитарлық тазалығын, сумен қамтылуын және канализация объектілерінің 2014-2015 жылдардың күзгі-қысқы маусымына дайындығын қамтамасыз ету мақсатында қолға алынып отырған аталмыш шара шеңберінде күнделікті жүргізілетін тазалық жұмыстарымен қатар жеті мәрте жалпықалалық сенбілік ұйымдастыру жоспарланған.

Соның алғашқысы кешегі сенбіде өткізілді. Бұл күні қала әкімдігі аппаратынан бастап барлық салалық бөлімдер, ірі кәсіпорын-мекемелер, «Жасыл ел» студенттік жасақтары ерікті еңбек мерекесіне шықты. Олар негізінен өздері орналасқан аумақта, бекітіліп берілген учаскелерде, Жайық өзені жағалауы мен қоқыс-қалдықтар көп шоғырланған орындарда болды. Тазалық жұмыстарын жүргізіп, тұрғын аудан аулаларын, жағажайды қаулап өсіп кеткен арам шөптерден арылтты, жабайы үйінділерді ретке келтірді.
Осылайша, қаладағы жоғары және арнаулы орта оқу орындарының студент-жастарынан құрылған «Жасыл ел» жасағының мүшелері (жалпы саны 400-дей адам, соның бір бөлегі өзіміз көріп, жүздескен Атырау мұнай-газ институтының студенттері екен) жетекшілерімен бірге «Алмагүл» мөлтекауданындағы саябақтан табылып, өзен жағалауының «Атырау» дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен Тұрғын үй қалашығы аралығындағы бөлігін тазалады.
Сенбілікте қаладағы пәтер иелері кооперативтері мен жекелеген тұрғындар да белсенділік танытып, ортақ іске үлестерін қосты. Осы орайда, Орталық мөлтекауданындағы 13 көппәтерлі үйді қамтып отырған «Энергетик» (басқарма төрағасы Алексей Швец), 30-ға тарта көпқабатты үйге қызмет көрсететін «Бәйтерек алаңы» (Төлеуғали Сәменов), Авангард-3 м/а-ындағы «Ануар-Авангард» (Людмила Шароварова) ПИК-терін және т.б. атауға болар еді. Олар өздеріне қарасты үйлердің аулаларында тазалық жұмыстарын атқарумен шектелмей, кірме жолдардың жиектастарын әктеу, балалардың ойын алаңдарын, адамдар демалып отыратын орындықтарды, қоршауларды сырлап, сәнге келтіру жұмыстарымен де айналысты. Жасыл желекке көңіл бөліп, күтіп-баптауды да ұмытпады.
Атап өтерлік жайттың бірі, осыған дейін құрылысқа қажетті топырақ алынатын орын ретінде пайдаланылып келген «Атырау» мөлтекауданындағы карьердің кейінгі кездері қоқыс-қалдықтар төгілетін стихиялы үйінділер алаңына айналғандығы болатын. Аталмыш учаске де назардан тыс қалмай, шаһар басшылығының пәрменімен бұл жерді де жөнге келтіру шаралары қолға алынды. Осы шаруаның басы-қасында жүрген қалалық тұрғын үй-коммуналды шаруашылық, жолаушылар тасымалы және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы Серікбай Қазиевтың айтуынша, сенбілік күні жоспарланған жұмыстарға «Арнаулы автокөлік базасы» КМК-нан басқа да кәсіпорындардан бірнеше ондаған жүк көліктері мен арнаулы техника түрлері, жүздеген адам қатыстырылған, тұрмыстық және құрылыс қалдықтары шығарылған. Және де бұл күні қала сыртындағы қоқыс полигонында тегін қызмет көрсетілетіндігі де мәлімделді.
Сенбілікте қала аумағындағы селолық округтердің жоғары белсенділік көрсеткенін де айта кеткеніміз ләзім. Осылайша, тоғыз округтен тазалық жұмыстарына 190 мекеме, 3538 адам және 31 техника қатысқан. Нәтижесінде, 113,8 текше метр қалдықтың сыртқа тасылып, шығарылғандығын білдік. Әрине, бұған қарап, жағдай барлық жерде бірдей болды, сенбілік жоғары деңгейде өтті, деп бағалау да қисынсыз. Бұған дәлел, жеке секторды, яғни жекелеген тұрғындарды есепке алмағанның өзінде облыста 124 мекеме сенбілікке мүлдем қатыспаған болып шықты. Олардың арасында ірі-ірі шетелдік, бірлескен және отандық компаниялардың барлығы, кәсіпкерлік құрылымдарының да көптеп саналатындығы ашық айтылды. Осы деректерді қаперге алсақ, алғашқы сенбілік серпіліс туғызғанымен, ортақ іске енжар қарайтындардың да табылатындығын аңғару қиын емес.
Бұл тек бастамасы ғана. Тамыз айының 2-сінен бастау алған жалпықалалық сенбіліктер әр сенбі сайын жалғасын таппақшы.

Дәулетқали АРУЕВ.
Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз