dalanews kurban shalu

Құрбандық шалудың шарттары қандай?

Жаңалықтар Қоғам

Atr.kz/5 тамыз, 2019 жыл. Діни басқарма Құрбан айт мейрамы 11 тамыз күні басталатынын хабарлайды. Астрономиялық тұрғыдан Айдың тууы бейсенбіге, яғни, 1 тамызға сәйкес келеді. Ал, 2 тамыз зулхиджа айының бірінші күні болып саналады. Арапа күніне келсек, бұл атаулы күн  10 тамызға  сәйкес келіп тұр.

Әзірет Сұлтан мешітінің наиб имамы Бақытжан Өткелбаевтың айтуынша, бір ірі қараны жеті адам құрбандыққа шала алады. Сиырдың бағасы 315 000 теңге деп белгіленді. Сонда әрбір адам 45 000 теңгеден тапсыруы керек.

Мешітке жеті адам ертіп келу керек пе?

«Бір адам отбасының атынан құрбандық шалады. Ол бір немесе бірнеше сиыр шала алады, я болмаса бірнеше адаммен бірігіп шалса да болады. Мешітке жеті адам алып келу міндетті емес. Өзі келсе, біз қалған алты адамды тауып береміз. Сосын 11 тамыз Құрбан айт күні намаздан кейін «Алтын таға» мал базарында барлық малды шаламыз. Бөлшектейміз, пакетке саламыз. Сөйтіп, мұқтаж жандарға мешіттен таратамыз», – дейді Өткелбаев.

Мешіт арқылы құрбандық шалатын адам барлық шараға өзі де қатыса алады. Сол жерде еттің үштен бір бөлігін алып кетсе де болады.

«Мал базарында біз ас ұйымдастырамыз. Сол жерде құран оқылады. Сондықтан мал шалатын адам осы шараларға қатысса да болады. Ал уақыты болмаса, өкілдікті мешітке береді. Біз сол кісінің атын атаймыз да, қасапшылар малды шалады. Негізі, мешіт құрбандық шалу шараларын атқарып қана қоймай, халықтың өзі шалған малдың етін де қабылдайды. Сөйтіп, мешіт арқылы мұқтаж жандарға үлестіріледі», – деп атап өтті наиб имам.

Құрбандықты кім шалуы қажет?

Құрбандық шалу төрт шартқа ие жандарға уәжіп: мұсылман болуы, ақылды және балиғат жасына толуы, құрбан айт уақытында жолаушы болмауы және негізгі қажеттерден тыс нисап мөлшеріндегі қаржыға ие болуы.

Нисап мөлшері – 85 грамм алтын, яки соның құнына тең келетін ақша. 40 қойдан 119 қойға дейін иелік еткендерге де құрбандық шалу міндеттеледі. Мұндай байлық мөлшері қолында жоқ адамдарға құрбандық шалу міндет болмағанмен, жағдайы келсе құрбандық шалуына рұқсат етілген.

Құрбандыққа шалынған малдың етін үш бөлікке бөліп тарату – мұстахап. Бір бөлігі – туған-туыс, көршілеріне бай болса да сыйға тартылады, екінші бөлігі – кедей мен мұқтаж адамдарға, үшінші бөлігі – өзінің отбасына, бала-шағасына тиесілі. Бірақ шалынған малдың етін түгелдей кедей-мұқтаждарға таратуға болады.

Құрбандыққа қандай мал жарамды?

Құрбандыққа қой, ешкі, сиыр, түйе секілді малдар жарамды. Қой мен ешкі ең кемі бір жасар болуы керек. Дегенмен, алты айлық қозы бір жасар қой секілді ірі, қоңды болса, құрбандыққа жарамды. Ал ешкі бір жасқа толған болуы қажет. Сиыр екі, түйе бес жасқа толғанда құрбандыққа шалуға болады. Құрбандық малының дені сау, етті және дене мүшелері түгел болуы керек. Оның бойында құрбандық ретінде шалуға кедергі келтіретін кемшіліктер болмауы шарт.

Қой немесе ешкіні тек қана бір адам құрбандыққа шала алады. Ал сиыр немесе түйені, яғни ірі қараны бір кісінің жалғыз өзі не жеті кісінің бірігіп шалуына болады. Құрбандықты бірге шалған уақытта әрбір адам ниетімен ортақтасуы керек. Бір кісі құрбандық үшін, ал екіншісінің ниеті басқа болса, шалынған мал ортақтасқандардың бәрі үшін құрбандық болып есептелмейді.

Байболат СҰҢҒАТОВ,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік

университетінің 4 курс студенті

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған