РАДИАЦИЯЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК – ҚАТАҢ БАҚЫЛАУДА
Оған қала, аудандардағы Тұтынушылар құқықтарын қорғау басқармаларының басшылары, санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталығының мамандары, ірі өндірістік мекемелердің, сондай-ақ, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Алқалы жиынды облыстық Тұтынушылар құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Өмірзақ Зинуллин ашып, жүргізіп отырды.
Аталмыш мәселеге орай Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің өндірістік нысандарды қадағалау бөлімінің бастығы Айгүл Ысқақова, осы департаменттің бас маманы Айнагүл Көшкінбаева, басқа да мамандардың баяндамалары тыңдалды. Баяндамаларда айтылғандай, соңғы жылдары Батыс Ескенеде ірі мұнай-газ зауытының құрылысы аяқталуда. Осы сияқты қоршаған ортаға зиянды әсері бар бұдан да басқа мұнай-газ өндіретін, тасымалдайтын ірі өндіріс, құрылыс нысандары бар. Жалпы өңірде қоршаған ортаға зиянды әсері бар 350 нысан бар.
Мамандардың дәйектемелеріне қарағанда, «Аджип ҚКО» компаниясы тарапынан «Болашақ» зауытын іске қосу бағытында бірнеше қабылдау комиссиялары өткенмен, нысанды тапсырғанда жобаланған санитарлық-қорғау аумағындағы абаттандыру, көгалдандыру мәселелері ескерілмеген. Мұндай жайт Теңіз кеніші тарапынан да орын алған, яғни, көгалдандыруға жобаланған жұмыстар күні бүгінге дейін толық шешімін таппаған. Ал, басқа да кәсіпорындар мен кәсіпкерлік субъектілері бұл жұмысты бастауға асығар емес. Күні бүгін тек қана 43 мекемеден қалалық, аудандық жер бөлімдеріне санитарлық-қорғау белдеуі жерін заңдастыруға сұраныс түскен. Қазіргі уақытта облыста иондаушы сәуле көздерімен жұмыс жасайтын 23 нысан бақылауға алынған, оларда 220 адам жұмыс істейді.
2013-2014 жылдары радиациялық қауіпсіздікті бұзу оқиғалары тіркелмегенмен, 2010-2012 жылдары осындай бірнеше жағдай орын алған. Қарабатандағы «Болашақ» зауытының құрылысын жүргізуде «Гате-Иншаат Таахют Санайи Ве Тиджарет» АҚ ЕҚФ-ның қойма алаңында радиациялық фонның 120 есе жоғарылауы тексеріс кезінде анықталған. Онда иондаушы сәуле көздерімен жұмыс жасап жатқан «КАZ-ЕN», «МQS-Кazakhstan» ЖШС тарапынан радиациялық қауіпсіздікті сақтамауынан сот шешімімен жұмыстары тоқтатылған, радиактивті ластануға себеп Иридий-192 көзі екені гамма-спектрометр приборы арқылы анықталды. 2011 жылдың қараша айында «Жылыоймұнайгаз» басқармасының өндірістік базасы аумағында пайдаланылған темір қалдықтары арасында салмағы 23,35 т радиактивті ластанған темір құбырлары табылған.
Семинар-кеңеске қатысқан Қазақстан Республикасы Тұтынушылардың құқықтарын қорғау агенттігінің Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми- әдістемелік орталығы РМҚК радиологиялық бөлімі басшысы, медицина ғылымдарының кандидаты Нысанғали Қожахметов Атырау өңірінде мұнай-газ кешені, өндіріс нысандарына қойылатын радиациялық бақылаудың жеткіліксіздігі, сондай-ақ, медицина қызметінде де сәулелік диагностикаға қатысты қорғаныс талаптарының төмендігін, сондықтан, бұдан өндіріс, мекеме, ұйым басшылары қорытынды шығаруы тиістігін атап өтті.
Ғайнолла ЗИНУЛЛИН.