Жарнама
Қоғам

Құлсарыдағы құс фермасының жұмысы неге тоқтап тұр?

Атырауда «индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы» аясында көптеген жоба қолға алынып келеді. Бірақ, олардың бірқатарының ғұмыры қысқа болып жатады.

Көп алысқа бармайақ, осыдан алты жыл бұрынғы «жылына 500 тонна жүн өңдеп, 200 мың табиғи көрпені нарыққа шығарады» деп жоспарланған жүн өңдеу фабрикасын алайық. Ол ашылады дегенде малының жүнін қайда өткізерін білмей басы қатып келген ауыл шаруаларының қуанышында шек болмаған еді. алайда, қуаныштары ұзаққа созылмады. Ауылдардан тонналап жүн қабылдап, сұранысын өтейді деген жобаның өмірі неге қысқа болды? Ал, асыл тұқымды балапандарды сонау Ресейдің Свердлов облысынан алып, 70 мыңға дейін тауық асыраған, күніне 163 келі құс етін беріп, бүкіл облысты жұмыртқамен жарылқамақшы болған Құлсарыдағы құс фермасының жұмысы неге жүрмей тұр? Осы жобалардың барлығы жоғарыда айтқан бағдарламадан бастау алды емес пе?!

Осы сауалдарды біз «Атырау облысының индустриялық инновациялық даму басқармасының 2022 жылы атқарған жұмыстары және алдағы жоспарлары» жайлы брифинг өткізген облыстық индустриялықинновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ризабек Мұсағалиевке қойған едік. Ол кісі аталған жобаларды қаржыландыру ауыл шаруашылығы басқармасы арқылы жүзеге асқанын, сол себепті оған нақты жауап бере алмайтынын айтты. Сонда бұл жобаларға «Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы» деп несіне ат қойып, айдар тағамыз?» деген сауал көкейде қалған. Ризабек Жасқайратұлы жауап бермегенімен, бұл мәселенің мәнісін кейін басқарманың өндірістік даму бөлімінің басшысы Ақбөбек Шарғабаевадан білдік:

– Біз мұндай жобаларға құжат жүзінде айтқанда, қаржылық емес қолдау көрсетеміз. Жоба қай салаға қатысты болса, сол басқармаға ұсыныс жолдаймыз. Әрмен қарай қаржыландыру мәселесі сол жақтан шешіледі. Біздің міндет – басталған іс толыққанды жүзеге асып, кәсіпкер аяғынан тік тұрып кеткенше қолдап, бағыт-бағдар беріп отыру, — дейді Ақбөбек Сағынбайқызы.

Басқарма басшысының сөзінен, осындай өзге де жобалардың жылма жыл жүзеге асырылып келе жатқанын білдік. Бірақ, олардың да арты сиырқұйымшақтанып кетпесіне кім кепілдік береді?!Айталық, Р.Мұсағалиевтің хабарлауынша, былтыр «Индустриалдыинновациялық даму бағдарламасы» және «Кәсіпкерлікті қолдау картасы» шеңберінде 815,2 млрд. теңгенің 3 жобасы іске асырылған. Оның нәтижесінде 616 жұмыс орны ашылыпты. Олар қандай жобалар? Тізімнің басында «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» ЖШС-нің газхимиялық кешенінің құрылысы тұр. Президенттің өзі тұсауын кескен, 500 адамды жұмыспен қамтыған полипропилен өндіру жобасының құны 814 288 млн. теңгеге бағаланды. Келесі кезекте «ЭлитСтройАтырау» ЖШС-нің саз кірпіш өндірісі.

Бұл да – ірі жоба. Құны 240 млн. теңге тұратын зауытта құжат бойынша 100 адам еңбек етуі тиіс. «Еврострой» ЖШС-нің бетоннан жасалған қабырға және жол бұйымдарының өндірісі де жылдан жылға кеңейіп келе жатқан Атырау үшін аса қажет. 633 млн. теңгеге бағаланған жобада 16 адам жұмыс жасап жатыр.

– Биыл бірыңғай индустрияландыру картасы аясында 14,9 млрд. теңгенің 3 жобасын іске қосу жоспарланып отыр. Оның бірі – «Ультрастаб Казахстан» ЖШС — нің жобасы 2 млрд. теңгеге бағаланған тоқыма гео текстиль шығаратын цехы. Бұдан басқа, Атыраудан «ATYRAU CHICKEN» ЖШС-нің ет бағытындағы құс фабрикасы мен «РГК-Каспий» ЖШС-нің экструзиялық геосинтетика шығаратын цехы ашылады. Бұл жобалардың құны тиісінше 9,9 және 3 млрд. теңге тұрады. Аталған жобалар бойынша 207 адам екі қолға бір кәсіп көзін табады деп жоспарланған, — дейді Ризабек Жасқайратұлы.

Әрине, қағаз жүзінде қатып тұр. Тек бұл жобалардың да алдыңғыларының кебінін кимей, халықтың игілігі үшін қызмет еткенін қалаймыз. Өйткені, олардың көпшілігіне Үкімет тарапынан қолдау көрсетілгеннен кейін мемлекеттен қыруар қаражат бөлінетіні хақ. Брифингте өзге де мәселелер сөз болды. Соңынан басқарма басшысының міндетін атқарушы Р.Мұсағалиев бірқатар жаңалықтарыменде бөлісті.

Биылғы мамыр айында біздің аймақтың ресми делегациясы Астрахан облысына іссапармен барады екен. Оның нәтижесі бойынша Атырау мен Астрахан облыстары арасындағы ынтымақтастықты дамыту жөніндегі 2023-2026 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына қол қою жоспарланған. Өткен жылы Атырау облысында Нидерланды корольдігінің құрметті консулдығы ашылғаны аян. Алдағы уақытта Литва, Бельгия және Хорватия елінің өкілдері де Атыраудан құрметті консулдықтарын ашуға қызығушылық танытып отырған көрінеді.

Ризабек Жасқайратұлының берген мәліметіне қарағанда, жалпы облыстағы өнеркәсіп өнімінің көлемі 13,1 трлн. теңгені құрады. 46,8 млн. тонна мұнай және 23,3 млрд. текше метр ілеспе газ өндiрілді. Бұл 2021 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 109,8 пайызға артық.

Ербол ҚОШАҚАНОВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button