
Қаржылық қиындыққа тап болғандарға — тегін тренинг
Атырау облысында берешегі 90 күннен асқан адамдар үшін тегін тренингтер ұйымдастырылады. Жоба аясында жылдың соңына дейін офлайн және онлайн форматта үш күндік оқыту курстарын өткізу жоспарланған.
«AMANAT” партиясы Атырау облыстық филиалының саяси жұмыс бөлімінің кеңесшісі Жаңылсын Қадырғалиеваның айтуынша, тренингтер барысында азаматтар қаржылық сауаттылықты арттыру, құқықтық көмек алу, бұғаттаудағы есеп-шоттарды қайта ашу,
жеке тұлғаларды банкроттыққа жіберу тәртібі,
жұмыспен қамтудың мүмкіндіктері мен кәсіпкерлікке тарту жолдары секілді өзекті мәселелер бойынша білікті мамандардан кеңес алады.
Бұл бастама қаржы саласындағы қиындықтарға тап болған азаматтарға жүйелі қолдау көрсетуді мақсат етеді. Жоба аясында аймақ бойынша арнайы менторлар мен сарапшылар тобы жұмыс істейді.
Оқыту курстары негізінде Атырау қаласы, Махамбет ауданы бойынша ментор Ақан Қайырғалиев (+7 701 797 24 67), Мақат, Қызылқоға, Жылыой аудандарында сарапшы Саламат Исмағұлов (+7 701 395 08 08), Исатай, Құрманғазы, Индер аудандарында сарапшы Оралбек Көпбергенов (+7 778 682 76 44) қызмет көрсетеді.
Аталған курстарға қатысу үшін азаматтар qogamfin.kz сайтына тіркелуі қажет.
Айта кету керек, тренингтерге тек қаржы мекемелері алдындағы мерзімі 90 күннен асқан берешегі бар азаматтар қатыса алады.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА
Сурет: FinGramota.kz