Латынға көшу – әлемге ашылған терезе

20170913110314 Жаңалықтар

Латын қарпіне көшуге байланысты елдегі қоғамдық пікірді, халықтың көзқарасын білу мақсатында түрлі форматтағы жиындар мен кездесулер көптеп ұйымдастырылуда. Соның бірі Атырау қалалық әкімдігінде «Латын әліпбиіне көшудің маңыздылығы» тақырыбындағы дөңгелек үстел. Қала әкімінің орынбасары Полымбет Хасанов жүргізген жиынға қоғам қайраткерлері мен тіл мамандары, ауылдық округ әкімдері қатысты.
20170913110314

Қадыр ЖҮСІП, филология ғылымдарының докторы:

Жүсіп

«Түркі әлемін біріктіреді»

Өңірімізде 1989 жылы құрылған Қазақ тілі қоғамының төрағасы болдым. Мұны текке айтып отырғаным жоқ. Қазақтың өз тілі өзіне өгей болған сол уақытта Қазақ тілі қоғамының алдында тұрған міндет тіл мәртебесін көтеру, ана тілінде сөйлейтін ұрпақ қалыптастыру еді. Облыстық «Атырау» газетінің бас редакторы Исатай Балмағамбетов және басқа да оншақты жігіт болып қаладағы әр балабақшадан бір-бірден қазақ тілі топтарын аштық. Сол кездегі бізді еккен алғашқы дәніміздің, бүгіне міне, жемісін көріп отырмыз. Латын әліпбиіне көшу туралы бастаманы Тіл білімі институты көтерген болатын. Арабтан латынға, кейін латыннан кирилицияға көшкенде тап қазіргідей талқыламай көше салдық, қиындық болмады. Тәуелсіз ел болғалы 25 жыл уақыт өтсе де, қазақ тілінің латын қарпін әлі қолданысқа енгізе алмай келеміз.

Латынға көшу – түркітілдес халықтарға, олардың мәдениетіне бір табан жақындай түсуімізге жол ашады. Латын қарпін енгізу арқылы өзге тілдерді де еркін меңгереміз. Қазақтың сөздері анық айтылып, тіл тазалығы болады.

 

Жомарт МҰХАМБЕТОВ, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты:

MukhambetovZhomart

«Әріптер саны 26-дан аспағаны дұрыс»

– Бізде өзге елдер қолданып отырған латын әліпбиінің оң тұстарын да, теріс тәжірибесін де ескеріп, оңтайлы жасап алуға мүмкіндік те уақыт та бар. Сондықтан, қазақ әліпбиін латынға көшіру кешенді түрде жүргізілуі тиіс. Бұл орайда орыс тілінен енген сөздерді қазақ тіліне тікелей бейімдеу қажет. Латынға көшу туралы сөз болғаннан бері сан түрлі пікірлер айтылуда. Дыбыс пен әріпті ажырата алмаса да, жоба ұсынып жатқандар да бар. Жаңа әліпбидің тиімді нұсқасын таңдай білу – маңызды мәселе. Сол себепті, мұнда лингвистикалық аспектілер емес, әлеуметтік, экономикалық, техникалық тиімділік секілді факторлар ескерілуі тиіс. Сондай-ақ, әліпбидегі әріптер саны 26-дан аспаған дұрыс деп есептеймін.

Түйін:

Жиынға қатысқан Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеттің кафедра меңгерушісі Бибігүл Қайыржанова латын әліпбиін балабақшадан бастап енгізудің тиімділігіне тоқталса, Қайыршақты селолық округінің әкімі Шафхат Қалиев әліпбиді меңгеру орта жастан асқан азаматтарға қиынға соғатындықтан кезінде компьютер үйреткен секілді тегін оқу курстарын да ескеру керектігін айтты.

Уақыт оздырмай әліпбидің нұсқасын таңдап, қолданысқа енгізу қажет. Алуан-пікір алмасқан жиынның негізгі түйіні осы.

 Мәлике МӘЛІК

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз