«Эфирге креатив керек!»

  БҮГІНГІ ТАҢДА «КӨГІЛДІР ЭКРАНСЫЗ» ӨМІРДІ ЕЛЕСТЕТУДІҢ ӨЗІ ҚИЫН. ОСЫҒАН ОРАЙ «ҚАЗАҚСТАН» РТРК» АҚ АТЫРАУ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ АСҚАР ӘШІМОВКЕ ЖОЛЫҒЫП, КӘСІБИ МЕРЕКЕ КҮНІНЕ ОРАЙ КӨПТІҢ КӨКЕЙІНДЕГІ САУАЛДАРДЫ ҚОЙҒАН БОЛАТЫНБЫЗ.

  «Қазақстан» РТРК» АҚ Атырау филиалының директоры Асқар Әшімов: – Асқар Тұрғанбекұлы, қандайма мемлекеттің идеологиялық саясатын жүргізуде электрондық ақпарат құралдарына басымдық беріледі. Өйткені, осы құралдардың кез келген ақпаратты шұғыл әзірлеп, жедел түрде қоғамдық пікір туғызуға мүмкіндігі мол. Сіздің ойыңызша, қазіргі теле-радио саласы, А.Байтұрсынов айтқандай, «бұқараның көзі, тілі һәм құлағы» деңгейіне көтеріле алды ма? – Егер тура жауап берсек, А.Байтұрсынов айтқан дәрежеге толықтай жетті. Себебі, қазір шалғай елді мекенде отырып, бірнеше отандық, шетелдік телеарналардан қажетті бағдарламаны OtauTV жүйесі арқылы көруге барлық мүмкіндік бар. Оларда ақпараттық, тақырыптық хабарлар әрбір сағат сайын жаңартылып отырады. Қазір телерадиожурналистика саласындағы шығармашылық қызметкерлер үшін ешқандай кедергі жоқ. Бұрынғыдай репортер арқалап, алыс сапарларға автокөлікпен шығып жүрмейді. Немесе керекті мағлұматты іздеп, кітапхана аралап кетпейді – ғаламтор арқылы бәрін табуға болады. Сондықтан, қазір өз ісінің хас шебері үшін ізденіс дәуірі, нағыз ғылыми-техникалық прогрестің заманы деп есептеймін. Ал, телерадиохабарлардың сапасы туралы айтсақ, себеп-салдарды техникалық тұрғыдан қарастырған жөн болады. Өйткені, республикалық деңгейде шешіліп жатқан материалдық-техникалық мәселелердің жергілікті жерге жетуі кенжелеу қалып келеді. Оны мойындау керек. – Қазір әлеуметтік желінің, ғаламтордың адам өмірінде алар орны өте зор. Болашақта әлеуметтік желілер теле-радионы екінші кезекке ысырып шығармай ма? – Ғаламтор жүйесі, әлеуметтік желі дегендеріңіз дүние жүзінің дамыған мемлекеттерінде осыдан бірнеше ондаған жыл бұрын жолға қойылған. Ал, Қазақстан аумағына соңғы онжылдықта ғана енгізілді. Сіздің сұрағыңызға жауап берер болсақ, теле-радио саласы – әлемде бірнеше жылдық тарихы бар үлкен өндіріс. Тіпті, соғыс кезінде де телерепортерлер болған. Мәселен, ғаламторды қарасаңыз, ХVIІI-ХІХ ғасырлардағы бейнекөріністерге куә боласыз. Демек, сол заманда да теледокументалистер болған… Осының бәрін зерделесек, теледидар мен радионың рөлі ешқашан жойылмайды. Өйткені, ол – дербес индустрия. Күн санап, бұл салаға жаңашылдықтар, соны серпілістер келіп жатыр. Әлемдік тенденция, ғылым мен техниканың жетістігін тоқтату мүмкін емес. Мысалы, Қазақстанда телерадиокомитет ашылғанда газет-журналдар жабылып қалған жоқ қой. Әлеуметтік желі – жедел ақпарат алмасу үшін таптырмайтын құрал. Оның негізгі мақсаты – сол ғана. Ал, оны қазір түрлі мақсаттарға пайдаланып жатса, оны басқа мәселе деп қабылдаған жөн.

Сұхбаттасқан: Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА.

Толық нұсқасын газеттен оқи аласыз.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз