
Қарттар буынына қамқорлық: Атырау облысының зейнеткерлері мұнайшылардың қолдауымен шипажайда денсаулығын нығайтуда
«Атырау» шипажайында алғысқа толы зейнеткерлер дауысы тағы да естіле бастады. Атырау облысының қарт тұрғындары үшін ТШО (Теңізшевройл ЖШС) компаниясының қолдауымен үшінші жыл қатарынан шипажайда тегін демалып, ем қабылдау мүмкіндігі беріліп келеді. Бұл бастама Атырау облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, ТШО және «Атырау» шипажайы АҚ арасындағы үшжақты меморандум аясында жүзеге асырылуда.
Аталған құжат 2022 жылдың қазан айында, Қазақстан Республикасының күні қарсаңында қол қойылған болатын. Оның мақсаты — жалғызбасты және көмекке мұқтаж қарт азаматтарға, оның ішінде ардагерлер мен әлеуметтік осал жағдайда өмір сүріп жатқан жандарға қолдау көрсету.
— Көп жағдайда қарт адамдардың басқа өңірлерге барып ем қабылдауы қиынға соғады, — деді Атырау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Төлегариева Альфия Байғаниновна. — Сондықтан біз жолдамаларды жергілікті шипажайға беру туралы шешім қабылдадық. 2023 жылдан бастап ТШО қолдауы мен «Атырау» шипажайымен әріптестік аясында Атырау облысының жалғызбасты қарттарына жүз тегін жолдама бөлінді. Бұл – маңызды және қажет қадам. Біз серіктестерімізге шын жүректен алғыс білдіреміз және табысты әріптестігіміз жалғаса береді деп үміттенеміз.
Сауықтыру бағдарламасы аясында зейнеткерлерге балшықпен емдеу мен парафин терапиясы, минералды ванналар, физиотерапия, емдік массаж, галотерапия (тұзды бөлме), сондай-ақ толыққанды төрт реттік тамақтану мен жайлы жағдайда тұру ұсынылады.
Биылғы жылы ТШО өндірістік қызметі орналасқан Жылыой ауданының тұрғындарына ерекше көңіл бөлінді.
Демалушылардың өздері де ризашылықтарын білдіруде.
Жылыой ауданының тұрғыны Есенаманова Сәуле күлімдеп былай дейді:
— Мұнда өте тыныш — жан мен тәнді демалтуға болады. Бізге массаж жасайды, емдік процедуралар бар, таза ауамен тыныстап, аллеяларда серуендейміз. Тағамның сапасы жақсы, қызметкерлер сыпайы — бәрі қарт адамдарға арналғандай. Түнде жақсы ұйықтайтын болдым. Сапарды бізге ТШО төлеп берді — оларға үлкен рақмет!
Ал Қызылқоға ауданынан келген ерлі-зайыптылар былай дейді:
— Шипажайда бәрі керемет. Күн сайын процедураларға қатысамыз, минералды су ішеміз, тынығамыз. Үй шаруасын ойламаймыз — тек демалып, денсаулықты қалпына келтірудеміз. Мұнда басқа аудандардан жаңа достар таптық. Жолдамамызды ТШО компаниясы төлегенін естідік — қарттарға көрсеткен қамқорлықтары үшін үлкен алғысымызды білдіреміз, – дейді Есжанова Клара.
Бағдарлама жалғасуда, бұл дегеніміз — тағы да көптеген зейнеткер күш-қуатын қалпына келтіріп, үлкен өмірде аса қажет болып табылатын қамқорлық пен назарды сезіне алады.
Шынайы әріптестік – бұл тек жұмыс қана емес, сонымен қатар қолдауға аса мұқтаж адамдардың өмірін жақсартуға ықпал ету.