42500 теңге келесі жылы төлене ме?

i Жаңалықтар

Сенат депутаттары еңбек министрлігінен 2021 жылы пандемия өршіп, қатаң карантин жарияланған жағдайда табысынан айырылған азаматтарға 42 500 теңге төленіп-төленбейтінін сұрады.

Сенатта «2021 – 2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын талқылау барысында депутат Алтынбек Нұхұлы 42 500 теңге төлеу мәселесін көтерді. 

Ол пандемия кезінде уақытша жұмысын тоқтатып, табысынан айырылған 4 миллион 600 мың қазақстандыққа Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 476 миллиард теңге қаржылай көмек берілгенін еске салды.

«Денсаулық сақтау министрлігінің соңғы ақпаратына сәйкес, елімізде індетпен ауырғандардың күндік саны орташа есеппен 600 адамды құрап отыр. Бұл алаңдатарлық жағдай. Келесі 2021 жылы елімізде коронавирус індеті тұрақтанбайтын болса, уақытша жұмысын тоқтатып, табысынан айырылған азаматтарды қолдау механизмдері қандай болмақ. Қаралып отырған заң жобасында бұл мақсаттарға қаражат қарастырылмаған. Осыған байланысты біржолғы әлеуметтік төлем мөлшерінің  42 500 теңге екенін ескеріп, Мемлекеттік әлеуметік сақтандыру қорының мүміндіктері қандай?», – деп сұрады Нұхұлы. 

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтің айтуынша, бүгінде Мемлекеттік әлеуметік сақтандыру қорының инвестициялық портфелінде 1,1 триллион теңге көлемінде актив бар. Актуарлық бағалау бойынша қордың қаржылық жағдайы 2039 жылға дейін орнықты болады.

«Пандемияның күрделенуіне қатысты ел президенті індетті осы көктемдегідей қатаң карантинге жеткізбей тежеуді тапсырғанын білесіздер. Өз кезегінде экономикалық жағдай нашарлаған жағдайда үкіметтің, ұлттық банктің және қаржы нарығын реттеу агенттігінің бірлесіп бекіткен іс-қимыл жоспары бар. Сол жоспар аясында жұмыспен қамту шаралары және халықты әлеуметтік қолдау шаралары да қарастырылған», – деп сендірді министр.

Айта кетсек, сенат депутаттары алдағы үш жылға арналған бюджет туралы заң жобасына бірқатар түзету енгізіп, мәжіліске жіберді.

«Спутник Қазақстан»

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз