Жасы жеткен жетімдер

20170708150933242 big Қоғам

Бәріміз де бала болдық, ата-ана тәрбиесін көрдік. Сол кезде олардың: «Жастық шақта бейнет бер, қартайғанда зейнет бер, кең Алла! Балаларымыздың алдында ал. Қайырлы қарттыққа жеткіз!» – деп күбірлеп отыратыны есімізде. Расында ол кезде «ата-анасын бақпай, тастап кетіпті» дегенді көп естімейтінбіз…

20170708150933242_big

Иә, адамнан ба, заманнан ба – қазір жағдай мүлде өзгерді. Бауыр еті баласынан безгендер мен өзін өмірге әкелген ата-анасынан қашқандар көбейді. Міне, осы себепті де Атырау облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «№4 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі (бұрынғы қарттар мен мүгедектердің интернат үйі) 1994 жылы аса қажеттіліктен ашылды. Өйткені, алақандай ғана Атырауда бағусыз қалған қарттар көбейді. Бастапқыда үй-жай көлемі тарлық еткен соң, кейін қосымша жаңа ғимарат тұрғызылды. Бүгін біз осы мекеменің басшысы Қилымқас Күзембаева ханыммен әңгімелесіп отырмыз.

Айтуыңыз орынды, өкінішке қарай, үлкендеріне жаны ашымайтын ұрпақ көбейді. Қазіргі күнде аталған мекемеге зейнеткерлік жасқа жеткен қарттар мен І-ІІ топ мүгедектері қабылданады. Үкімет қамқорлығына мұқтаж жүзден астам адам тұрады. Олардың ұлты да, жасы да, туып-өскен жері де әр алуан. Араларында мүмкіндігі шектеулі жандар да, Ұлы Отан соғысының ардагері де бар.

 Қажетті дәрі-дәрмектер дәрігердің тапсырысы бойынша тендерді ұтқан фармациялық өндірістік бірлестіктерден бюджеттік қаражат арқылы алынады. Жасы келгесін күтіміміздегі үлкендердің жиі науқастанып қалатын кездері болады. Мұндайда бізге қаладағы №2 емхананың дәрігерлері көмекке келеді. Ал, Балықшыдағы көз ауруларын емдейтін аурухананың білікті дәрігерлері әркез қарттарымыздың жанарына ота жасап берсе, «Элит» стоматологиялық орталығы қызмет алушыларға протез қондыру, тіс суырту, емдеу қызметтерін тегін көрсетуде.

– Білуімізше, сіздерде ерлі-зайыпты қариялар да тұрады ғой…

«Жалғыздық бір Құдайға жарасқан» демекші, әсіресе, үлкейгенде жападан-жалғыз қалу оңай емес. Осы себептен болар, қарттарымыз үкімет үйінде тұрса да, жабырқау көңілдеріне жұбаныш тапқысы келеді. Олардың арасында бізге келгенге дейін ерлі-зайыпты болған Людмила мен Николай Славовтар бар. Николай атамыз – Ұлы Отан соғысының ардагері, бүгінде 97 жаста. Зайыбы – 86-да.

Ал, мүмкіндігі шектеулі болса да өзара тіл табысып, жұптасып бір бөлмеде тұрып жатқан Сейтқали Ахманов пен Света Ұлданова, Кенжебай Мұратов пен Нина Кузеняткина, сонымен бірге, Елубай Абуев пен Затура Ерекеновалар бар. Жастық шақтары өтіп, егде тартқанда бір-бірінен шуақ іздеген оларды біз әркез демеп отырамыз. Қолымыздан келгенше олардың көңілінен шығуға тырысамыз.

Аракідік іште түрлі мәдени-көпшілік шара ұйымдастырылып тұрады. Мұндайда қарттар өз өнерлерін ортаға салып, ән айтады, би билейді, өлеңдерін оқиды. Олар мекемедегі шағын кітапхананы ермек етеді. Сол жерден кітаптар, газет-журналдар оқиды. Бір-біріне сол оқығандарымен бөліседі, өзара пікірсайысқа түседі. Кітаптар мен мерзімдік басылымдар үнемі жаңартылып тұрады. Оның үстіне қаладағы Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхансымен тығыз байланыстамыз.

– Сөз соңында не айтасыз?

Әр уақытта мереке сайын қарттардың жағдайымен танысып, қарттар күні және қайырымдылық айында өтетін шараларды өткізуге атсалысып тұратын «Иманғали» орталық мешітіне, «Кредитная товарищество Атырау», «WPK Atyrau» ЖШС-не, «Нұрлы бұлақ» оқу орталығына, облыстық тарихи-өлкетану мұражайына, «Ариадна» ЖШС мен басқа да көптеген мекеме-кәсіпорынға, Н.Жантөрин атындағы облыстық филармонияға, Құрманғазы атындағы мәдениет сарайына, Атыраудағы жоғары оқу орындары мен колледж студенттеріне, орта мектеп оқушыларына айтар алғысымыз шексіз.

Рас, біздің қарттарымыздың арасында үнемі ізденіс үстінде жүретіндері аз емес. Солардың бірі Кенже Әбілғазиев ағамыз болатын. Марқұм жоғары білімі болмаса да, оқу-білімге жақын еді. Ойға түйгені мен көрген-білгенін жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарына жолдап отыратын. Соның ішінде облыс айнасы, өзінің 95 жылдығын атап отырған «Атырау» газетін ерекше көретін, қатты бағалайтын. «Редакциямен, оның бас редакторымен, тілшілерімен жақсы қарым-қатынастамын» деп мақтанып, марқайып жүретін. Ағай өмірден өтсе де, сол кісінің атынан сүйікті «Атырауын» осынау мерейтойымен шын жүректен құттықтаймыз. Жанашыр оқырмандарыңыз көп болсын!

Лиза Сейтімова

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз