«Қайырымдылық керуені» өтеді
Өмірде қиналғанда өз көмегін ұсына білетін қайырымды жандардың барлығы қандай ғанибет. Қазақтың бойына сіңген қайырымдылық қасиетінен қаншама адам өзіне таяныш тауып, ертеңге деген сенімі мен үмітін бірлеуде.
Осымен төртінші рет өткізілгелі отырған республикалық «Қайырымдылық керуені» байқауы жайында спикерлер – Атырау облысы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның бас инспектор — хатшысы Зәмзәгүл Жалмурзина, Атырау облысы іскер әйелдер қоғамдық бірлестігінің төрайымы Фатима Төлеева, бірлестік мүшесі Ирина Горбаченко егжей-тегжейлі әңгімеледі.
«Қайырымдылық керуені» мейірімділік, гуманизм секілді адамгершілік құндылықтарды нығайтуды көздейді. Байқауды «Нұрсұлтан Назарбаев» қоры, Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы, «Оқжетпес» емдеу-сауықтыру кешені, «Хабар» агенттігі, «КТК» телеарнасы жүзеге асырады. Негізінен байқау кезінде ел дамуына өзіндік үлес қосқан батыл да қамқор жандар, меценаттар, патриоттар анықталатын болады.
– Лауреаттар «Асар», «Туған жер», «Батыл жүрек», «Мейірім жолында», «Қайырымдылық тарихы», «Бала жүрегі» (6-18 жастағы балалар мен жасөспірімдерге беріледі), «Жануарға мейірім» номинациялары бойынша анықталып, марапатталатын болады. Қатысушылардан өтінімдер қарашаның 30-ына дейін қабылданады. Көпшілік барлық қажетті ақпаратты 8 775 370 00 99 телефоны арқылы біліп, www.fnn.kz,www.businesswomen.kz сайттарынан таба алады. Ал марапаттау рәсімі алдағы 2022 жылдың ақпанында Түркістан қаласында өтеді, — деп нақтылады спикерлер.
Лиза СЕЙТІМОВА