Пейілі кең Полина
Атырау қаласындағы Полина Қабдолкәрімова ұлты орыс болғанымен қазақ тілін жетік меңгерген. Оның тағы бір ерекшелігі – қазақтың жігітіне тұрмысқа шыққан. Отыздан енді ғана асса да, өзге ұлтқа келін болудың артықшылықтары мен өмірден түйгендері туралы Полина бізбен ой бөлісуден тартынған жоқ.
Ресейдің Астрахан қаласында дүниеге келген Полина отбасылық жағдайына байланысты екі жасынан бастап, Мақатта тұратын нағашы әжесі Лидия Демидованың тәрбиесін алыпты.
– Әкем Андрей мен анам Ирина Командиковтердің екеуі де орыс. Балабақша мен мектепті Мақат ауданынан тәмамдап, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетіне грантқа оқуға түсіп, дипломымды алдым. Азаматпен танысып, сөзіміз жарасқан соң оған тұрмысқа шығуға келісім бердім. Отағасы он жылдан бері әскери авиацияда жұмыс істейді. Азамат екеумізді бір-бірімізге деген шынайы махаббат тоғыстырды. Сондықтан менде қазақ жігіттің сүйген жары, отбасына келін, жеңге, абысын болуда еш үрей болған жоқ. Өйткені өзімнің ұлтым орыс болғанымен, қазақ халқына деген құрметім ерекше. Керісінше әжем мен анам алғашқыда менің тағдырыма алаңдағаны рас, «менталитет басқа, қоғамда түрлі стереотиптер бар» деген секілді мазасыз ойлары болды. Бірақ уақыт өте келе бұл күмән-күдік сейілді. Өйткені мен келген жеріме тез сіңісіп кеттім. Бала кезден қазақтардың ортасында ойнап өскен соң қазақы тәлім-тәрбиені көбірек қабылдадым. Салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы маған таңсық емес. Бала кезімнен қазақтың барлық құндылықтары мен игіліктерін көріп келемін, — деді Полина Андреевна.
Оның ойынша, кез келген адам өз ұлтының тілін, тарихы мен дінін жетік білуі тиіс. Полина өз ұлтының да қағидасын қатаң ұстанып, орыс екенін де жасырмайды, әдет-ғұрпынан да бас тартқан емес.
– Қазақ жігітке тұрмысқа шығып, оның түтінін түтетіп отырған соң «қазақтың келіні» деген атаққа кір келтіргім келмейді. Қазақтың ұлттық салт-дәстүрінен аттап өтпеймін. Отбасымызда сәбилер дүниеге келгеннен бастап барлық салт-дәстүр, жөн-жоралғылар қатаң сақталады, оларға қазақы тәлім-тәрбие беріледі. Біздің он жастағы Айнель, Жанель есімді егіз қызымыз бар. Олар спортты жақсы көреді, таеквондоға қатысады. Өзім қазақтың ұлттық киімдерін киемін, әдемі әшекей бұйымдарын да тағамын. Жұма сайын үйде шелпек пісіремін. Ұлттық тағамдар дайындаймын. Бірақ мұның барлығы менің өз ұлтымнан, тілімнен бас тартқанымды білдірмейді, әрине. Қазақы құндылықтарды жетік біліп тұрсам да, қазақтың келіні, сүйікті жары, аяулы анасы болсам да менің өз ұлтыма сый-құрметімнің де зор екенін айтқым келеді, — дейді П.Қабдолкәрімова.
Отағасының түтінін түзу ұстап отырған қайыненесі Айжан да келінінің алған тәлім-тәрбиесі жақсы екенін айтады. Үш ұлдың ортаншысы Азаматтың жұмыс бабына байланысты іссапарлары да көп. Әйтсе де, Полинаның абысын-келінімен татулығының арқасында ол да білінбейді. Әрқайсысы бөлек отау болғанмен бұл шаңырақтың несібесі мол, дастарқаны әркез жаюлы. «Абысын тату болса ас көп» деген қағидаға берік, өзі енесіне ұқсағанын да жасырмайды.
Екі жасынан нағашы әжесінің қолында өскен Полина үшін Атырау топырағы туған жері іспетті. Сол себепті оған Қазақ елі – оның қадірлі Отаны, Атырау өлкесі ыстық әрі қымбат.
– Атырау өңірі – менің Отаным, сүйікті мекенім. Мен бұған дейін ресми түрде Ресейдің азаматы едім. Енді осы жерде мәңгі қаламын, ешқайда көшпеймін деген шешім қабылдап, жуырда ғана Қазақстанның азаматтығын алдым, — дейді Полина.
Алғаш еңбек жолын бастаған №38 мектеп-лицейдің мұғалімдігінен Әл-Фараби атындағы «BINOM SCHOLL» мектеп-лицейінің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып ауысқанына көп бола қоймапты. Кейде пән ұстаздары қазақ сыныбында оқитын шәкірттеріне орыс тілін үйретуде қиналып қалатыны жасырын емес. Ал, әзірге Полина мұндай кедергіге кездеспепті. Өйткені ол қазақ тілін жетік түсініп, еркін сөйлей алады, сондықтан қазақ балаларымен түсінісуі де өте жеңіл.
– Партада отырған оқушының барлығы оның ұлтына қарамастан, мен үшін бірдей. Бәріміз бір шаңырақтың астына топтасқан соң Отанымыз бір, мекеніміз ортақ. Қиын-қыстау кезеңде біздің ата-бабамызға кең құшағын ашқан дарқан халыққа мен де мың алғыс айтамын! — дейді Полина Андреевна.
Оның бала күнгі арманы журналист болу екен. «Ауылда кішкентай кезімнен бастап көршілерім, ағайын-туыс, таныстарым мені «тележүргізуші Майя Веронская» деуші еді. Соның әсері ме, мен «міндетті түрде журналист, телеарнада диктор боламын» дейтінмін. Бірақ мектеп бітірер кезде ойым өзгерді. Қыз баламын ғой, алдағы уақытта тұрмысқа шыққанда журналистиканың қызметін отбасылық жағдаймен қатар арқалау қиынға соғатынын терең түсініп, мұғалімдік мамандықты таңдауға шешім қабылдадым. Қазір бұл шешіміме еш өкінбеймін. Маған балаларға ұстаздық еткен ұнайды. «Жеті жұрттың тілін біл» демекші, қазақ, орыс тілдерінен бөлек, ағылшын тіліне де қызығушылық танытып үйренген едім. Қазір оны дамытуға қайтадан басымдық берсем деймін, — дейді ол.
P.S. Сөз соңында Полина Қабдолкәрімова «бүгінде елімізде достық пен татулық, бауырластық салтанат құрса, оның ең басты дәнекері де қазақ халқының өзі» деді, біз ойланып қалдық. Соны сезгендей ол көп ұлтты бір шаңырақ астына тоғыстырған Алаш жұртындағы татулық пен бірліктің нығая түсуін тіледі. Ал әр отбасының ұйытқысына айналған әйел затының «қазақтың келіні» деген атқа әбден лайық болуы қоғамда ұлттық құндылықтарды да ерекшелей түсетінін айтты.
Қазақтың бір шаңырағының берекесін айрандай ұйытып отырған Полинаға біз де өз ықыласымызды білдірдік.
Алтыншаш Нәсіпқалиқызы