ЖОЛДАРДА ЖАРҚЫН ІЗДЕР БАР

Қоғам

 

Бәлкім, бала болса да көпшілікке үйірсектігінен шығар, ет комбинатына мал әкелген ауыл адамдарын топ-тобымен үйіне ертіп келеді екен. Ондағы ойы –селдете жауған жаңбырға  малшынған малшылардың су киімдерін кептіріп, үйінен ыстық шай беру. Бала кезінен танымаса да түсі игіге қамқор қолын созуды ойлаған Бағыттың бұл ісіне ата-анасы қабақ шытпапты. Баласының көпшіл, мейірімді болып өсіп келе жатқанына іштей ризалығын білдіргені даусыз. «Айналайын, Бағытжан, қандай биікке көтерілсең де тек өз еңбегіңмен ғана жетуді ойла» дегенді ұдайы  санасына құйып отыратын Ұзақ қария мен  Ізім анасын жер қаратпауға тас-түйін бекінді. 

Бала күннен бірге өскен сыныптастары секілді Бағыт Айдашев та мектеп бітірген бойда  жоғары оқу орнының студенті атануды ойлады. Тіпті, мектептің соңғы сыныбында оқып жүргенде-ақ Архангель облысының Вологда қаласындағы ет-сүт технологиясы институтына оқуға қабылданып қойғаны бар. Әрине, Ресейдің бір қиырындағы қалаға емтихан тапсыру үшін әдейілеп бармады. Газетте жарияланған емтихан тапсырмаларын өз бетімен орындап, жауаптарын поштамен салып жіберген. Артынан сол институттан «Оқуға қабылдандыңыз» деген қуанышты хабары бар үшбу хат келді. Алайда, екінші дүниежүзілік соғыста жауға қарсы ұмтылған, тұтқынға түсіп, ит тұмсығы өтпейтін  Сібірде айдауда болған Ұзақ әкесі сол институтқа бармағанын қалады. Көпті көрген қарияның   ақылын тыңдады. Темір жол саласының Ленин, Еңбек Қызыл Ту орденді майталманы атанған Сабыр нағашысының  жөн сілтеуімен Алматыдағы әйгілі зоовет институтына бағын сынамаққа жол тартты. 

Мектептегі ұстаздары берген  дәрістің текке кетпегеніне алғаш рет Алматы зоовет институтына оқуға барғанда көз жеткізді. Бірақ, қабылдау емтихандарының бәрін төрт пен беске тапсырып, көңілі бірлене түскен тұста конкурста алдымен еңбек өтілі бар талапкерлерге басымдық берілді. Конкурстан құлаған сыныптастарымен бірге Гурьевке оралысымен жұмыс іздеді. Мұнай және газ, табиғи тұздар институты өңірлік филиалының  бөлім бастығы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Батақ Оразғалиев көп ойланбастан: «Әскерге барғанға дейін бізде біраз нәрсе үйренесің» деп жұмысқа қабылдады. Алғашында қарапайым жұмысшы еді, арада екі-үш ай өткенде лаборант болып шыға келді.    Келесі жылдың көктемінде Батақ ағасы бастап, өзге де жасы үлкендері қостап, «Аман орал, қатарымызға қайта қосыл» деген ақ тілеумен әскерге шығарып салды. Әскерде байланысшы мамандығына  машықтанды. Бір топ кеңес жауынгерін шет елдегі әскери бөлімде қызмет етуге дайындап еді. Артынан шет елдегі емес, Майкоптағы әскери бөлімнің командирлері, соның ішінде Кеңес Одағының және Ресейдің батыры атанған, кейіннен Мәскеу облысының губернаторы болған Борис Громовтай талапшыл қолбасшының өзі сенім білдірген  айтулы байланысшы атанды.

Әскери борышын абыройлы атқарып, сымдай тартылып оралысымен Оралдағы ауыл шаруашылығы институтына құжат тапсырды. Дәл осы қалада тәуелсіз Қазақ елінің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сенімді серігі, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері дәрежесіне көтерілген айтулы тұлға Иманғали Нұрғалиұлымен танысты. Бір үйде бірге жатып, емтиханға бірге дайындалды. Тәңірдің талапты жастарды қолдағаны шығар, қабылдау емтихандарын сәтті тапсырған Иманғали Тасмағамбетов пединституттың, Бағыт Айдашев ауыл шаруашылығы институтының студенті атанды. Содан институт бітіргенше бір-бірінің жетістігіне қуанып жүрді. Сол студенттік кезден  басталған риясыз достық әлі күнге дейін суыған емес. 

Студенттік думанды жылдары  өткен, Әлия Мәдиқызындай өмірлік жарын тапқан Орал қаласы қанша ыстық көрінсе де, институт бітірісімен туған өңіріне аттанды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы  Новобогат ауданының Забурын  кеңшарына жолдама берді. Жолдама қолға тиісімен Забурынға жүретін автобуспен  өзі бұрын бірде-бір рет барып көрмеген кеңшарға тартып кетті. Ал, аудан, кеңшар басшылығы оған ферма зоотехнигі болуды ұсынды. Тартынған жоқ, сол күні кештете фермадан келген көлікпен жұмыс орнына да жетті. Кеңшардан 75 шақырым қашықтағы фермада бір жылдай еңбек етіп, төрт түлікті төлінен көбейткен шопандармен етене араласты. Ферманы басқарған алдыңғы толқын, тәжірибелі ағалардың бірі Бақтығали Ғұбашевтың өнегесінен үйренді. Институттағы теориялық білімін өмірлік тәжірибемен ұштастырды. Қиналды, бірақ, жұмыстың ауырлығынан мойыған жоқ. Керісінше, үйренуге ұмтылды, жұмысынан кемшілік жібермеуге тырысты. 

Өмірде бәрі адамның ойлағанындай бола бермейді ғой. Жоғары білімді маман ретінде тәжірибе жинап, кәсібіне енді төселе бастаған тынымсыз күндердің бірінде кеңшар басшыларынан «Орталыққа шұғыл жетсін» деген шақырту жетті. Үрейге бой алдырмаса да,  шақыртудың тегін еместігін сезді. Кеңсеге кіре бергені сол еді, кеңшардың партком хатшысы: «Әй, қала баласының бір күні қашып кетерін біліп едім» деп өзінің күдігін айта бастапты. Кеңшар директоры Мырзабай Жұмабаев: «Облыстық партия комитеті тәжірибе стансасына өзің секілді жоғары білімді жастарды  жұмысқа жіберіп жатыр. Мақсат –жастарды ауыл шаруашылығы ғылымымен айналысуға бейімдеу. Өзіңді сол тәжірибе стансасына жіберуге бұйрық келді. Жолың болсын!» деп шақыртудың түп-төркінін жайып салыпты. Сол кезде партия қайда жұмсайды, сонда бару керек, ертеңінде-ақ Махамбет ауданындағы  тәжірибе стансасына жұмысқа келді.    

Тәжірибе стансасы деген атына сай, мұнда бәрі басқаша болып шықты. Кеңшардағыдай емес, құла түзде өріп жүретін отар-отар қой аз, бірақ, жоғары білімді маман көп. Жары Әлия да өсімдікті зерттейтін маманның бірі боп   жұмысқа орналасты. Мұнда Бағыт Айдашевтың өмірінде үлкен бетбұрыс жасалды. Нақтылай айтқанда, жас маман ғылыммен дендеп айналысуға бет бұрды. Өйткені, осы тәжірибе стансасында жұмыс жасайтын жоғары білімді мамандардың барлығы дерлік күнделікті жұмысын ғылыммен тығыз байланыстыратын еді. Алматыдағы Қазақтың қой шаруашылығы технологиясы ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасына оқуға түсті. Бастапқыда оқу мен жұмысты қатарластыра ұштастырып, болашақ ғылыми жұмысының бағытын айқындады. Кейін аспирантураның күндізгі бөліміне   ауысып, мүйізді ірі қараның сүттілігін арттыруды көздеген кандидаттық ғылыми жұмысына білек түре кірісті.

Әрине, ғылыммен айналысу шаруашылықтың күнделікті атқарылар шаруасы секілді оңайға түспейді. Талмай іздену, ғылыми еңбектерді зерделеу тұрғысындағы тынымсыз күндер басталды. Ғылыми жетекшімен күнбе-күн кездесу, ақыл-кеңесін тыңдап қана қоймай, зердеге түю, түптеп келгенде, ел экономикасының өрлеуіне жаңаша бетбұрыс жасайтын ғылыми жұмыстың маңыздылығы есінен бір сәт те шыққан емес. Даналарымыздың  «Оқу инемен құдық қазғандай» дегеніндей, жетістікке жету үшін кітапханада күні бойына отыратын болды. Ғылыми еңбектердің бірінен соң бірін оқыды, өзінің тұжырымын зердесіне тоқыды. Осылай күндер зулап, жыл өтіп жатты. Ғылыми еңбегін індете зерттей жүріп, мүйізі қарағайдай ғалымдар қатысқан ғылыми ортада сәтті қорғады. Талай жас ғалымның томағасын сыпырған кәнігі академиктер мен  профессорлар Бағыт Айдашевтың өзіне жүктелген  істі ыждағаттылықпен атқаратын еңбекқорлығына қызықты ма, Алматыдағы ғылыми ортадан алыстамауын құптады. 

Қай кезде де шаруашылықтың, не өндірістің ілгері басуы білгір де, шебер ұйымдастырушының іскерлік қасиетімен астасып жатады. Міне, осы тұрғыдан айтсақ, облыстық ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасын басқарған Жанай Берқалиевтың тұсында аталған станса ғылыми қызметкерлерінің жетістіктері шаруашылықтарға кеңінен енгізілді. Бұл сонымен бірге, ғылыми қызметкерлердің жұмысына да үлкен серпіліс әкелді. Ғылымға аңсары ауған Бағыт Айдашев өсімдік әлеміндегі, қой, жылқы, егін шаруашылығындағы ғылыми-тәжірибелік жұмыстарға басшылық жасаумен шектелмей, өзі де жаңа бір леп әкелуге тырысты. Мұны еділбай қойының ақ-қара бас түрін енгізуге байланысты айтып отырмыз. Өйткені, мұнайлы өңірде өсірілетін еділбай қойының табиғи жүніне  сұраныс жоқ болатын. Не істеу қажет?  Ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты Бағыт Айдашев жоғарыда айтқанымыздай, еділбай тұқымдас қойдың ақ түрін шығару қажет деген ойын Жанай Берқалиевке жеткізеді. Ғалымның бұл талабы басшы тарапынан мақұлданғанмен, бұған ғылыми орта  оңайлықпен рұқсат бере қоймады.

Ойына алған ісін бітіргенше тыным таппайтын ғалым ВАСХНИЛ-дің бірегей академигі Қилыбай Медеубековті еділбай қойының жүнін ағарту жөніндегі ұсынысынан хабардар етеді. Ауыл шаруашылығы ғылымының көкжиегін кеңейтуде талмай жұмыстанған академик жас ғалымның еділбай қойының жаңа түрін шығару талпынысын қолдайды. Сөйтіп, Алматыдан қанаттанып оралған ғалым алыс ауылдарды аралап, еділбай тұқымдас ақ қошқар іздеуге кіріседі. Әр ауылдағы тұрғындар қорасынан жинап алған 17 қошқармен еділбай тұқымдас қойдың ақ жүнді түрін алуға қадам жасапты.  «Осы ойымның іске асуына Жанай Берқалиев қолдау білдірмегенде еңбегіміз еш болатын еді» деп  тынымсыз еңбектенген сол бір күндерді сағынышпен  еске алады Б. Айдашев.

Осынау ізденістің жемісі болар, қазір өңірде еділбай тұқымдас қойдың ақ түріне қызығушылық оянды. Құрманғазы ауданындағы «Құрманғазы» өндірістік кооперативінде  дәл осы асыл тұқымды ақ-қара бас қойдың сан мыңдаған басы бағылады. Ғалымның ел игілігі жолындағы ізденістерімен шыңдалуына Шайдолла Кәрімов, Есенгелді Нұршаев, Рысқали Сисатов, Зұлбұхар Сүйінішев сынды азаматтардың қосқан үлесі де аз болмапты. Бір өкініштісі, жекешелендіру кезінде тәжірибе стансасының да жұмысы қожырап, Сағидолла Асанов, Жолдас Жұмағалиев, Бақтығали Кәримов, Манап Наурызәлиевтей өңір ғылымын өркендетуде аянбай еңбектенген азаматтардың жемісті еңбегі елеусіз қалды. Мұны әрине, нарық талабынан туындаған қиындыққа  телігенімізбен, Бағыт Айдашев келешекте сол кездегі ғылыми ізденістердің қайта жалғасарына бек сенеді.

Ғалым Б.Айдашев мұндай ойға текке бекінбеген секілді. Өйткені, өз мамандығына, ғылымды дамытуға адалдығынан айнымай, Елбасының «әр сала ғалымдары  ғылыми жетістіктерін туған топырағының өркендеуімен байланыстырса» деген үндеуіне алғашқылардың қатарында үн қосты. Соның дәлеліндей, «Аманжол-Бағыттар» шаруа қожалығында өзінің тікелей атсалысуымен алынған еділбай тұқымдас ақ жүнді қой түрін ғылыми тұрғыда жетілдіруді қолға алды. Қазір аталған шаруашылықта 700 бас аналық қойға ғылыми сұрыптама жасалуда. Сонымен бірге және бір мақсатты іске асыруды көздеді. Бұл – қазақтың ақ бас сиырының нарындық түрін алу. Өйткені, төрт түлікті өсіруге қолайлы өріс болған Нарын топырағына ақын-жазушылар талай шығармасын арнады. Ал, ауыл шаруашылығы саласының ғалымдары ғылыми жетістіктерін Нарын атауымен байланыстырмапты. Енді осы олқылықтың орнын толтырмақ ниетпен Ресейдің Тимирязев атындағы ауыл шаруашылығы университеті және Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық университеті ғалымдарымен бірлескен  ғылыми әдістемелік зерттеулер жұмысын жүргізуде. Ғалымның бұл мақсатының орындаларына сенім мол. 

Ол бір басына жетерлік абырой-атаққа масаттанбайды. Облыстық мәслихаттың депутаттығына екінші мәрте сайланып, өңірдің экономикалық-әлеуметтік өркендеуіне үлесін қосып келеді. Әлиядай жарымен бірге балаларының қызығына бөленген абыройлы азамат бұл күндері мерейлі алтыншы белестің биігіне көтеріліп отыр.  Бұған кеше «ҚР Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен, Тимирязев академиясының алтын медалімен марапатталғаны және Ресей Жаратылыстану ғылыми академиясының корреспондент-мүшелігіне қабылданғаны жөнінде қуанышты хабардың жетуі дәлел. 

Жолдасбек 
КӨШЕРБАЙҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер 
одағының мүшесі.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған