ӨТІНІШТЕР АЯҚСЫЗ ҚАЛМАДЫ
Пәтерден қиындық көруші – алты, жер мәселесі бойынша – төрт және көшедегі жол жайы мазалайтын тұрғындарды өтініштері бойынша қабылдаған шаһар басшысы тиісті құзырлы мекеме, бөлім басшыларымен ақылдаса отырып, нақты жауабын сол жерде берді.
Қаладағы «Самал» ықшамауданында тұратын бір топ тұрғын №11 көшеде күз бен көктемнің жаңбырлы, қыстың қарлы күндерінде асфальт жолдың жоқтығынан қиындықтар көріп келе жатқандығына ренжулі. Көршілерімен бірге қабылдауға келген зейнеткер Лес Баймұқашевқа қала әкімі қала мен оның төңірегіндегі ауылдар көшелеріне асфальт жол салу үшін 9,7 млрд. теңге қаржы қарастырылып отырғандығын және жобалық-сметалық құжаттамаларының дайындалып, сараптамадан өткендігін, бірақ, «биыл аталған ықшамауданның бұл көшесіне жол салынады» деп уәде бере алмайтындығын айтты.
Қоғамдық қабылдауға келген әлеуметтік жағынан осал топтар санатында тұрғын үй кезегінде тұрған ІІ топ мүгедегі Данияр Айғазиев, жеке кәсіпкер Марина Мусяева, өзі де, күйеуі де орта мектепте ұстаздық ететін екі балалы жас ана Гүлзада Әбуовалар партия төрағасының «күні ертең пәтер беріледі, көшуге дайындала беріңдер» деп, шын ниетпен айтылған қуанышты хабарына сенер-сенбестерін білмей абдырап қалды.
Азаттық даңғылы, 76-8 мекен жайының тұрғындары өздерінің еш жерде есепте жоқ екендіктерін, іргесі 1947 жылы қаланған үйдің құлауға шақ тұрғандығын, тиісті орындардың құлақ аспайтындығын айта келді. Тұрғындар өтінішін мұқият тыңдаған Нұрлыбек Жұмахметұлы алдымен апаттық жағдайда бұл үйді тиісті сараптамадан өткізу қажеттігін арызданушылар қаперіне беріп, қалалық сәулет және қала құрылысы, жер қатынастары бөлімдері басшыларына жылжымайтын мүлікті заңды мемлекеттік тіркеуден өткізуге жан-жақты көмек көрсетуді тапсырды.
2008 жылы квотамен Қарақалпақстаннан көшіп келген оралман Қызылгүл Сайкеноваға тұрғын үй салу үшін жер телімін заңдастыру, қаржылай көмек көрсету, зейнеткер Мүгілсін Қазихановаға бау-бақша үшін жер телімін ауыстырып беру жөніндегі өтініштері де құзырлы органдардың көмегімен оң шешімін табатын болды. Он баланың анасы, «Алтын алқа» иегері, жұмыссыз Жанна Ахметованы уақытша берілген үш бөлмелі пәтерінің ылғал тартып, қыста салқын болатындығы мазалайды екен. Оған қалалықжұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арқылы материалдық көмек көрсетілмекші.
Бақытжан ЖҰМАТ.