Отанға деген махаббат бөспе ұран емес
Елде қазақстандық патриотизмді қалыптастыру мәселесі қоғамдық институттардың, ғалымдар мен саясаткерлердің, білім беру саласындағы қызметкерлер үшін де өзекті тақырыптардың бірі. Қоғамдық санада патриотизм қалыптастыру қысқа мерзімде іске асатын, саяси науқандық шара немесе әлеуметтік акт емес. Ол рухани тәрбие, ұлттық құндылықтар, азаматтық, мәдени, әлеуметтік, саяси, экономикалық көзқарас пен дүниетаным сияқты категориялармен және әлемдік геосаяси жағдайлармен үндесетін кең ауқымды, жүйелі ұғым.
Нәтижесінде осының бәрі елдегі патриоттық тәрбиенің іргетасы іспетті туған ел, тәуелсіздік, мемлекеттік тіл, ел бірлігі сияқты іргетастық идеялардың аясында тоғысуы қажет. Әсіресе Қазақстан секілді әлемдік саяси-экономикалық кеңістікте жаңа қалыптасып келе жатқан ел үшін патриотизм идеясының, отансүйгіштік санасезімнің қалыптасуы – аса маңызды мемлекеттік деңгейдегі міндет. Оның үстіне жақын елдерде болып жатқан соғыс бұл ұғымның кезкелген ел үшін әлі де өзектілігін, оның рухани, саяси, тарихи мәнмағынасын ұлттық қауіпсіздік, ел бірлігі, аумақтық тұтастық сияқты маңызды саяси ұғымтүсініктермен іштей сабақтасып жатқанын тағы да көрсетті. Сондықтан патриотизм идеясының тек жастар емес, бүкіл қоғам үшін мәні мен мазмұны түсінікті, елдің азаматтарын олардың тілі немесе ұлтына, дініне қарамастан біріктіре алатын, қазіргі заманның прагматизміне де сәйкес келетін ұғымдарға негіздеу қажет.
Патриотизмнің қалыптасуына ерлік пен елдікті бүгінгі ұрпаққа үлгі ететін тарихи өткені мен қоғамның барлық әлеуметтік топтарының тіршілігі мен өмірмәндік ұстанымдарына жауап беретін бүгінгі әлеуметтік жағдайы және болашаққа нық сенім ұялататын мемлекеті болуы керек. Елімізде қолға алынып жатқан жаңа Қазақстан, екінші республика стратегиясы да осы мүддеге жауап беретіндей болуы тиіс. Қазіргі әлемдегі саяси, экономикалық тұрақсыздық пен дағдарыс кезеңінде елдегі жағдайдың тыныштығы мен бірлігі, айқын болашағы болуы отансүйгіштік сезімін нығайтушы фактор екені күмән туғызбайды. Оның үстіне қазіргідей заманның жаппай прагматизм мен дүниеқорлық психологиясы басым болып тұрған кезінде адамдардың патриоттық сана-сезімі құр идеалистік ұстанымдарға құрылмайтыны белгілі, сондықтан экономикалық, әлеуметтік мәселелердің оңтайлы шешім табуы, осы бағыттағы үлкен жобалар – тағы бір маңызды фактордың бірі. Волонтерлердің Birgemiz республикалық фронткеңсесінің ашылуында ҚасымЖомарт Тоқаевтың: «Мына жерде тұрған сіздер – мемлекетіміздің патриотысыздар. Отанға деген махаббат бөспе ұран мен бос декларация емес, ол – күн сайынғы еңбек, соның ішінде халық игілігі үшін жан қалауымен қайырымды іспен айналысу. Ол – кең білім, жүріс-тұрыстың биік мәдениеті, оны сіздер іс-әрекетіңізбен, күн сайынғы мәдениетіңізбен көрсетіп жүрсіздер. Мен сіздерді сол үшін құрметтеймін», — деген сөзінің өзі патриотизм ұғымының ауқымы кеңдігін, әртүрлі іс-әрекет форматымен тоғысып жатқанын көрсетеді. Сонымен қатар қазақстандық патриотизмді мағыналық жағынан толықтыратын құрылымдық элемент – елдегі этносаралық және дінаралық келісім саясатының көпшіліктің қолдауына ие болуы.
Бұл ұғымның толыққандылығы да осы идеяның іс жүзіндегі көрінісімен тығыз байланысты. Ұлттар мен ұлыстардың бір мемлекет ішіндегі оқшаулануы мен әлеуметтікмәдени, құқықтық жағынан шектелуі қашан да ұлтаралық қатынастың дағдарысына әкелері сөзсіз, сондықтан қоғамдық институт ретінде Қазақстан халқы Ассамблеясының қазақстандық патриотизмді қалыптастырудағы ролі мен мүмкіндігін ескеру және толығынан пайдалану қажет. Өкініштісі сол, елде кейбір шиеленістер туған жағдайда, қоғамда қайшылықтар мен пікірталастар туындағанда осы қоғамдық ұйым тарапынан белсенді әрекеттің болмай қалуы қоғам тарапынан сұрақ туындатып жүргенін айта кеткен жөн. Біздің ойымызша, ұйымның мақсатының бірі де осы жалпықазақстандық патриотизмге ұйытқы болу емес пе?! Патриотизмге рухани тұрғыдан қарасақ, өз халқыңның тарихын және оның жас ұрпаққа үлгі етер жақтарын білу, халқыңның біртуар ұл-қыздарын мақтаныш ету, олардың ерлігі мен жетістіктерін әлемге паш ету қазіргі әлемдік бәсекелестік жағдайында отансүйгіштікке тәрбиелеудің маңызды элементі екеніне шүбә жоқ. Бұл жерде мемлекет құрушы ұлттың жауапкершілігі аса зор, қазақтың патриотизмі жалпықазақстандық патриотизмнің негізі болуы шарт. Ал ішіне жік түскен ұлттан ортақ патриотизм сезімін күту қиын. Қазіргі ақпараттық кеңістікте жиі кездесетін бір елдің белгілі адамын екінші елдің өз атына таңуы да осындай бәсекеден туады, оның арғы жағында ұлттық мүдде жатқаны сөзсіз. Ал ұлттық мүдде мен патриотизм сезімі қашан да қатар жүретін тандем. «Патриотизм санасының төмен болуына қандай факторлар ықпал етеді?» деген сұраққа жауап іздесек бірнеше өзара байланысты нәрселерді көреміз. Ақпараттық технологиялардың дамуы өскелең ұрпақтың өзге елдің арзанқол мәдениеті мен отансүйгіштік сезіміне, ұлттық санасына тосқауыл қоятын идеологиясымен улануына себепші болуда. Сонымен бірге отандық ақпараттық кеңістіктің тым ашықтығы, қорғансыздығы, көрші мемлекеттің идеологиялық белсенділігі елдегі көзқарас тұтастығына, жалпы елдегі саяси ахуалға біз айтып отырған патриотизм тұрғысынан да нұсқан келтіріп отырғанын ескерген жөн.
Ескере кету керек, патриотизм ұғымының өзі қайшылықты ұғым, себебі белсенді, агрессивті әрекетке итермелеуші және қорғанушы, парасатты патриотизмде болуы мүмкін. Осындай жағдайда этномәдени тәрбие беру, ұлттық салт-дәстүрді заманға сай құралдар арқылы насихаттау мәселесі күн тәртібінен түспеуі тиіс. Тек сонда ғана ұлттық құндылықтардың отансүйгіштікке тәрбиелеу функциясы өз мақсатына жете алады. Демек қазіргі экрандық мәдениет басым заманда ақпараттық кеңістіктегі патриотизмге тәрбиелеу, қалың көпшілікте отансүйгіштік санасын басым ету – бүгінгі күннің басты талаптарының бірі. Өкініштісі, қазіргі мультикультурализм, әлемдік интеграция кезінде кейбір жастардың отансүйгіштік сезімін өзіне өмір сүруге қолайлы жерге немесе мәдениетке айырбастауы да жиі кездеседі. Елде өткізіліп жүрген шаралардың тарихи-саяси, танымдық, патриоттық, тіпті геосаяси сияқты мән-мағынасы, мүддесі болуы керектігі естен шықпауы қажет. Сондықтан ұлттық базистік құндылықтардың бірі ретінде отансүйгіштік сезімін балабақшадан тәрбиелеу – елдің болашағын идеологиялық қамтамасыз етудің негізі. Сонда ғана Қазақстан патриотизмі отансүйгіштік санасы мен сезімінің ұлттық құндылыққа айналуының іргетасы бола алады. Жаһандану үрдістері, ақпараттық-технологиялық өркениет қазіргі жастардың бойында ұлттық, болмаса мемлекеттік құндылықтарға деген бейтарап көзқарасын туғызып отырғаны жасырын емес. Сондықтан, ұлттық құндылықтар мен дәстүрді жастардың бойына сақтай отырып, заманауи білім мен технологияны игеру арқылы еліміздің ертеңінің беріктігін, биік рухын мирас қыла аламыз.
Өмірбек БЕКЕЖАН,
философия ғылымдарының докторы, профессор, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің кафедра меңгерушісі