БАТА бере білесіз бе?

rpdrpdrpd Жаңалықтар

Atr.kz/22 қараша, 2019 жыл. Бұл күнде бата берер ақсақалдың азайып бара жатқаны жасырын емес. Бата дейміз-ау, кейбір орталарда екі ауыз сөздің басын құрап, ас та қайыра алмайтын адамдарды көріп жүрміз. Ендеше, жыр дегенде жанын беріп, дуалы аузымен дауды да шешкен ұлтымыз неліктен сөзге шорқақ болып барады? Біз бата берудің мән-маңызын ашып, бұл дәстүрді дәріптей алып жүрміз бе? Талайдың бағын ашқан батаны бүгінгі ұрпақ қаншалықты бағалайды?

БҰЛ – ҰЛТ БАЙЛЫҒЫ

Қазақ – артында өнегелі өсиеттері қалған айтулы абыздар мен әділ билігімен есімдері елінің есінде сақталған Төле, Қазыбек, Әйтеке билер сынды тарихи тұлғалардың баға жетпес баталарымен сусындап өскен халық. Сондықтан батаны жұртымыз қариядан, абыз ағадан, өнегесі мол үлкеннен күткен. Десек те, бүгінде батаның «бағын» байлап, сылдыр сөзбен қайыратындар бар. Қасиетті сөздің қадірін кетіріп, тілек пен батаны шатастыратынымыз өкінішті.

Салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, үлгіөнегесі мол ұлтымыз батаға да бай. Ұлттың мәдени байлығы, рухани қазынасы саналатын бата сөздерінің мән-мағынасы, қадірқасиеті ерекше. Сондықтан да болар, ата-бабалардың қасиетті өсиеті ғасырлар бойы жинақталып, ой елегінен өтіп, бүгінгі күнге дейін жетіп отыр. «Халықтың тілекбатасы жеткіншек жас ұрпақты әдепті, сабырлы, арлы болып өсуге баулиды.

Отанын сүюге, елін, жерін қорғауға талпынтады» дейді үлкендеріміз. Иә, өйткені, бұл ақыл, нақыл сөздер – тәрбиенің бастау бұлағы. «Баталы құл – арымас, батасыз құл – жарымас», «Батамен – ел, жаңбырмен жер көгереді» деген мақалдардан-ақ қазақтың батаның бағасын қалай бағамдағанын білуге болады. Ата-ананың ақ батасын алмаған ұрпақтың болашағы да бұлыңғыр болатынын айтып, жастарды үлкенді құрметтеуге, жақсылық жасауға баулыған.

Батаны киелі, қасиетті санап қана қоймай, селкеусіз сене де білген. Себебі, кісілікке, имандылыққа, мейірімге, жақсы сөзге, ынтымаққа ұйытатындықтан батагөйлеріміз жастарға батаны барынша шын көңілмен, мазмұнды беруге тырысқан. Батаның түрі өте көп. Шілдехана, тұсаукесер, тіпті атбайлар ұлға, от жағар қызға беретін бата бар. Сол секілді ас қайырғанда, дастархан иесіне риза болғанда, той-жиында, Наурызда жарапазан айтқан жастарға беретін бата да аз емес.

Алайда, «осынша рухани байлығымыз уысымыздан шығып, жаһандану дәуірінде жұтылып кетпей ме?» деген қорқыныш бар. Оның себебі де жоқ емес. Бүгінгі күннің өзінде бата берер біренсаран үлкендерді ғана білеміз. Ал, басым көпшілігі ас қайырудың өзінде абдырап, не болмаса бірекі жаттанды сөздермен ғана жеткізеді.

Әсіресе, мұндай келеңсіздіктерге қыз ұзату, үйлену тойларында куә болып жатамыз. Баласына той жасаған ата-ана, ең алдымен, үлкендердің батасын алсын деген ниетпен дастархан жаяды. Бірақ, баталы сөз ести алмай «әттеген-ай» дейтін сәттер де аз болмайды.

Қариялардың өзі де «бақытты болыңдар, басқа не айтайын» деген бір-екі ауыз сөзбен ғана қысқа қайыратынын қайтерсің. Ал, олардан үлгі алып жатқан ұрпақ та сөзге шорқақ болып барады. Өйткені, «бақытты болыңдар, бақыттың ішінде бәрі бар» деген жаттанды сөзді де жастардың аузынан жиі еститін болдық…

ДӘСТҮРДІ ДӘРІПТЕСЕК…

Иә, бата беру дәстүрін насихаттау мақсатында Атырауда жыл сайын түрлі шаралар ұйымдастырылып жүр. «Батамен ел көгерер» атты жаңа кітап та жарыққа шықты. Бұл үрдіс аймақтық батагөйлер байқауы ретінде жалғасын тауып жүр. Мәселен, өткен жылы Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау облыстарында іріктеу сайыстарынан өткен 21 қария бақ сынаған болатын.

Сайыста аузы дуалы, шешен тілді Батыс Қазақстан облысының атынан қатысқан Ертай Сердалин байқаудың бас жүлдесін, ал, атыраулық Уахит Әділов бірінші орынды иеленді. Мақала жазу барысында атыраулық жүлдегер батагөймен де тілдесіп көрген едік. «Батаның өзі елді ынтымақ, бірлікке үндейді. Үлкен мен кішінің жолын ашып, алдағы өмірге деген мақсат-мұратын айқындайды.

Оның адам өміріндегі құдіретті күш екенін қазақ халқы о бастан-ақ білген. Алға қадам басып, қандай бір іске кіріспес бұрын Алладан ризашылық тілесе, үлкеннен бата сұраған. Сондықтан да, ақ бата халқымыздың арқасүйер теңдесі жоқ асыл қазынасы мен қасиетті тұмары деп білеміз. Батаны жасалып жатқан істің, тойдың бағытына байланысты лайықтап айтсаң, сөзің де мәнді шығады.

«Бата – алтын қазына», «Таңдаулы бата жинақтары» атты кітаптарды оқып, кейбір кездерде сөз орамдарын өз ойымнан да қосамын» дейді ол.

Ақсақал да жастарға бата беруді білмейтін қариялардың барын жоққа шығармады. Ондайларға «Пайғамбар жасына жеттіңіздер, дастархан басында үлкені сіз боласыз – бата беріп үйреніңіз» деп айта жүремін дейді. Бұл орайда мәдениет қайраткері Қайыржан Махмутов та бата беруді білмейтіндерге қатысты қынжылысын білдіріп, насихат жұмысын күшейту керектігіне тоқталды.

– Батаның түрі көп. Көпшілігін ескі латын қаріптерімен жазылған оқулықтардан үйрендім. Шамам келгенше, жастардың үйлену тойлары мен қоныс тойларында, өмірге сәби келген сәттерде, адамдардың кішіпейілділік танытып, қолғабыс еткен кезінде, жақын-жуығым алыс жолға сапарлаған уақытта батамды беремін. Арнайы бата сұрап келгендердің де қолын қақпаймын. Бата – қасиетті.

Әсіресе, адам есейген шақта оның мәнін ұғынып, үйренуге жұмыстануы қажет. Себебі, алма-кезек өмірде оған біреу бата берсе, оның да біреуге бата берер уақыты келеді. Осылайша, біз бұл құндылығымызды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отырамыз. Адамдар Елбасының рухани жаңғыру жөніндегі идеясын көңіліне орнықтырса, бата беруге көңіл бөліп, ұрпағына саналы сөз айта білсе, онымен сусындап өскен ұрпақ та байтақ даланың бағын аша түсер еді, – дейді ол.

«Абай жолы» романында Дулат ақынның жас Абайға берген «Шырағым, ер жетерсің, Ер жетсең, сірә, нетерсің. Алысқа шырқап кетерсің, Шындасаң, шыңға жетерсің» деген батасы ұлы ақынға жол ашар болғаны ақиқат. Бабалар батасының бағын ашар кез келді. Өйткені, әлемдік өркениеттің жақсысын ғана ала отырып, өзіміздің еш асылға теңгермейтін құндылығымыздың құнын білу – бүгінде мына бізге парыз.

Мәлике ҚУАНЫШЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз