ОРЫНДАЛҒАН АРМАН
«Мұғалім болу – мақсатым»
Новобогат ауданының Кетешағыл ауылы – бұл күнде тамырын тереңге жайған үлкен әулеттің кіндік қаны тамған атақонысы, аяулы алтын бесігі. Атакәсіпке сай, қолына қамшы ұстап, мал өсірген Дәулет әкей мен Злиха ананың отбасында өсіп-өнген Мырзабай, Қабижан, Жұмабай, Олжабай, Боранбай сынды ұлдары мен Ырысты қыздары еңбек адамдарының отбасында тәрбиеленген, қарапайымдылық пен адамгершілік сынды асыл қасиеттерді бойына жинай білген өнегелі ұл-қыз болғаны сол заманның адамдарына етене таныс. Содан да болса керек, жастайынан қолынан қалам-кітабы түспеген, үлкен ұл Мырзабайдың мұғалімдік мамандық таңдауына ешкім де таң қалмаған-ды. Бас көтерер ұлдарының «білсем, оқысам, содан соң кейінгі бауырларыма қарайлассам» деген балаң арманының ақиқатқа айналуына қарсы тұрмауға бекінген әке-шешесі оны мал соңына салмай, «бізден шыққан біреу де оза шапсын» деген тілекте болған-ды. Осылайша Мырзабай Дәулетұлы Гурьев қаласындағы арнайы мұғалімдер училищесін бітіріп, 1939 жылы Индер ауданындағы Мәмбет ауылдық мектебіне директор болып тағайындалып, еңбек жолын бастады.
Алайда, алға қойған мақсатына жетуге талпынған жастың бала күнгі арманы сұм соғыстың басталуына орай, алыстап сала берді. Әкесі болса, егде тартқан жаста, бауырлары әлі кішкентай. 1941 жылдың желтоқсан айында әскер қатарына шақырылып, Чкалов (Оренбург) қаласындағы офицерлер даярлайтын үш айлық курсты тәмамдап, сұрапыл соғысқа аттанады.
Алғашқы жылдары елін, туған жерін сағынып жүргенін, жаумен арадағы қиян-кескі ұрыстарға қарамастан жеңіске жетуге деген жігердің мықты екендігін айтып, алыстағы ауылға хат салып тұратын. Соны да жарымжан көңілдеріне медеу тұтқан ата-анасы ұлдарының амандығын тілеумен, ел еңсесін тіктеу жұмыстарына атсалысып жүрді. Ал, кейінірек, майданнан елге келер сағынышты үшбу хаттары сирей түскенімен, байланыс тіні үзілмеген-ді. Алайда, 1944 жылдың орта тұсында «хабар-ошарсыз жоғалып кетті» деген тілдей қағаз қараша үйге қайғылы хабар алып келді.
Жеңісті жақындатқан жауынгер
Бейбіт күн туып, бұл әулеттен тараған немере-шөберелер ата-әкелерінен естіп өскен аталары Мырзабай Нұрышев туралы деректер іздеуін еш тоқтатқан емес. Сондай бір шақта, Астанада білім алып жатқан Ұлан есімді ұрпағы (інісі Жұмабайдың немересі) ресейлік мәліметтер сақтайтын ғаламтор сайтынан деректер тауып алады. Дереу Алматы қаласында тұратын Мырзабай Дәулетұлының інісі Олжабай атасына хабарласқан соң, бұл солдаттың өз атасы екенін еш күмәнданбай, іздеу жұмыстарына кірісіп кетеді.
Қолда бар деректерді жинай келе, атасының қай майданда болғаны, қандай әскери шен иеленгені туралы мағлұмат жинап, жерленген жеріне дейін тауып алады.
Табылған деректерде былай деп жазылған: «Мырзабай Нұрышев Ұлы Отан соғысында 21 механикаландырылған бригада құрамында 1944 жылдың 24 шілдесінде қаза тапқан. Әскери шені – гвардиялық лейтенант, гвардиялық взвод командирі. ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталған».
Ал, тағы да бір құжаттардағы жазбаларда: «І Украин флотындағы әскери ұрыс кезінде гвардия лейтенанты М.Нұрышев 1944 жылдың 19 шілдесі күні Соколь қаласы аумағындағы Батыс буг өзенін алғашқы болып кесіп өтсе, Польша аумағындағы Висланың бір саласы, Сан өзенінен өту кезінде де ол алғашқы болды. Осы өзеннің сол жағалауындағы қиян-кескі ұрыста Нұрышевтың взводы Ярослав қаласына баратын үлкен тас жол бойында жау шебіне қасқая қарсы тұрып, бір тәулік бойына шепті бұзбастан жауға тосқауыл болып тұрды.
Гвардия лейтенанты М.Нұрышев Ярослав қаласы үшін болған жойқын соғыста ерлікпен қаза тапты» делінген.
Осы деректерге қол жеткізген соң, іздеу жұмыстарын жандандырған ұрпағы көп ұзамай оның Польша жерінде жерленгендігі туралы ақпаратқа да кезікті. СССР Қорғаныс комиссариатының 1944 жылдың 21 қазан күнгі бұйрығының тіркемесінде: «Гвардия лейтенанты Мырзабай Нұрышевтың №032316 санымен тіркелген жерлеу сызбасы: 1944 жылғы 24 шілде күні қайтыс болған. Жерленген жері: Польша» делінген.
Ел үшін қасық қаны қалғанша шайқасқан асыл азаматтың сүйегі Польшаның, Украинамен шекаралас жатқан Ярослав қаласының солтүстік батысындағы төбеге жерленген. Варшавадан 600 шақырымдай, Львовтан 115 шақырымдай жерде орналасқан бұл қала осы күнде 40-50 мың тұрғынға мекен болуда.
Ерлер есімі – мәңгі есте
Қазақта «қан тартады» деген сөз бар. Расында да, осы әулеттің немересі Мәдина Польша еліндегі елшілікте қызмет атқаратыны жәй сәйкестік пе екен деген ойға қалдық? Осылайша, бес ұл бір қыздан қалған Олжабай Дәулетұлы өз бауыры Мырзабай туралы алғашқы деректер табылған сәтте-ақ дегбірі қашып, күн сайын «бір хабардың шеті шығып қалар» деп елеңдеумен жүрген-ді. Кейін бәрі анықталған тұста, шалғайдағы Польшаға егде тартқан адамның бара алмасын сезген соң, қызы Ғалияны аттандырды. «Бауырымның басына барып, туған жердің топырағын сал, Құран бағыштап, елдің сәлемін де жеткіз» деген-ді.
Таяуда сол елден оралған Ғалия Олжабайқызы: «Бұл сапар мен үшін де, тұтастай әулетіміз үшін де аса маңызды болатын. Әкемнің аманатын арқалап, Польша жеріне қадам бастым. Біз іздеген зиратты табу аса қиынға соқпады. Ол жерде бірнеше кеңес әскерлері жерленген. Арнайы орнатылған обелискте барлығының аты-жөні жазылған. Жергілікті халық та, қоғамдық емес ұйымдар да бұл ескерткіштерді өз қамқорлықтарына алған. Ерекше күтімде тұрғанын көріп, риза болып қайттық. Ертеңгі күні бейбіт таң атуы үшін қолына қару алып, қасқайып жауға қарсы тұрған жауынгерлер ерлігі – ешқашан өшпек емес. Олардың ісі – мәңгілік» дейді.
«Ендігі кезекте атамыздың жерленген жеріне баруды – парызымыз санап отырмыз. Сәті түскен шақта біз де баруды жоспарлаудамыз. Бір ғана атамызға құрмет тұтастай соғыста қыршын кеткен боздақтарға деген құрметіміз деп білемін» дейді жауынгердің атыраулық ұрпақтары.
Жалындаған шағында жауға аттанған жауынгердің соңында тұяқ қалмағаны – үлкен өкініш екені сөзсіз. Осы ретте, тектілік сынды қазақы қанғасіңді қасиетке сай, інісі Жұмабай өзінің үлкен ұлы Қайыржанды «Мырзабаев» деп жаздырып, ағасының есімін жаңғыртты. Қ.Мырзабаев бұл күнде осынау үлкен әулеттен тараған немере-жиен, шөберелерінің басшысы, отставкадағы полиция генерал-майоры, Атырау, Маңғыстау, Павлодар облыстық ішкі істер басқармаларын басқарған. Жауынгердің ұрпақтары Атырау, Алматы, Астана қалаларында өмір сүруде.
Осылайша, арман-тілек орындалды. Жат елде жүріп шейіт болған жауынгеріміздің ұрпағы соңынан барып, тәубе етті, Құран оқып, ас берді. Ел қорғаған ерлер есімі мәңгі жадымызда жаңғырып тұрады…
Гүлжан ӘМІРОВА.