«Шалқұйрық» пен «Байшұбарды» білмейтін балалар өсіп келеді…

tbtbt Жаңалықтар

Atr.kz/27 қаңтар, 2020 жыл. Бүгінгінің баласы кітап оқымайды. Осынау жаттанды болған тіркестен тіліміз жауыр болғалы қашан?! Ұрпағымыздың кітап оқымайтынына кім кінәлі? Мектеп пе, атаана ма, әлде дерті өзекке түсіп тұрған сырқаулы қоғам ба? Бәрінің де үлес салмағы бар шығар, әйтеуір, смартфон мен айфонын бетіне басып алған еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін кітап бетін ашудан қалғаны жасырын емес.

Кітап сөресінде тұрған әкелі-балалы Дюмалар, Шекспир мен Гюго және басқа әлемдік әдебиеттің жауһарлары мен Абай, Мағжан, Жүсіпбек, Мұхтар, Ғабиттардан бастау алған ұлт әдебиетінің қазынасы бүгін бізге жетімсіреп қарайтындай. Оларды қолына алып парақтап, өзгенің бәрін ұмытып оқитын жан болмағаннан кейін рухани өзегіміз де әлсірей түскені жасырын емес. Сөз астарын ұғатын, мағынасын әріден түсінетін, мақалдап, мәтелдеп сөйлейтін үлкен кісілер де азайып кеткені жанға батады.

Шіркін, рухтың биіктігі, парасатпайымның жоғарылығы кітаптан екен ғой! Қой бағып жүрген қойшыдан бастап, ел басқарған азаматтарға дейін қолынан кітап түспей, рухани биіктікке ұмтылған кезең келмеске кеткені өкінішті. Осының бәрі неліктен екенін ойлап, басымыз қатқан сәттерде бүгінгі ұрпақтың неге кітап-қағазды қолына ұстамайтынына сараптама жасауға тырысқан болатынбыз.

БІРСАРЫНДЫ ЕРТЕГІМЕН ӨСКЕН…

Қазіргі ата-ана, атаәжелердің көбі балаларға бірсарынды ертегілерді айтады. Қиял-ғажайып ертегілерін айтып, баланың фантазиясын дамытудың орнына мысықтың құйрығын жұлып алатын Мақта қыз бен атаәжеден қашып шығып, түлкіге жем болатын Бауырсақты сәби санаға тықпалай беретінімізге қайран қаламын. Үйде де еститіні, балабақшада, мектептің бастауыш сыныптарында қайталана беретін осындай бірсарындылық баланың қиялына қанат бітірмейді, керісінше, жаттандылыққа, жасандылыққа әкелетіні рас.

«Мақта қыз» да, «Бауырсақ» та қазақ халық ертегісі емес. Одан қалса, «Шалқан», «Маша», «Мишутка» сияқты орыс халқының ертегілерін тықпалаймыз. Негізі қазақ халқында не көп – ертегі көп. Ол ертегілер – бірін-бірі қайталамайтын, асқақ арман мен үкілі үмітке жетелейтін мұралар. Алайда, неге екені белгісіз А.Пушкиннің «Алтын балығын» айтуға жанымыз құмар. Балалар кішкене кезінен ести-ести құлағы жауыр болған ертегіге қызықпайды, керісінше жалығады.

Біз неге «ай астындағы теңгені алты бөліп түсіріп» қыз Құртқаны жар еткен Қобыландыны, «алпыс үйлі ауылды құс етімен асыраған» Қамбарды, «Біз Қазанға жеткенше қан жаумасын қар жаусын, біз Қазанға жеткен соң қар жаумақтан қан жаусын» деп қаһарымен тітіренткен Тама, Шора батырларды ұрпағымыздың құлағына құя бермейміз? «Мишуткадан» гөрі «Керқұла атты Кендебайдың» оқиға желісі қызықты, балаға берері көп емес пе? «Мақта қыздан» гөрі «Күн астындағы Күнікей қыз» бала қиялды шарықтата түспей ме? Ертегі оқымаудың түп негізі осында жатыр ма деп ойлаймын кейде.

БАЛАҒА БАҒЫТ БЕРЕР МҰҒАЛІМ ҚАЙДА?

Баланың кітапқұмар болуына екінші әсер ететін, ғұмырлық үлгі болатын бірден-бір адам – мұғалім. Ол сөзімен де, ісімен де, жүрістұрысымен де, киім киісімен де баланы қызықтырып, соңына ертіп әкететіндей жан болуы тиіс. Бұл үшін, ең алдымен, білім керек. Оқушының берген әр сауалын іліп әкетіп, қызықтыра жауап беріп, пәніне ынтасын ояту үшін мамандығының қыр-сырын толық меңгеруі, еңбекқор болуы шарт. Мұғалімнің қолынан кітап түспесе, балалар да сөзсіз сол кітапқа ынтызар болады.

Өкінішке орай, қолына көркем әдеби кітап ұстайтын мұғалім некен-саяқ. Әсіресе, қазақ тілі мен әдебиеті, тарих пәні мұғалімдері шәкіртке бағыт беріп, оқитын көркем әдеби кітаптың тізімін жасап, оқығандарды басқасына үлгі етіп отырса, кәнекей! Бір есептен қазіргі мұғалімдерге сын қоя алмайтынымыз да рас. Жаңа бағдарламамен басы қатып, электронды күнделік толтырып, ноутбугін қолтықтап жүрген оқытушылардың оған уақыты да жоқ шығар.

Таңдаған мамандығы болғаннан кейін бәріне де үлгеру жөн деп айтқымыз келетінін несіне жасырайық. Түсінбеген сауалын сұрағысы келген оқушыға: «Жаңа түсіндіргенде не бітіріп отырдың? Қайта
қайта қақсай беретін жайым жоқ!» дейтін мұғалімдерден не пайда, не қайыр?! Қайта шәкіртінің ынтасына қуанудың орнына, зекіп, көңілін қалдыратын ұстаз оны болашаққа жетелей ала ма?

«Кітап оқы!» деп құр қақсай бергеннен ешнәрсе өнбейтіні түсінікті. Бұл ретте үлкендердің өзі үлгі-өнеге көрсетуі тиіс. Қызықты кітапты алдымен өзі оқып, одан кейін оқушыларына айтып, бағыт-бағдар беретін шын ұстаздар қайда кетті?! Мектептер соңғы заманауи үлгіде, әлемдік білім беру талаптарына сай салынып, жабдықталуда. Мұғалімдер де сайыстар мен байқауларға қатысып, атақтар мен марапаттарға ие болуда. Бірақ, одан не пайда?! Керемет деген мұғалімнің бір шәкірті қолына кітап ұстап, рухани азыққа қызықпаса, жан-дүниесін байытарлықтай халық ауыз әдебиетін білмесе, еңбегі еш, тұзы сор болып шықпай ма?

КІТАПҚҰМАР АТА-АНА НЕГЕ ҮЛГІ БОЛМАЙДЫ?

Жиырма бірінші ғасыр – ақпарат ағынының тасыған дәуірі. Небір жаңалықтар әлеуметтік желіні жарып кете жаздап тұрғаны да ақиқат. Фейсбук, инстаграм, твиттер парақшаларына кім ойына не келсе, соны жазуда. Сол жазбалардың көбі сауатсыз, арандатушылық бағыты басым екені де баршамызға аян. Бірақ, оны оқып алып, қатесін түзетудің орнына небір ғалымдардың өздері лайк басып, мақтап қоятынын қалай жасырайық?! Осыған ата-аналар үнемі сақ болып, балаларына да айтып отырса, нұр үстіне нұр болары кәміл. Қазіргі таңда материалдық өмір бірінші орынға қ о й ы л ғ а н н а н к е й і н , адамдардың жүрегінде тек дүниеге құмарлық қалды деп айтуға әбден болары даусыз. Сондықтан, кітап оқитын атааналар да жоқтың қасы.

Үйде кітап оқып, сол оқығанды айтып отырса, баланың да кітап оқуға құмартатыны сөзсіз ғой. Қызмет бабымен, сегіз сағаттық жұмыс күнінде солдат сияқты секундты есептеп жүгіріп жүрген, балаларын асырау қамымен шаруаға жегіліп жүрген жұмысбасты ата-анадан кітап оқуды талап ете алмайтынымыз және шын. Бірмезгіл күйбең тірлікті ұмытып, уақыт тауып «Абай жолына» үңілсе, «граф Монте-Кристоға» жантәнімен кіріп кетсе, соның өзі балаға өнеге болар еді-ау!

МЕКТЕП КІТАПХАНАСЫНЫҢ ҚЫЗМЕТІ ҚАНДАЙ?

Мектеп кітапханасының да жұмысы әлсіз. Неге кітапқұмар ата-ана арасында байқау өткізбеске? Оны әр сынып жетекшісі де, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері де өткізе алар еді. Мәні жоқ, жаттандыға айналған байқаулардан балалар әбден шаршады. Мәселен, бірінші сыныптан бері өтіп келе жатқан «Күзгі балл» сайысын алайықшы. Жаттанды болған таныстыру, жаттанды болған күзгі салаттарды дайындау, жаттанды болған күзгі сән үлгілерін көрсету… Сонда мұғалімдердің қиялы тек осыған ғана жете ме? Бұл дегеніңіз баланы дамытпайды ғой. «Артық білім – кітапта, Ерінбей оқып, білуге» деп Абай атамыз айтпап па еді?

P.S. Қаланың балаларын айтпағанда, ауыл балаларының өзі қазір төрт түлік малды біле бермейтінін көріп жүрміз. «Шалқұйрық» пен «Байшұбарды» білмейтін ұрпақ өсіп келеді. Осыны көріп тұрып, өкініштен өзек өртенеді. Ұл-қызымызды қиял-ғажайып ертегісімен ұйықтатып, «Батырлар жырымен» оятуымыз керек. Әйтпесе, бір күні тілден де, ділден де жұрдай боларымыз айқын.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз