ӨНДІРІСКЕ – ЖАҢА ҚУАТТАР

ол алдағы қысқы кезеңде жылу электр орталығының сенімді жұмысын қамтамасыз етеді

ҚР Ұлттық экономика министрлігі табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен «Атырау жылу-электр орталығы» АҚ-нда кезекті баспасөз туры  өткізілді. Оны аталған департамент басшысының орынбасары Әлсейіт Сабыров кіріспе сөзбен ашты. «Кәсіпорында 2013-2015 жылдарға қабылданған инвестициялық бағдарламаның орындалысы және 2016-2020 жылдарға арналған жоспарлар туралы» акционерлік қоғамның президенті Мұхамбетқали Қалиев баяндады.

Үш жылда өндіріске жаңа қуаттарды енгізу, қолданыстағы активтерді жаңарту, қолдау, жаңғырту және техникалық қайта жарақтандыру бағытында 15 млрд. 452 млн. 26 мың теңгенің жұмыстарын атқару жоспарланып, нақтысында бұл көрсеткіштің 15 млрд. 487 млн. 80 мың теңгеге артығымен орындалуын қамтамасыз ету көзделді. Бұл соманың бір бөлігін жылу  энергиясын өндірумен байланысты шығындарды жабуға бағыттау болжамдалды. Бағдарламада қарастырылғандай, жыл сайын мұнда өзінің ресурстық мерзімін өтеген, табиғи тұрғыда және сапасы жағынан тозығы жеткен энергетикалық, электротехникалық және сорғылау жабдықтарының жекелеген бөліктерін жаңарту назарда ұсталынды. Ал,  қаржылай шығындарды тиісінше, орталықта өндірілген жылу мен электр энергиясын сатудан түскен табыс пен аммортизациялық аударылымдар есебінен өтеу ойластырылды.

Осыларды егжей-тегжейлі баяндаған кәсіпорын басшысы одан әрі әр жылда атқарылған жұмыстарға тоқталды.

2013 жылдың өзінде ауқымды жұмыстар жүзеге асырылды. Бірінші кезекте барлық жұмыс процестерінде дерлік қолданылатын, УВМ-3/6 үлгісіндегі трансформатор майын газсыздандыру қондырғысы орнатылды. Жоғары кернеулі сынақтарды өткізу мен электр жабдықтарының жай-күйін тексеруге арналған, СИУК-24/41-60 маркалы сынақ құрылғысы құрастырылып, іске қосылды. Сондай-ақ, қуаттылығы 0,4 кв-тық ескірген электр қалқаны, сығылған сутегін қабылдау, жинақтау және сақтауға арналған ресиверлердің  ескіргендігі ескеріліп, жаңасымен алмастырылды. Осындай жұмыстардың 2014-2015 жылдары да жүйелі жалғасын тапқандығы баяндалды. Осылайша, алдыңғы жылы қуаттылығы жоғары газотурбиналық қондырғы жаңадан орнатылып, нәтижесінде жылу-электр энергиясы өндірісінде қолданылатын негізгі жабдықтар жұмысының сенімдігі мен турбоагрегаттар қызметін резервтеу мүмкіндігі артты. Сонымен бірге, ондаған жылдар бойына үздік жұмыс жасап тұрған  қазандық агрегаттарының орнына жаңалары  монтаждалып, пайдалануға берілуіне байланысты стансалардың бу өндіріп, шығару қабілеттілігі ұлғайды. Сол сияқты, моральдық та, физикалық та тұрғыдан тозған жылу автоматикасы мен бақылау-өлшеу құрылғыларының қолданыстан ығыстырылып, жаңаларымен ауыстырылуы да стансалардың үздіксіз қызметін қамтамасыз етуге септігін тигізді.

Ағымдағы жыл басынан бері де жоспарлы жұмыстардың жүйелі жалғасқандығы айтылды. Солардың қатарында  жоғары кернеулі, төменгі жиіліктегі электр жабдықтарын сынақтан өткізу қондырғысының орнатылғандығы, жаңадан монтаждалған турбоагрегаттарға берілетін қуаттарды бөліп-тарату қондырғысының жаңартылуы, бірінші және үшінші кезектегі суды циркуляциялау жабдықтарының реконструкциядан өткізілуі өндірістік мақсатта пайдаланылатын айналма судың салқындату деңгейін қалыпты ұсталуы мен орынсыз ысырабына жол берілмеуін қамтамасыз етті.  

Дәулетқали АРУЕВ.

Суреттерді түсірген Амангелді МУТИГУЛЛИН.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз