ӘЛСІЗ ТОПТАРДЫ ҚОРҒАУ ШАРАЛАРЫ ҚАЖЕТ

Болат ҚОЖИЕВ, Атырау аграрлы-техникалық колледжінің директоры, экономика ғылымдарының кандидаты:

- Сөз жоқ, баға өсімі болады. Ол күнделікті тұтыну тауарлары мен азық-түлік, коммуналдық қызмет салаларын, т.б. қамтиды. Бірақ, осы қымбатшылықтың негізсіз орын алуына жол бермеген жөн.

Әрине, қазіргі теңгенің арзандауына орай жалақыны да тиісінше көтерген оңды болар еді. Рас, биылдан бастап зейнетақы тоғыз пайызға өсті. Елбасы Жолдауында бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысы да біртіндеп өсетіндігі айтылды. Өзге де әлеуметтік төлемдер жеті пайызға артты. Тек соның бәрін азды-көпті көтерілер инфляция жоққа шығармауының жайын ойластыруымыз керек.

 Үкімет тиісті шараларын алып, сараптамасын жасап отыр. Мәселен, 2009 жылы теңге 25 пайызға төмендегенде инфляция деңгейі алты-жеті пайыз аралығында болыпты. Енді, ол 6-8 дәлізінде сақталатындығы айтылуда. Бұл да аса көп емес. Тек соны кейбір алыпсатарлар өз мүддесіне пайдаланып кетпесін.

Бүгінде жергілікті атқарушы билік өкілдеріне үлкен жауапкершілік жүктелуде. Тұрақтандыру қорларын жұмылдыру арқылы сауда орындарын әлеуметтік тағамдармен толтыру керек. Оны сату тәртібін де қадағалау қажет. Біреулері дорбалап алғанда, екіншілері арбалап тасып кетпесін. Ал, тыстан тауар жеткізушілердің жұмысын жүйелеген жөн. Олар қаншалықты шығын жұмсады, табар табысы қандай? Бағаның негізсіз өсуіне жол бермеудің бір жолы осы.

Қазір кейбір базарлар мен ірі сауда нүктелері басшылары тауар бағасын қайта жасақтауда көрінеді. Әрине, бұл – бизнес саласында қалыпты көрініс. Әр кәсіп иесі келер күннің қамын ойлайды. Әйтсе де, олардың тұтынушыларының дені қарапайым халық екендігін ескерсек, алдымен солардың көңілін табу керек. Тұрақты сатып алушылардан айырылып қалмаудың қамын істеген жөн. Меніңше,  бірер күннен кейін жағдай қалыпқа түседі. Үкімет тарапынан алынатын шұғыл шешімдер, мемлекеттік ықпал ету тетіктері осындай алмағайып сәтті өз пайдасына жаратуға ұмтылушылардың жолын кеседі. Сондықтан, аса абыржуға да негіз жоқ. Тек әлеуметтік әлсіз топ өкілдерін қорғау шаралары дер кезінде алынса екен.

Жедел сұхбатты дайындаған Меңдібай СҮМЕСІНОВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз