ӨМІРІ ТҰНҒАН ӨНЕГЕ ЕДІ
Кітапты оқи отырып та, өзіміздің ол кісі туралы білетінімізді саралағанда да, ұстаздың әзіз тұлғасы көз алдымызда тұлғалана түскендей болды. Ол жанкешті еңбектің майталманы болатын. Ерінбейтін, ізденгіш, оның үстіне қарапайым да, кішіпейіл жан адами қасиеттің барлық ізгі қасиеттерін тал бойына жиғандай әсер қалдыратын. Ол 1947 жылы Гурьев педагогика училищесін, кейін педагогика институтының «Қазақ тілі мен әдебиет» бөлімін мұғалімдік жұмысын жалғастыра жүріп бітірген. Менің өзім 1959 жылы Томарлы ауылында сегіз жылдық су жаңа мектеп ашылғанда 4- сыныпқа сабаққа келіп, осы мектептен он жылдық орта білім алып шықтым. Бастауыш сыныптан бастап мектепті аяқтағанша Демеу ағаның ұстаздығымен тәрбиеленіп, өсіп, жетілдік. Ол өте қарапайым, ерекше ұстамды, әр оқушымен шығармашылықпен жұмыс істейтін. Ағай шәкірттерінің бәріне бірдей қарайтын. Әсіресе, сабақ түсіндіргенде «миыңа құйып», кейбір жерлерін сұрақ- жауап арқылы толықтыратын. Демеу ағаның ұстаздықтан басқа, өз басына тән адами қасиеттері көп болатын. Оны бір ауыз сөзбен айтып жеткізу өте қиын. Ол қасиеттерін кезінде ол кісіден тәлім алған шәкірттері, қызметтес болған мұғалімдер, басқа да ауыл азаматтары жақсы біледі деп ойлаймын.
Ол 1989 жылы зейнеткерлікке шыққан, кейін де мектептен қол үзбей, әсіресе, жас буын мұғалімдерге, көп жылдық ұстаздық тәжірибесі арқасында ақыл-кеңестерін беріп тұрды.
2012 жылы 83 жасқа қараған шағында Демеу аға дүниеден озды. Осы жылы Демеу ағаның ортаңғы буын шәкірттері саналатын біздер, Едіге Сабыров, Болат Омаров және басқалары ол кісінің баспасөз беттерінде жарық көрмеген шығармалары бар екенін білдік. Ағадан қалған қолжазба өлеңдері, басқа да жыр жинақтары, Атырау қаласының «Шежіре» шығармашылық орталығына тапсырылып, шілде айының басында ағаның бір топ өлеңдері «Ой толқындары» деген атпен жеке кітап болып жарық көрді. Кітап «Үлгілі ұстаз» атты Жақсылық Ақбаловтың мақаласымен басталып, «Ой толқындары», «Ақ көңіл, пәк сезіммен» аталған бөлімдерден тұрады. Кітап көпшілік оқырманға арналып жазылған, онда туған жер, ата- анаға деген сағыныш боямасыз беріліп, жастар арасындағы кіршіксіз сезім, қазақы туыстық қарым- қатынас әдемі көрініс тауып суреттелген.
Кітаптың тұсаукесері, шілде айының 23 жұлдызында Қайыршақты селолық әкімшілігінде округ әкімі, Демеу ағаның шәкірті Шапхат Қалиевтің ұйымдастыруымен атап өтілді. Жиынға ауыл ақсақалдары, ағаның ағайын- тумалары, кезінде мектепте жұмыстас болған мұғалімдер қатысты. Кітаптың кіріспе сөзі ретінде мақала жазған Демеу ағаның алғашқы шәкірттерінің бірі, кейін ұстаздық қызметпен айналысқан Жақсылық Ақбалов ағаның ұстаздық, жақсы адами қасиеттерін айтып өтті. Басқа да сөз алған ауыл ақсақалдары, мұғалімдер, ағайындары мен шәкірттері ағаның кейбір жақсы, әдемі мінез-құлықтары жөнінде әңгімелеп еске алды. Сол жиында баспадан шыққан «Ой толқындары» атты кітаптары ағаның түтінін түтетіп, шаңырағын ұстап отырған Шолпан келініне тапсырылды.
Демеу ағаның өмірлік, ұстаздық жолында қасында бірге болған жан жары Қалампыр апа жөнінде бір ауыз сөз айтуды жөн көрдік. Ол да – зейнеткерлікке шыққанша партия, кеңес саласындағы өзіне міндеттелген лауазымды жұмыстарды жоғарғы деңгейде атқара білген адам. Ауылдық жердің қаладан айырмашылығы отбасында болған кикілжің немесе басқа да сондай мәселелермен сот, прокуратура, милиция органдарына бармай, ауылдық кеңеске немесе парткомға ауызша немесе жазбаша түрде арызданатын. Сондай мәселелерді дер кезінде қабылдап, дұрыс та, әділ шешім шығарып, халық арасында «Қалампыр апа» атанған жан еді ол. Ол кісінің ауызша айтқан шешімдерінің өзі қабылданып, халық ризашылығын білдіріп жататын. Әттең, ол кісі де қазір арамызда жоқ, ағадан бұрын дүниеден озған, «жатқан жері жарық, топырағы торқа болсын» дейміз ғой.
Кезінде қолымызға қалам ұстатып, өмірдің оң-солын дұрыс танытуға адамгершілік, ұстаздық бар жігерін сала білген Демеу ағамыз арамызда жоқ. Ол кісіден тәлім алған шәкірттері облыстың, тіпті республиканың әр түкпірінде лауазымды қызмет атқарып жүргендері де бар. Осы кітапты шығаруға үлес қосқан шәкірттерінің еңбегі теңіз суының тамшысындай болса да, Демеу ағаны еске алып, рухына бас иіп тағзым етеміз.
Ағаның жарқын бейнесі жүрегімізде мәңгі сақталады дей келіп, ол кісінің «Ұстаздық жол» атты өлең шумақтарымен аяқтағалы отырмын:
Ұстаз болу оңай деп ойламаңдар,
Ұстаз болу – ұлылық ойлағанға.
Санасына шәкірттің жарық шашып,
Солар өссе, мәз болып тойлағандар.
Ұстаздардың алдында бас иемін,
Құдіретке балаймын қасиетін.
Ұстаз ғана ұлысы ұлылардың,
Жаңа буын өскінге нәр себетін.
Бағыт ДАҒАРОВ,
ішкі істер қызметінің ардагері,
милиция полковнигі,
Атырау қаласы.