БІЛІМНІҢ БІРЕГЕЙ ОРДАСЫ

өз  түлектеріне  сәтті  сапар  тіледі

Өткен жұма күні «Жайық» спорт-мәдени кешенінде Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетін бітіруші түлектерге арналған «Сәт сапар, жас маман - 2014» атты салтанатты шара өтті.

 

Бірінен бірі өтетін университет түлектері мен магистранттары жұпталып, Паланеза әуенімен салтанатты шеру жасады. Алғашқы сөз облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқанға берілді. Ол аталған жоғары оқу орнының еліміздегі ең таңдаулы оқу орындарының бірі екендігі, оның түлектерінің республика экономикасын көтеруге орасан зор үлес қосып жүргендері жөнінде кеңінен әңгімеледі. Сондай-ақ, Шыңғыс Жұмабекұлы «Қазақстан – бүкіл әлемге ашық ел, байлығы ұшан-теңіз. Осы елдің мақтаулы азаматы болып, үлкендер үмітін ақтайтындарыңызға шексіз сенемін!» – деді де, республикалық, халықаралық байқаулардың жеңімпаздарына, белсенді әрі үздік түлектерге диплом табыс етті.  

Расында да, өңіріміздегі тарихы тереңнен бастау алатын іргелі білім ордасының бірі әрі бірегейі осы Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті. Қуанарлығы сол, университет институционалдық және мамандандырылған аккредитациялаудан сәтті өтіп, болашағын өздеріне сеніп тапсырған студенттер мен олардың ата-аналарының үмітін ақтады. Университеттен білім алған жастардың бірқатары енді Финляндия, Польша, Корея, Қытай, Венгрия, Ресей мемлекеттерінің жоғары оқу орындарында академиялық ұтқырлық бойынша оқуын жалғастыруда.

Оқу орнының студенттері республикалық пәндік олимпиадалардан да жүлделі орындарды иеленуде. Айталық, психология, педагогика және өнер факультетінің студенттері еліміз бойынша бас жүлде алған болса, өзге мамандыққа оқып жатқан студенттер бірінші, екінші, үшінші орындарды иеленуде.

Университеттің осындай жетістіктері жайында оның ректоры, профессор Бейбіт Мамраев осынау шарада кеңінен әңгімеледі. «Биыл университетті 840 түлек бітіреді. Оның 475-і аударма ісі, юриспруденция, ауыл шаруашылығы, экономикалық, техникалық, гуманитарлық, т.б. мамандықтары бойынша бітіріп шығады. Ал, 365 түлек педагогикалық мамандықтар бойынша білім алып, ұстаз деген ұлағатты есімге лайық болғалы отыр,» – деді. Сөйтті де елімізге танымал композитор, жазушы, публицист, музыкатанушы, Қазақстан мен Қырғызстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Илья Жақановты ортаға шақырып, оған университеттің 2014 жылғы түлегі деп, «қызыл дипломды» салтанатты жағдайда табыстады.

Бұдан әрі облысымызға танымал партия және қоғам қайраткері Мәдина Ғабдісәлімова, құқық қорғау саласының ардагері, облыстық Адвокаттар кеңесінің төрайымы Айсұлу Омарова, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қатимолла Ризуанов, белгілі фермер Владимир Розметов, Атырау облысы Жастар мәселелері басқармасы басшысының орынбасары Арман Азаматовтар құттықтау сөз сөйлеп, түлектерге дипломдар тапсырды. Ал, жоғары оқу орнын бітіруші түлектер атынан сөз алған жастар ісі жөніндегі комитет мүшесі, университет өмірінде өтетін түрлі мәдени-көпшілік шаралар белсендісі Таңшолпан Галимова оқу орны басшысы Бейбіт Баймағамбетұлына ақ тілекке толы «Алтын кітапты» табыс етті.

Университет түлектеріне диплом тапсыру шарасын жігіттердің «Кварто» тобы, Н.Жантөрин атындағы облыстық филармония әншісі Әсел Аманқұлова әсем әнімен әрлесе, түлектер «Менің университетім» әнін орындап, қимастықпен қоштасты…

Лиза СЕЙТІМОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз