ОЛ – ҰРПАҚТЫҢ БАҒДАРШАМЫ
Елбасымен алғаш Алматы қаласында кездестім. Бұл 1969-1970 жылдары болатын. Ол уақытта мен Жоғарғы партия мектебінің тыңдаушысы едім. Ал, Нұрсұлтан Назарбаев ол кезде Қазақстан Республикасы Компартиясы Орталық комитетінің өндіріс жөніндегі хатшысы болып қызметте жүрді. Алғаш ол кісіні осы қызметте жүргенінде бір жиында көрдім. Сол уақытта байқағаным, оның бет-бейнесінің өзінде адамды баурап алатындай бір қасиет бар еді.
Одан кейін 1992 жылдың желтоқсанында Қазақстан халықтарының форумында жүздескен едік. Бұл жиында Елбасының сөйлеген сөзі, оның қарапайымдылығы адамды баурап алды. Ел бірлігіне байланысты ұлттар арасында достықты сақтау жөнінде сөйлеген сөзі жиында резонанс тудырып отырды. Бұл кездесуден кейін Президенттің қабылдауында болып, ол кісімен жақынырақ әңгімелесудің тағы да сәті түскен еді. Сол уақытта оның жүзінің жарқын, сөзінің өтімді, ойының ұтымды, пікірінің пайымдылығы, жігерлілігі маған ерекше әсер етті. Қандай болса да кездесуді кеңітіп, өз ойларын ашық айтып, емін-еркін әңгімеге шақыратын. Сол жиында Елбасының қабылдауында болғандар қысылып, қымтырылып отырғанымыз сол еді, Нұрсұлтан Әбішұлы қолына домбыра алып жіберіп, қоңыр даусымен ән салып жібергенде бәріміз өзімізді еркін сезініп кеткен жайымыз да болған. Міне, ол кісінің қарапайымдылығын ең алғаш осы өнерінен байқадық.
Сөйтіп, Елбасының жүрген жерінде жақсылық нұрын шашып жүретін, дара туған азамат екеніне разы болдық. Мұндай басшысы бар елдің өркениеттен қалыс қалмай, озық елдер қатарынан орын аларымызға кәміл сендік. Бүгінгі күні сол сеніміміздің орындалып жатқаны – ел үшін үлкен мәртебе. Әлемнің қай түкпірінде жүрсек те Отанымызбен, Мемлекет басшысымен мақтанамыз.
Нұрсұлтан Назарбаевтың Президент болып тағайындалғаннан бері ел халқы үшін жасаған жұмыстары бір төбе. Алғаш тәуелсіздік алған жылдары мемлекетіміздің экономикасын түзетіп алу үшін кәсіби кадрлардың жетіспеушілігі байқалғаны рас. Сол уақытта қазақстандық мықты экономистер, заңгерлер, әскери адамдар, спортшылар мен әртістер сияқты басқа да саланың мамандарын іздестіруге тура келген болатын. Осы тұста Елбасы өте оң шешім қабылдап, шетелде жүрген қазақстандық кәсіби шеберлерді елге шақыртты. Мысалы, би өнеріне ерекше ден қойып, Қытайдан Шұғыла Сапарғалиқызын, бокстан Қанат Исламды, басқа да салалар бойынша білікті мамандарды елге тартты. Қазір олардың барлығы да мемлекеттік жоғары лауазымдарда қызмет жасауда.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы идеологиялық жаңаруды алға қойып, оның негізгі төрт бағытын айқындап алды. Ұлтаралық келісім, ішкі ұлттық бірлік, қазақстандық қоғамды жаңғырту идеологиясы, діни төзімділік пен дін ұстанушылар бостандығының қажеттілігі сынды басты бағыттар бойынша жұмыстар атқарылды. Ел дамуының осындай жолдарында Мемлекет басшысының көрегенділігі, сарабдал саясатының арқасында бұл бағыттар еш сыннан сүрінбей өтті. Одан кейін де елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайының өркендеуінде бірнеше бағдарламалар ұсынылып, әрқайсысы Мемлекет басшысының тікелей басшылығымен жүзеге асып жатқанын да ауыз толтырып айтамыз. Және жасалған әр іске мақтанышпен қараймыз.
Осы орайда Елбасының өткен жылы ұсынған «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламасы көптің көңілінен шығып, жалпыхалықтық қолдау тапты. Президент бұл бағдарламасында еңбек ету – қоғамдық фармацияның дамуы екенін атап көрсетті. Елбасының «қанша жыл өтсе де еңбек мектебін ұмыту мүмкін емес» деп атап көрсетуі ойға ой қосқандай болды. Осы орайда әсіресе зейнет жасына шыққан ардагерлердің де еңбекке құлшынысы артуын ерекше атағым келеді. Оларды жұмыстан шығармай, лауазымын ғана ауыстырып, өзіне икемді басқа бір қызметке орналастыру – өте құптарлық жағдай. Дәлірек айтқанда, зейнет жасына таяғанда маман жұмыс орнында қалу үшін қандайма болмасын курстан өтіп, кейін қызметте қалдырылуына мүмкіндік жасалды.
Міне, бүгінге дейін Елбасының ұсынған бағдарламаларын жүзеге асыруда елде келелі істер қолға алынып келеді. Осылай елдің экономикалық-әлеуметтік дамуында жасалып жатқан өркенді істер Мемлекет басшысының көрегенділігінің арқасы екенін тағы да қайталап айтсам артық емес.
Президенттің дара туған көшбасшылық қасиеттерін мен онымен осылайша бетпе-бет кездесулер барысында айқын аңғардым.
Нұрсұлтан Әбішұлымен ол Атырау облысына сапарлап келген кезінде де талай рет кездесіп жүрмін. Осыдан үш жыл бұрын Атырау өңіріне іссапары барысында бір кездесуде қазір өмірден озып кеткен Оңайбай Көшековті көріп, «Оңеке, жағдайыңыз қалай?» деп танып, амандық-саулық біліп, сұрасып жатқанына куә болдық. Мұның бәрі оның асқан қарапайымдылығын, жан-жақтылығын көрсетеді. Бұл кездесулер менің жадымда мәңгілік тарихи оқиға болып қала береді.
Иә, Президент туралы әлі де көп нәрсе айтуға болады. Өскелең ұрпақ Елбасын идеал тұтып, оның әр бастамасына қолдау көрсетіп жетілсе, болашағымыз жарқын боларына сенімім мол.
Қатимолла РИЗУАНОВ,
облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы.